Аон Бенфилда орталығы өткен жылдың сәуір айында әлемде орын алатын ірі табиғи апаттардың тізімін жариялады. Онда Непалдағы жойқын зілзаладан басқа, Сібірдегі орман өрті, Қытайдағы шамадан тыс аяз, Кальбук пен Чилидегі атқылаған жанартау, Бразилия мен Ауғанстандағы көшкін және Қазақстандағы су тасқыны енген. Мамандар аталған орталықтың биылғы тізіміне еліміздегі табиғи апат тағы да ілінуі мүмкін деп отыр.
Биыл сәуір айының басында төтенше жағдайлар басқармасының мамандары еліміздегі тасқынға байланысты арнайы рейд ұйымдастырып, қауіпті аймақтарды аралап қайтты. Олар тұрғындармен кездесіп, төтенше жағдайдың алғашқы шарттары мен ережелерін, қауіптің алдын алу жайын бүкпесіз баяндады.
Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың мамандары жыл басында көктем кезінде су жырып кетеді деген жерлерді бір шолып шыққан болатын. Олар қалың қар ерісе, су басу қаупі туатынын біліп, дамбы көтеріп, бөгеттерді бекітіп, жолдарды жөндеуден өткізген-ді.
Осы жылдың 7 сәуірінде Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары М.Қатпанов тыныштық бермеген тасқын судың мәселесімен Шет ауданына атбасын тіреді. Жұмыс сапары барысында Қошқарбай, Красная поляна, Қарамұрын разъезі секілді елді мекендерде су тасқыны жағдайы пысықталып, «Красная поляна» және «Тұматай» су қоймаларының жағдайлары тексерілді.
6 сәуір күні сағат 20:15-те Шет ауданында Нұраталды ауылдық округінің Қошқарбай ауылында Талды өзені суының көтерілуі салдарынан 5 тұрғын үйдің және ауыл шетінде орналасқан аулаларды су басу қаупі орын алды.
Бұл уақытта Шығыс Қазақстан құтқару бөлімшелері де су тасқынына дайындықтарын жасады. Барлық өзендердің ашылғанына және су деңгейі тиісті мөлшерден аспағанына қарамастан, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары апатты жағдайдың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүргізді. Сол кезде мамандар тау бөгеттерінде қар ери бастағанда, аймақта екінші рет су тасқыны болуы мүмкіндігін айтты. Қауіп Зырян, Көкпекті және Бесқарағай аудандарында болды.
Өзендерді бақылау шаралары жерден ғана емес, әуеден де жүргізілді. Ғарыш мониторингісінен бөлек, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің әуе бөлімшелері тарапынан Бұқтырма өзеніне және оның ағындарына тексеру жүргізілді. Мамандардың айтуынша, бұл үлкен қауіп төндіріп отыр. Аспаннан жүргізілген тексеру жұмыстары нәтижесінде арналар ашық, кептелістер жоқ екені анықталды. Жалпы, су тасқыны жағдайы бір қалыпты болды.
Осы жылы Қостанай облысында да су тасқыны жағдайы орын алды. Осыған орай Қостанай, Рудный қалалары мен Сарыкөл, Таран аудандарында су тасқыны салдарын жоюға бағытталған апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Құтқарушылар егіс алқаптарынан еріген қар суларының күшін тежейтін «Таулы ор» су жіберу құрылыстарының қорғандарын нығайтты. Құм мен инертті материалы бар 8000 дана қап әкелінді. Қостанай қаласындағы Дружба кентінде еріген қар суының деңгейін бақылайтын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күзет орындары қойылды. Ақпарат сағат сайын су тасқынының алдын алу штабына жіберіліп отырады. Қалаларда және аудан орталықтарында су тасқынының алдын алу штабтары, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдары және мердігер мекемелер 24 сағат бойы жұмыс істеді.
Ертесіне Қостанай облысында ахуал күшейе түскеніне байланысты және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару жасақтары аймақтағы қауіпті жерлерге бет алды. Қазіргі таңда құтқарушылар мен қажетті құрал-жабдықтар көмегімен Қостанай қаласы, Алтынсарин ауданындағы Ұзынкөл, Сарыкөл, Свердловка кенттерінде еріген қар суларын тарту жұмыстары жүрізілуде. Сондай-ақ, құтқарушылар қала айналасындағы бөгетті қаптармен нығайту шараларын күшейтті.
Астана қаласындағы халықаралық әуежай аймағын су алу мәселелері бойынша жиналған төтенше жағдайлар мамандары елордалықтарды мазасыздандырды. Алайда, Майбалық көліндегі су деңгейі бірқалыпты екені анықталды. Осы орайда халықаралық аэропорттың ұшу алаңын су алу қаупі жоқ екені айтылды. Оның маңына жиналған су еріген қар мен мол жауын-шашынның суы екені белгілі болды.
Қазіргі таңда Астана қаласы мен Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті және әуежай қызметкерлері су деңгейіне мониторинг жүргізуде. Айта кетейік, су тасқыны қаупі бар аймақтарда барлық алдын алу шаралары бүгінгі күні үздіксіз жасалып жатыр.
Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар бойынша комитеті хабарлағандай, «Қазақстанның 5 облысындағы 6 қала мен 19 аудандағы 43 елді мекен су астында қалды. Табиғаттың тосын мінезінің салдарынан 513 үйді су басты, тағы 201 үйге қарғын судың басып қалу қаупі туды. Ұзындығы 20,674 шақырымды құрайтын 109 автожолдар мен 2 көпірді су шайды, бүгінде 115 аумақ қалыпқа келтірілді». Сонымен қатар, апатты аймақтардан 961 адам көшіріліп, 17 адам құтқарылды. Қазіргі таңда 464 тұрғын өз үйлеріне қайтарылды. Ал, 468 адам туған-туыстарының үйлеріне жайғасты және 29 көшіру бекеттерінде орналасты. Апатты аймақтарда 34 274 метр уақытша қорғаныс бөгеттері бой көтерді, инертті материалы бар 116 769 қап қойылып, 736 498,62 шаршы метр еріген қар сулары тартылды.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан».