Ғарыш саласын меңгеріп 3 бірдей қазақ ғарышкерінің зеңгір көкке көтерілуі тәуелсіз Қазақстанның 25 жыл ішіндегі үлкен жетістіктерінің бірі. Әлбетте, ғарышкер болуды армандамайтын бала жоқ шығар? Ал, ол үшін білімді, зерек, күш-қайраты мол азамат болып өсулері қажет. Таяуда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Халықаралық ғарышкерлер күніне орай «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде өткен «Тәуелсіздіктің таң нұрына бөленген қанатты қазақтар» атты мәдени іс-шарада бақытты балғындар өз өнерлерімен бөлісті. Бұл маңызды шараны аталмыш кешен қызметкерлері мен Астана қалалық Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі бірлесіп ұйымдастырғанын айту ләзім.
Мерекелік шараның шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйлеген «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің директоры Алма Алтыбаева кішкентай өрендерге қарап: «Ғарышқа кез келген адамды ұшыра бермейді. Сол үшін сабақты жақсы оқып, тәртіпті бала болыңдар. Тоқтар, Талғат, Айдын ағаларың сияқты, Қазақстанның бетке ұстар батыр, қаһарман азаматтары болуларыңа тілектеспіз», – деді ағынан жарылып.
Сонымен қоса, жас өркендер алдында физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының доценті Әбдіқұл Ашуров, «Астана мәдениеті», «ИКОМ Қазақстан» журналдарының бас редакторы Қуандық Шамахайұлы, Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұраш Искакова және басқалар ғарышқа қатысты ғибратты әңгімелер айтты.
Сондай-ақ, тақырып шеңберінде «Не себепті ғарыш айлағы Байқоңырға салынған?», «Ғарыш алаңын салу үшін қандай шарттарды негізге алу керек?», «Ғарыш қандай әлем?» деген сынды қызықты сауалдар бала қиялындағы шабытты кеңістік әлеміне ұштап, шарықтатып жібергендей болды. Шарада Байқоңыр ғарыш айлағы мен қазақ ғарышкерлері туралы бейнетаспалар көрсетіліп, слайдтар қорғалды. Ғарышкерлер күніне орай көрме де ұйымдастырылған екен. Өнерлі өрендер осы тақырыпқа сай өз шығармаларын ұсынып, патриоттық тақырыпта әндер шырқады.
Жиын соңында осы іс-шараға белсене атсалысқан оқушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ.
Қазақтың ғарышкерлері