Ізгілікке із ашар батыл қадам
«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – жаңа мыңжылдықта өмір сүретіндер үшін шынайы алаңдаушылықтан туындаған бағдарламалық құжат. Адам, жауапкершілікті саясаткер және мемлекет қайраткері ретінде Қазақстан Президенті тек адамзаттың болашағы үшін ғана алаңдамайды. Бағдарламалық манифесінде Нұрсұлтан Назарбаев әскерилерге, террорлық және экономикалық тәуекелдерге кім қарсы тұра алса, міне, соларды сындарлы үнқатысуға, саяси сабыр мен ақыл-парасатқа шақырады. ХХІ ғасырдағы шешуші мәселе – бүкіл әлемдегі бейбітшілік, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы. Үкіметтер мен саясаткерлердің күш-жігері әлемнің қай бұрышында да ғалымдар, бизнесмендер, Жер планетасындағы миллиондаған адамдар тарапынан қолдау табуы тиіс. Сондай-ақ, бұл үдерістен өнер адамдары да тысқары қалмауы керек. Өнер қайраткерлері өздерінің озық туындыларында гуманизм, бейбітшілік пен тыныштық, өзара түсіністік бастауларын көрсетсе қандай ғанибет. Сонда адамдардың бойында адамгершілік қасиеттер оянар еді. Сонда адамдар өз балаларын еш алаңсыз өсіріп, жетілдірудің бақытына ие болар еді. Өнер де бейбітшіліктен арна тартып, қиратып бүлдіруге қарсы тұруы, адамдардың жүрегіне ізгіліктің ұрығын себуі тиіс. Мәдениет пен саясат, өнер мен қоғам өзара тығыз байланыста, олар қашанда бір-бірін өзара толықтырып тұрады. Олардың өзара қарым-қатынастары музыкадағы аккорд тәрізді. Музыкалық дыбыс үйлесімі дауыстардың дұрыс сәйкестігіне тікелей байланысты. Мемлекеттегі үйлесімділік те билік пен қоғамның, экономика мен саясаттың, өнер мен мәдениеттің аса озық қарым-қатынасы негізінде қалыптасады. Өзінің жеке тағдыры мен елінің тағдырын ажырағысыз біріктірген мемлекет көшбасшылары парасаттылықтың ең жоғары сезімін иленулері тиіс. Сөз ретінде, мұндай қасиеттердің музыканттарға да аса қажет екенін атап көрсеткен артықтық етпейді. Мәселен, дирижер туындының терең мағынасын оркестранттарға қарағанда айқын сезініп, оның не айтайын дегенін біледі. Ал бұл аралықта әр орындаушы тек өз партиясымен ғана жұмыс істейді. Бірақ олар ұлы туындының ұлы идеясын жан-тәнімен бірдей сезініп, жүректерге жеткізе алған жағдайда арада жамандықты жеңіп, қиратып-бүлдіруді тоқтатуға, ізгіліктің атын оздыруға қабілетті үйлесім пайда болады. Біз қоғамда гуманистік бағдарларды сақтап, таяу болашақта түрлі тәуекелдерге қарсы тұра аламыз ба? Бұл, әрине, әрқайсымыздың Елбасымыздың бітімгершілік бастамалары негізінде бейбітшілікте, өзара түсіністікте жұмыс істеп, өмір сүруге деген ұмтылысымызға тікелей тәуелді. Нұрсұлтан Әбішұлының жоғары гуманистік дауысын қазірдің өзінде халықаралық қоғамдастық естіп қана қоймай, жоғары бағалап үлгерді. Өйткені, Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін иеленіп отыр. Мұның мақсаттылығы барлық қазақстандыққа түсінікті. Және гуманистік құндылықтар бекітіліп, біз үшін ізгіліктің дәуірін ашу мүмкіндігі туған сәтте Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының болашағы жарқын екені айқындала түседі. Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Қазақстанның Еңбек Ері АСТАНАТепе-теңдікте тербелейік
Қазіргі кезде бір кездері тұтас бір жүйе құрап келген орнықты әлемдік тәртіптің бұзыла бастағанының белгілерін анық байқауға болады. Бұл, әсіресе, халықаралық қатынастардағы әлеуметтік ортаның бұзыла бастағанынан аңғарылады. Егер Вестфаль, Вена, Версаль жүйелері қандай да бір түсінікке сәйкес келіп, оларды түсіндіруге және болжауға болатын болса, қазіргі халықаралық қатынастардың құрылымы өзінің тепе-теңдігін жоғалтып, қарым-қатынастардың қатер төндіретін үзілді-кесілді қарсылық ұстанымдарын қабылдағандай. Бүгінде талап ету, санкциялар, күш көрсету мен қоқан-лоқы жасау секілді дәстүрлі емес тәсілдер, халықаралық дипломатияның әдеттегі сөйлесу тіліне айналды. Өзара қарым-қатынастың мұндай сипаты мемлекет тұрмақ, адамдардың өзін ешқашан жақындастыра алған емес. Қазіргі дүниедегі қарама-қайшылықтар көп жағдайда бейбіт тұрғындардың өліміне алып келетін қатал күреспен шешіліп жатыр. Ядролық сынақтар әлі де болса жалғасып, жекелеген елдердің көшбасшылары өздерінің кеудемсоқтықтары арқылы жаһандық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Әлемдік және жекелеген елдер арасындағы соғыстар тәжірибесі көрсетіп отырғандай, белгілі бір деңгейде қарама-қайшылықтар туғызатын кез келген келіспеушіліктің ақыры үлкен соғыс өртін тұтандыруға алып келуі әбден ықтимал. Өкінішке қарай, мұндай қарама-қайшылықтар күн өткен сайын көбейе түсіп келеді. Мұның бәріне әуелде үнсіз ғана төзуге болар, бәлкім, ал кейін бәрінен де кеш қаламыз – бейбітшілікті, планетаны, яғни жер өркениетін жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Міне, Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде нақ осы мәселе қабырғасынан қойылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда қауіпсіздік жаһандық маңызға ие екенін, өйткені, жекелеген мемлекеттің, жекелеген ұлттар мен көшбасшылардың мүдделері тұрғысынан қарауға келмейтін шетін мәселе екенін нақты мысалдармен көрсетіп берді. Қазақстан басшысының кейбір бастамалары бұрын да осы көкейкесті мәселені айналып өтпейтін, бірақ олар аталған манифестегі секілді өткірлік пен тұжырымдамалыққа ие емес еді. Әлем әскери-өнеркәсіп кешеніне қаржыны еселеп ұлғайтып, қарулану үдерістерін жалғастырып жатыр. Сондықтан манифесте жаһандық қауіпсіздік жайын парасат пен ақыл тезіне салу арқылы шешу көлденең тартылып отыр. Санжар БОҚАЕВ, саяси ғылымдар докторы АСТАНАХХІ ғасырға тыныштық қажет
Нұрсұлтан Әбішұлы аталған саммитте осылай дей отырып, бүкіл адамзатты толғандырып отырған, тек қана толғандырып емес-ау, өткір ұстараның жүзінде жүргендей үрейлендіріп отырған ең шетін мәселені әр қырынан тарқатып берді. Өйткені, қазір әлемнің әр елінде дүркін-дүркін лаңкестік шабуылдар, жойқын жарылыстар мен топ-тобымен бас сауғалар тыныш мекен іздеген босқындардың шырқыраған жан дауысы естіліп жатыр. Бұған әрине, мамыражай тірлік кешіп отырған елдердің тыныштығын түлен түрткендей бұзып, сол арқылы әлемді үрейде ұстағысы келетін сыртқы күштердің әсері тигені даусыз. Оның үстіне кейбір елдердің өздерінде ядролық қарудың түр-түрін сынақтан өткізгенін, сөйтіп, адамзатқа сес көрсетуге бейім екенін танытатындары шошындырмай қоймайды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама ұсынып отыр. Мұндағы басты мақсат – күллі адамзат үшін соғыссыз әлем орнату. Шындығын айтсам, біздің елімізде де адамзаттың болашағы үшін жойқын зардабы болатын ядролық қару сынақтан өткізілетін Семей полигоны болды. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы тажал апаны саналған сол полигонды жабуға, сөйтіп, ядролық қарудан бас тартуға байланысты тарихи шешім қабылдады. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы дүниежүзінде ядролық қарудан бас тартқан бірегей мемлекеттің басшысы ретінде танылды. Рас, Елбасы бұл шешімді өзінің жеке мүддесі үшін емес, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қабылдады. Алайда, әлемнің көптеген елдерінде мұндай шешім қабылдауға асықпайтындығы ойландырады. Дегенмен, әлем елдерінің бір-бірімен қырғи-қабақ көзқараста болуының зардаптарын бейбіт тұрғындар тартатыны даусыз. Сол себептен, Нұрсұлтан Назарбаев «Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек. Әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін мына бағыттар бойынша осы кешенді негізде түзу керек», деп пайым жасады. Бұл – өте орынды және дер шағында айтылған пікір. Мұны, тіпті, жай пікір деуге де болмайды. Өйткені, қауіп-қатерге толы соғыстың болашақта қолданылатын қару түрлерінің атын атаудың өзі қорқынышты. Химиялық, биологиялық қарулардың тек нысанаға алынған нүктесін ғана емес, ең қатерлісі, жер бетіндегі тіршілік жойып жіберуге қауқарлы екендігі адамзаттың жанын түршіктіреді. Мұндай қару қолданудың құтылудың, дәлірек айтқанда, алдын алудың бірден-бір жолы – соғыссыз әлем құруға қол жеткізу. Біздің Елбасымыз тек қазақстандықтардың ғана емес, төрткіл дүниенің төрт бұрышын мекен еткен барша адамзаттың кешегі бейбіт болуын, келер ұрпақтың алаңсыз өмірін қамтамасыз етудің маңызын көтеріп отыр. Осыған байланысты өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде соғыссыз әлем құрудың қажеттігін көрсетіп берді. Елбасының «өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал», деуінің ғаламдық проблемаға азаматтық алаңдаушылығы аңғарылады. ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Дәл осылай деп әлемде бірде-бір мемлекеттің басшысының, бірде-бір қоғам және мемлекет қайраткерінің жан дауысы шыға шырылдаған жоқ, жанайқайы да естілмеді. Жаһан жұртының тыныштығы үшін, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі үшін тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеу тастауын әлемнің барша тұрғыны қолдайды. Өйткені, ХХІ ғасырда әлем жұртына тұнығы лайланбайтын тыныштық, мамыражай бейбіт өмір керек. Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты АТЫРАУБейбіт өмір – балаларымның бағы
Мен көпбалалы анамын, жеті ұл-қыз тәбиелеп өсірдім. Үлкендерім отау құрып, немере сүйгізді, мамандық алып еңбекке араласты. Әрқайсысы өз отбасын тербетіп отыр. Кіші қызымның өзі жоғары оқу орнында оқып жүр. Ешнәрседен кенде емеспіз, адал еңбек ойлаған мақсатыңа жеткізеді. Шүкірлік дейміз. Ойлап отырсам, осының барлығы да бейбіт өмірдің арқасы. Қазақ «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейді. Еңбек еткен адамның нәпақасы ылғи да табылады. Ал оқ дауысы тынбаған елдерде адамдардың маңдай тері сор, кедейшілік те, босқыншылық та сол жерде болатынын күнделікті ақпараттардан көріп, біліп отырмыз. Мемлекеттер арасындағы саяси текетірестердің соңы қару кезенуге ұласып, ана баласынан, бала әкесінен айырылып, аңырап қалып жатыр. Бейбіт өмірсіз балаларымның болашағын елестетуге қорқамын. Лаңкестік жарылыстардан жазықсыз адамдар өліп, мүгедек болып қалғандар қаншама? Осының барлығы да адамзат өркениеті толысқан ХХІ ғасыр үшін ақылға сыйымсыз көрініс болып тұрғаны аян. Нұрсұлтан Назарбаев манифесінде «Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқымдағы қасіретке айналуы мүмкін», деді. Ғылымның даму жетістіктері бейбіт өмірге емес, өлім себелейтін ядролық қару-жараққа жұмсалса, жаһандық өлшемдегі жұдырықтай жердің – Жер-Ананың да шыдамы шексіз болмауы мүмкін. Дүниежүзіндегі халықаралық қатынаста өзгелерге өктемдік танытуды, кейбір мемлекеттердің жанжалға ерік беруін әлем халқы алақандағыдай көріп отыр. Біздің дана халқымызда сөзге тоқтау ең жақсы қасиеттің, тектіліктің, ізгіліктің нышаны болып табылады. Соғыс қаупі өзге планеталардан төніп тұрған жоқ қой. Ядролық қаруды өндіріп, сынап жатқан да, мемлекетті, әскери блоктарды, ұйымдарды басқарып отырған да адамдар. Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді халықаралық ұйымдар тарапынан ұсынылған ядролық қауіпсіздік, қарулануға қарсы, халықаралық жағдайларды реттеу жөніндегі пәтуалаған шарттар мен құжаттардың кейбір мемлекеттер тарапынан жүре тыңдалатыны да байқалады. Олар адамзат алдындағы жаһандық жауапкершілікті сезінсе екен деп ойлаймын. Мен саясаткер емеспін. Бірақ көкірегі ашық, көзі қарақты жанның барлығы да бүгінгі лаңкестік пен соғыс қаупінің күшейгенін, Елбасымыздың бейбітшілік қазығының босаңсымауы үшін атсалысып жүрген қажырлы еңбегін біліп те, бағалап та отыр. Ананың барлығы да алдымен тыныштықты тілейді. Қазекемнен сөз қалған ба, «адам қайғысыз ішкен қара суға семіреді» дейді. Қаңғыған оқтың қай күні өзіне тиерін ойлаған ана мен баланың ұйқысы келе ме? Біздің еліміз осындай қайғыдан ада екеніне шүкіршілік етемін. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзінде айтылған маңызды мәселелер мен ұсыныстар, бастамалар әлем жұртшылығының көңіл төрінен орын алатынына сенімдімін. Қарлығаш БАЛАПАНОВА, «Шаңырақ-Қостанай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Алтын алқа» иегері ҚОСТАНАЙ