Ақпан айының соңында республикалық неміс театрының сахнасында жаңа спектакльдің тұсауы кесілді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жаңаша формада ұсынылған «Рух» – «На земле» атты эксперименттік спектакль-лекция қойылымының авторлары драматург Әннәс Бағдат пен режиссер Есләм Нұртазин. Екі жас суреткердің бірге жасаған шығармашылық ізденісі нәтижесінде неміс театрының репертуарына енген спектакль қазақтың жері, елі, халқының рухы, тарихы жайлы сыр шертеді.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап қойған неміс театрының спектакль-лекциясы өткен жылы басталған мерейтойлық іс-шаралардың жалғасына айналған. Халықтың басынан өткен тарих белестерін бүгінгі ұрпақ санасына құю, сахна өнері арқылы көркемдеп беру ресми белгіленген бір жыл аясымен шектеліп қалмағанын көреміз. Ойшыл, ақын Шәкәрім атамыздың «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлең жолдарын өзгертіп айтар болсақ, «Бұл тойдың бұрынғыдан өзгерек» болған жайы тағы бар. Ол қандай өзгешелік десек, алдымен, еліміз тарихындағы ерекше датаны атап өтуге театрдың жауапкершілікпен келуі. Жыл басында барлық мемлекеттік ұжымдарға «Атап өтілсін!» деп жоғарыдан түсірілген ресми пәрменге сарт еткізіп «Өткіздік!» деп қалқан боларлық кезекті жауап беруден ада, көрермендерге және репертуарға азық болатын туынды қойған. Екіншіден, қойылымның осы тақырыптағы алдыңғы спектакльдерден өзгешелігі, жанрының спектакль-лекция үлгісінде болып келуі. Үшіншіден, бүгінгі шығармашыл жастарымыздың жаңа эксперименттік бағыттағы бет алысына назар аудартуы.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бірнеше төңкерістер дүмпуіне шыдас бермей құлаған Ресей империясының қиындысынан қазақ халқына тиесілі еншісін алып қалуға үлкен еңбек сіңірді. Жер бөлісі басталған сол бір аумалы-төкпелі кезеңде ол бас болған «Алаш» партиясы ұстанған бес түрлі тұжырымның бірінші ұстанымында «Жер, жер және жер. Өйткені, жерсіз Отан жоқ, жерсіз адам жоқ, жерсіз мемлекет бола алмайды», – деп жазып, нақтылы атқарған істері арқасында осыншама ұлан-ғайыр жерге иелік еттік. Осы жерде өстік, өндік, шабылдық, шаптық, құладық, қайтадан бой түзедік... Осылай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ өзінің бабалардан аманатқа алып қалған кең байтақ жерінде көк Туын желбіретіп ширек ғасыр егемендігін баянды ету жолында еңбектенуде. Сол бір есте жоқ ескі заманнан аңызға айналып ұрпақ жадында ұмытылмастай болып сақталып қалған оқиғалар легі Тәуелсіздігіміздің оңайлықпен келмегенін еске салады. Жаңа спектакль осыған меңзейді.
Жас драматург Ә.Бағдаттың пьесасы бойынша қойылған аталмыш спектакль Қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, төл тарихымыз арқылы жас ұрпақ санасын оятып, рухтандыратын заманауи туынды болған. Өткеніміз бен бүгініміз арасындағы байланыс тамырын таратып, жас ұрпақ бойындағы отансүйгіштік сезімін оятатын қойылым жасауда режиссер Е.Нұртазин спектакльдің формасын таба алған. Таңдап алынған үш мың жылдық кезеңнің бір сағаттық қойылымға енуі, жанр аясының ауқымдылығын әрі сыйымдылығын көрсетеді. Мұнда таза драматургтың мәтіні, режиссердің қойылымы, хореографтың биі, суретшінің декорациясына арнайы тоқталар мәселелер бар, десек те, жекелеген компоненттерінен гөрі тұтастай алғанда бәрі түпкі нәтижеге қызмет етіп тұрғанын баса айтқан жөн. Соның бәрі бір арнаға құйылған ұжымдық жұмыстың қорытындысы болған.
Шартты түрде 7 бөліктен тұратын спектакль-лекция бас-аяғы бір сағаттың ішінде бір деммен өтеді. Оқиға ауысулары спектакль барысының ырғақтық желісін бәсеңдетпейді. Сахнаның бірнеше жерінен қойылған жарық беретін құрал – прожекторлар спектакльдің сыртқы жарық партитурасын ең қарапайым жолмен жүзеге асырады. Әр оқиғаның көңіл-күй атмосферасына сай барынша құбылтып әдемі көрсетуге болатын жарық пен түрлі-түсті бояулардың мол мүмкіндіктерінен әдейі бас тартқан. Спектакльді құрайтын компоненттер осындай шектеулермен ортақ, негізгі ой-идея төңірегіне топтастырылған.
Спектакль прологтан басталады. Оған ақын, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің кең тыныс, шалқар шабытпен жазылған, тыңдарманын ерекше сезімдерге жетелейтін өлең жолдары алыныпты.
«... Түйсінуге туған жердің кеңдігін,
Сезінуге бабалардың ерлігін,
Сыр қылуға қошқыл иісін жусанның,
Жыр қылуға мұзарт шыңның өрлігін,
Шарлау керек тауын, қырын, бөктерін,
Көру керек жазын, қысын, көктемін
Туған жердің!» – деген уытты өлең жолдары көрерменді оқиғаның мән-жайына енгізіп, еліміз бен жеріміздің тарихына сапар шегуге дайындайды. Бірақ, осы мәтінді оқудағы актрисаның салғырт көңіл-күйі, бірсыдырғы монотондылығы қойылымның негізгі ой-идеясын көрерменге жеткізе алмай жатқан секілді. Мұндай сөздің айтылуына, ой тұтастығының залға жетуіне әлі де болса назар аударған жөн. Актриса бұл мәтінді басқа сахна кеңістігінде, көп қауымды оқушы-жастар алдында орындауда режиссерлік ұстанымына азды-көпті өзгерістер енгізетін болар.
Тарихи жанрды сахнаға алып шығу театрдан көп шығармашылық ізденіс, күш-жігер мен материалдық шығынды қажет етеді. Ол – актер-орындаушылық құрамы жеткілікті, тұрақты сахналық алаңы мен мүмкіндігі бар республикалық театрлардың өзі он ойланып барып кірісетін салмақты да жауапты іс. Өзінің тұрақты сахнасы жоқ, республикалық неміс театрының шағын шығармашылық ұжымының көшіп-қонып жүріп жасаған жұмысынан материалға ұтымды көзқараспен келгендігін көреміз. Спектакльді заманауи көзқарастағы ізденістермен түзіп, шартты сахналық үлгіде беруге тырысқан.
Театрдың спектакль жайлы жариялаған түйіндемесінде «Рух» формасы – инновациялық қойылым» деген тұжырым жасапты. Ол қойылым қаншалықты жаңалықпен (жаңашылдықпен) жасалған және қазақтың көне тарихын әріден қопарған сахналық қойылымның қай тұсынан инновациялық шешімдерді көреміз? Иә, спектакль есте жоқ ерте замандағы Қазақстан жерінде, елді мекендерінде болып өткен дүбірлі оқиғалар легінен баяндауға құрылған. Көшпенділер өркениетінің әлем тарихына тасқа қашап жазылып қалған жеңісті сәттері мен өзара алауыздық пен сыртқы жаулардың жымысқы саясаты нәтижесінде ойсырай жеңілісінен тұратын сахналық суреттер бірнеше жүздеген жылдарды қамтып, қарыштап алға жылжиды. Оқиғалар жібі бір ізбен он, жүз, мыңжылдықтар арасында тоқтаусыз, үзіліссіз көрерменнің көз алдынан тоқтаусыз, жарық сәулесінің жылдамдығымен дамиды. Онда жиып-терген малын, ең қымбат саналатын өзінің жанын ары үшін садаға еткен мәрт мінезді көшпенді қазақтың рухы мен болмысы баяндалатын қазақ тарихының бел-белестері іс-әрекет, оқиғалар легі, көңіл күй атмосферасы сахнада сөзбен емес, пластикалық би қимылдарымен өрнектеледі.
Суретші Әйгерім Бекмұхамбетова спектакльді мейлінше аз бұйымдармен сараң безендіру жолын ұстанған. Бар декорация мен бутафория – сахна төрінде көшпелі өмір салтының белгісі киіз үйдің керегесіне ұқсатып қойылған декорация жұрнағы, оған ілінген саналуы бұйымдар. Бүгінгі театр эстетикасында кең қолданысқа енген минимализм қағидаттары қойылымда кеңінен көрініс береді. Жаугершілік заманның мықты қаруы ретінде найза орнына қолданылатын таяқшалар соғыс сахналарында белсенді қолданылады.
Пьесада әр кезеңнің есте қаларлық оқиғаларын халыққа, ұрпаққа жеткізуші, жырлаушы Абыз, Жырау, Ақын секілді кейіпкерлер бар. Дәстүрлі қазақ театрлары сахнасында әппақ қудай сақалы беліне түскен, қолында домбырасы не қобызымен жиі кездесетін кейіпкерлер. Бұл қойылымда аталмыш кейіпкерлер ешқандай айрықша белгісі жоқ, топтан шығып кезекті оқиғаны баяндайтын жүргізуші ретінде көрінеді де, әр оқиға көшін өзіндік көңіл күй ырғағында алға жетелейді.
Бұл лекцияда оқытушы рөліндегі театр және оның актерлері әртүрлі тарихи кейіпкерлердің батырлық істерін, аңызға айналған жеңістерін баяндауда «педагогикалық шеберліктерімен» көріне білді. Мұнда мыжылған қалың дәптерге бұдан бірнеше ондаған жылдар бұрын жазып алған лекциясын «монотонды» оқитын оқытушы жоқ. Оған спектакльде бір қалыпты көңіл күй де, бір ырғақтағы қызықсыз баяндаулардың да болмауы себеп. Әртүрлі дәуір мен кезеңде өмір сүріп, уақыт қатпарында жатқан, тарихтың алып дөңгелегін қозғалысқа түсіріп, айналдыра алған, бойында қажыр-қайраты мол ерекше тұлғалар жайлы лекция бір сарындас болып өтуі мүмкін емес болатын. Ойының осы стихиясын сезінген актерлер сахнадан өздері түйсінген тарих тағылымын өзгелерге барынша түсінікті, әсерлі етіп беруге күш салды. Режиссердің спектакльге ұсынған сахнадағы ойын шартын қабылдаған актерлердің орындауында салқынқандылық, қызу сезімді ауыздықтап ұстау секілді салқын баяндау әдістері айқын көрінеді. Кей тұстарда бұл баяндауды азсынып, актер сөздің, сезім пернелерінің тақымын қысып қойса да артықтық етпес еді-ау деген ойға кетіп отырдық. Сахнада өнер көрсеткен Күлбану Әшімова, Александр Дар, Тимур Бонданк, Ксения Мукштадт, Толгонай Бейсембаева, Галина Табала, Акыл Чолпонбаев, Юлия Тейфель, Мирас Исаев, Родион Янцен бір адамдай жұмыла жұмыс істеп, спектакльдегі негізгі айтпақ ой-тұжырымды барынша ашуға күш салды. Топ ішінен жарып шығып Тұмар ханым, Мөде, Кетбұқа секілді жекелеген тұлғалар кейпіне енетін актерлер ойыны әсерлі шыққан. Көпшілік сахналардағы топтық пластикалық іс-қимылдар болатын не болып өткен оқиға атмосферасын орнымен дөп басып, ерекше бояулармен, қызуқанды көрсете алуы қойылымның сөзсіз табысы. Сонымен бірге, спектакльде алдымен Абызды, кейінірек Еділ патшаны орындаған актердің сылбыр қимыл-әрекеті, ауыз толтырып айтар сөздері мен арқалы іс-қимылын жігерсіз, босаң орындауы әлі де болса актердің образбен жұмыс жасау керектігіне меңзейді.
Шығармашылық құрам спектакльде заманауи театрдың амал-тәсілдері: хореография, пластика, музыка, жарық құралдары нақтылы өлшеммен көрініс берген. Ежелгі сақтар дәуірінен бастап Жоңғар шапқыншылығына дейінгі кезеңдер көрерменге қазақ халқының тарихы мен тағдырын көрнекті етіп, оның ата мекені – жер үшін, еркіндік және тәуелсіздік үшін күресін, мемлекет және ұлт ретінде қалыптасу жолына шолу орындаушылар тарапынан аз мөлшерде сөзбен, басым бөлігінде би мен пластика тілінде беріледі.
Режиссер-хореограф Әсел Абақаева, сахна сайысын қоюшы Мақсат Рахметтің жұмыстары спектакльдің көркемдік тұтастығын айқындап тұр. Тарих толқынындағы ұрпаққа талғажау болатын түйінді тұстарды орындаушылар пластикалық би қимылдарымен береді. Қойылымдағы оқиға желісі музыка сүйемеліндегі бидің динамикалық даму әрекетімен тоқтаусыз алға сүйреп отырады. Труппа актерлері кәсіби бишілер болмаса да, көрерменнің сезім пернелерін дөп басуға әрекет етеді. Әртүрлі оқиғаны баяндау желісі топтық дене пластикасының еркіне беріледі. Қазақ халқының басынан кешкен ауыр кезеңдерді бейнелейтін көріністер, жан дүниенің ауыр азабын, Жерананың қоса қиналысын театр актерлерінің жасаған пластикалық іс әрекеттерінен анық оқимыз. Шағын сахна кеңістігіндегі төрт бұрышты жұмсақ төсеніште өтетін оқиғада қылыш, қалқан, сауыт-сайманның шуылы мен арсыл-гүрсіл болып жататын шудан ада. Тұмар патшайым, сақ сарбазы Ширак, сақ ханы Иданфирс, парсы патшасы Дарий, Мөде, Еділ патша, Тоныкөк, Күлтегін, Кетбұқа, Бейбарыс сұлтандардың ерліктері, аңызға айналған ерлік істері, мұңы мен зары, жеңісті күндерімен осы кеңістіктен толайым шынайылықпен паш етіледі.
Спектаклдің алғашқы қойылымдарын Қ.Қожамьяров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық комедиялы театрында, кейін, өздерінің уақытша паналап отырған «Тengri Umai» заманауи өнер галереясында театр сахнасында тамашалап, екі түрлі әсерде болдық. Екі театр сахнасында да орындаушылар барын салғанымен, екі түрлі нәтиже берді. Айта кетер жайт, сахнаның көрермен залымен ара қашықтығына байланысты қабылдау әсері де өзгеріп отырды. Шағын аудиторияға арналған, көрерменнің көз алдында ойнауына ыңғайлап қойылған спектакль ерекше әсер мен тартымдылыққа ие. Орындаушылардан бөлінетін энергетика, көрермендерге жіберетін сезім толқындарының әсері де ерекше сезілді. Арнайы қойылған сахнасынан тыс жерде қойылым өзінің көрерменге берер эмоционалды әсерін жоғалтады. Сондықтан, әр сахна мен көрермен залының ерекшелігіне сай актерлер орындау мәнеріне өзгеше соны бояулар қосып отыруы қажет екен-ау деп ойладық.
Спектакль жастарға арналған. Театр сол топқа жататын көреремендермен жұмыс істеуде. Орыс тілді көрермендер залда болатынына сенім мол. Ал қазақ тілді көрерменді тауып, оны залға шақыру қиындау мәселеге айналуда. Бұл қойылымның қазақ тілді қалың көрерменді де толық қамтығанын қалар едік. Қазақ мектептері мен колледждері орыс тілінде жүретін спектакльге сүйресе де баспайды. Айтар уәжі, балалар түсінбейді, сұраныс жоқ. Сондықтан, театр әкімшілігі осы мәселеде табандылық танытып, қалыптасқан көзқарасты өзгертуге әрекет жасағаны жөн.
Осы спектакльді көре отырып авторлардың айтар ойы мен меңзегенінен халқының болашағын алыстан көре білген ел ағаларының ұрпаққа тастап кеткен аманатын көргендей боламыз. Олар сол аманатқа берік, кең-байтақ жерін сүйетін, қадіріне жететін ұрпақ болып өсер болса, тәуелсіздік туын баянды ете алса, сол бүгінгі біздің ұрпақтың басты мұраты. Осы жолда елі мен жерінің жоғын жоқтаған, аттары аңызға айналған батырлары мен бағландардың әрбірі жеке спектакль болуға лайық тұлғалар. Олар туралы қойылымдар келешектің үлесінде. Спектакль финалында Мағжан Жұмабаевтың:
«Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам...» – деп басталатын жалынды жыр жолдарымен Ана әлдиіне ұласатын сахна әсерлі шыққан. Табиғат-ананың төл балалары – көшпенділер Жер-ананың бесік жырымен сахна тереңіне бірте-бірте сіңіп ғайып болады. Бұл кету осы өлеңнің соңғы екі жолындағы:
«Күн шығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен пайғамбар – Күн ұлы...» деген ойды, тарих қойнауына кеткен кешегі ұрпақтың бүгінін, қазақтың тәуелсіз ел болып қайта тууын меңзегендей. Қазақ халқының өз жерінің төріне Тәуелсіздік туын осыдан ширек ғасыр бұрын тігіп, үш мың жылдық тарихында: Сақтың, Ғұнның, Көк Тәңірлі Түркінің, Алаштың рухымен суарылған Жер-ана қалай мәңгілік болса, Ұлы Даланың топырағына сіңген бабалар рухы да сондайлық мәңгілік екендігін таныта алған жаңа қойылымда Ел мен Жердің бүгінгі ұрпақ көріп-біліп, мақтанышы боларлық шетсіз, шексіз тарихы жатыр. Спектакльге келген әрбір көрермен өзінің тарихын Жер-анасының бауырына сіңген рухымен суаратын болса, келешегіміздің жарқын боларына сенім мол. Ұлы Даланың өшпес рухының тағылымы да осында.
Аманкелді Мұқан
АЛМАТЫ