15 Сәуір, 2016

Есірткі. Қылмыс. Қызыл ақша

486 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің солтүстік өңірлеріне жасырын есірткі тасымалдап келген Қырғызстан, Қазақстан азаматтарынан тұратын халықаралық қылмыстық топтың 15 мүшесінің ұсталуына орай баспасөз мәслихаты болды. Онда ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес жөніндегі департамент бастығы Сұлтан Күсетов үстіміздегі жылғы 7 сәуірдегі Қостанай, Рудный, Лисаковск және Қарағанды қалаларында ауқымды шара жүргізудің барысына тоқталды. Департамент басшысы атап өткендей, көршілес Қырғызстан аумағынан героиннің ірі партиясын заңсыз жеткізумен айналысқан 36 жасар Ош тұрғыны есірткі баронының күйеу баласы екен. Криминалдық ортада «Бірінші қарлығаш» ретінде танылған ол, контрабанданың транс­ұлттық желісін құрып, Орталық Азияда есірткі таратумен айналысыпты. Осы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бұрын осындай қылмыстары үшін сотталған Қазақстан, Қырғызстан және Ресей азаматтары болған. «Оны терең және мұқият тексеру үшін ІІМ, Бас прокуратураның және ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлері құрамынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Сондай-ақ, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының ақпараттық-сараптамалық және үйлестіру мүмкіндігі қолданылды», деді Сұлтан Тұрлыұлы. Оның айтуынша, қылмыстық топ жарты жыл бұрын ішкі істер органдарының назарына іліккен. Жедел талдау нәтижесі көрсеткендей, топ мұқият жасырына біліп және әрбірінің өзіндік рөлі белгіленіп, жеке топтар өзіндік әрекеттер жасап келген. Сондықтан да ақпараттың құпиялылығы қатаң сақталынған. Және сөйлесу мен хабарласу кезінде тек шартты лебіздер мен терминдер қолданылыпты. Ал героинді жеткізу үшін тұрақты тексерілген таксис­тер мен пойыз жолсеріктері ғана тартылғаны белгілі болып отыр. Департамент басшысы бұл ретте қылмыстық топ мүшелері есірткі сақтау орындарын жасыру үшін екі ел аумағында жалдамалы пәтерлерді уақытша жалға алған және оларды әрбір он күн сайын ауыстырып отырған, дейді. Сондай-ақ, ол аталған қылмыстық топтың есірткі заттарын сатудан түскен ақшалай қаражаттарды заңдастыру арналарын ашқандығын тілге тиек етті. Оның мәліметіне қарағанда, қылмыстық істі тергеу шеңберінде соңғы екі жылда заңсыз операциялар жасау арқылы олардың 558 миллион теңге көлемінде табыс тапқаны және заңдастырғаны анықталған. Қазіргі таңда осы аралықта қылмыстық жолмен тапқан жылжымайтын мүліктерге, бизнес құрылымдарға қатысты мәліметтер тексерілуде екен. Кең ауқымды операция жүргізу барысында қылмыстық топ құрамында өзге елдердің азаматтарының болуына орай Қырғыз Үкіметінің жанындағы Есірткіні бақылау мемлекеттік қыз­метінің әріптестерімен арнайы кездесу ұйымдастырылып, өзара іс-қимыл барысы да пысықталыпты. Соның нәтижесінде ауған героинін Қазақстанға және өзге де елдерге жеткізудің халықаралық арнасы жойылып отыр. Тек ұстау кезінде қылмыскерлерден бағасы 100 млн. теңгеден астам соманы құрайтын 3 килограмм героин алынғандығын айтқан. С.Күсетов, енді халықаралық қылмыстық топтың есірткіні таратуда Қазақстан және Қырғызстан азаматтары арасында тағы 11 сыбайласына қатысты анықтау шаралары жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Жалпы, жыл басынан бері ІІМ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлім­дері есірткі саудасына қатысты 2903 қыл­мыстық фактіні анықтаған. Тарқатып айтқанда, 826 есірткі өткізудің фактісі, ал олардың контра­бандасының 48 фактісі тіркеліп отыр. Соның нәтижесінде 1 тонна 305 килограмм есірткі, соның ішінде 30,7 килограмм героин тәркіленген. Бұдан басқа да есірткі бизнесі саласындағы 6 ұйымдасқан қылмыстық топ әре­кетінің жолы кесіліп, есірткі табыс­тарын заңдастыру фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»