13-14 сәуір күндері Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 11-ші кездесуі болып өтті. Кездесуге Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев қатысты.
ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік саласындағы жағдай туралы пікір алмасулар өтіп, терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымымен күресте өзара іс-қимылдарды жетілдірудің тетіктері, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыспен күрес жайы жан-жақты талқыланды.
Қазақстан делегациясының басшысы кездесуге қатысушыларды біздің мемлекетіміз тарапынан ШЫҰ желісі бойынша аталған бағыттарда қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен екіжақты ықпалдастық шеңберінде қабылданып жатқан іс-шаралар туралы құлағдар етті.
Делегациялар басшылары Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов тарапынан қабылдауда болды.
Сондай-ақ, Ташкентте Н.Ермекбаевтың Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы В.Махмұдовпен, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі – Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрі Го Шэнкунмен келіссөздері өтті.
Аталған кездесулер барысында тараптар қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдың нақты мәселелерін талқылады.
Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуінде үстіміздегі жылдың 23-24 маусымында Ташкент қаласында болатын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мәжілісіне материалдар дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Егемен-ақпарат»