«Тәні саудың – жаны сау», дейді біздің жұрт. Адамзат баласы үшін тәннің саулығы бірінші кезекте тұрса керек. Өйткені, ол – деннің саулығына бастайтын бірден-бір жол. Ал денсаулығы мықтының тәнімен қоса, жаны да сау болатыны айтпаса да түсінікті.
Кейінгі жылдары Қызылорда облысында халықты спортқа тарту үшін арнайы нысандар салынып жатыр. Қыстың көзі қырауда қардың өзі қыламықтап түсетін өңірде қысқы спорт түрлерін қалай дамытуға болады? Оның бір ғана жолы бар. Мұз айдынын салу. Міне, аймақта осыдан бірнеше жыл бұрын «Мұз айдыны» сарайы салынды. Бүгінде осы жерде тәлім алған жас жеткіншектер республикалық деңгейдегі хоккей жарыстарынан жүлделі оралып жүр. Талай бала аяғына коньки байлап, мәнерлеп сырғанауды үйренуде. Мұның өзі үлкен жетістік. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында теннис орталығы салынды. Бекзада өнерді Сыр жастары да меңгеріп, тәлімін арттырып келеді. Жақында ғана Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен «Тарлан» бокс орталығы ашылды. Олимпия ойындарында бокстан бірде-бір рет қанжығасы бос қайтпаған спорт түрінен қызылордалықтардың да олжа салар күні алыс емес. Мұның сыртында ұлттық спортты дамыту мақсатында ипподром салынды. Көкпар, бәйге секілді төл өнеріміздің өркендеуіне бұл да өзіндік үлесін қоспақ.
Жалпы, облыс бойынша 2095 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1386 кешен ауылдық жерде. Былтырғы жылдың өзінде аймақта 5 спорт кешені салынды. Сөйтіп, Нағи Ілиясов ауылында стадион мен спорт кешені, Қазалы, Жаңақорған аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, Қызылорда қаласында 3000 орындық ипподром және бокс орталығы пайдалануға берілді. Ал, биыл Қызылорда қаласында Илья Ильин атындағы ауыр атлетика спорт кешенінің, ескек есу каналының құрылыстарын бастау көзделуде.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Соңғы жылдары Қызылордаңызда халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануы да артты. Оған аймақта спортпен айналысуға жасалып жатқан жағдайдың оң әсер еткені анық. Елбасы Жолдауында «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы керек» деген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда Қызылорда облысы барынша ықтияттылық танытуда. Соған сәйкес жұмыс жүйеленіп, іске асып жатыр.
Қай дүние болмасын салыстыру арқылы анықталады. 2008 жылы Қызылорда облысы бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны – 44842 адам болған екен. Яғни, жалпы тұрғындар үлесінің 7,2 пайызы ғана еді. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен болатын. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қызылордалықтардың 25,3 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданатыны, саламатты өмір салтын ұстанатыны анықталған. Жеті жылдың бедерінде мұндай нәтижеге қалай қол жетті? Әрине, ең алдымен тыңғылықты жұмыс істелді. Екіншіден, халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалды.
Бұқаралық спортты дамытудың алғы шарты не? Ол – спорттық нысандардың халыққа қолжетімді болуы дер едік. Осыған орай жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында нақты жұмыстар атқарылды.
Алдымен, облыстық бюджеттен 263 спорт нұсқаушысына қосымша штат ашып, олардың айлығы мен өзге де шығындарын өтеу үшін қаржы қарастырылды. Осы мақсатқа 2016 жылы 106,3 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражаттар өз кезегінде қала, аудан әкімдіктеріне жолданып, спорт бөлімдері конкурс жариялап, жоба аясында қоғамдық ұйымдар арқылы нұсқаушылар жұмысқа қабылданды.
Жыл сайын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қала, аудан әкімдерімен және білім басқармасымен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қояды. Нәтижесінде облыс бойынша барлық бiлiм беру ұйымдарының спорт ғимараттары, атап айтқанда, спорт залдары мен алаңдары сабақтан тыс уақытта сол елді мекен тұрғындары үшiн спорт секцияларының жұмысын қамтамасыз ету және спорттық iс-шаралар өткiзу мақсатында пайдаланылып келеді. Жоғарыда аталған нұсқаушылар спорт залдардың тазалығына, тұрғындардың спорт түрлері бойынша шұғылдануына жауапты. Яғни, спорт нұсқаушыларының көмегімен білім беру ұйымдарының спорт залдарында сабақтан тыс уақытта тұрғындар спорт түрлері бойынша дайындалады, жаттығулар жасайды.
Елді мекендерде қарапайым спорт алаңдарын салу жұмыстары аймақтың жаз мезгілінің ұзақтығын ескере отырып қолға алынды. Нақты айтқанда, 2009-2015 жылдар аралығында 160 елді мекенде 337 шағын спорт алаңдары пайдалануға берілді. Бұл – қаншама адам спортты жанына серік етіп, саламатты өмір салтын ұстануға жол ашты деген сөз.
Сонымен қатар, тұрғындардың спорттық нысандарға қолжетімділігін одан әрі арттыру үшін 14 елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жобасы әзірленді. Оның алғашқы нәтижелерін Әйтеке би, Жаңақорған, Тереңөзек кенттері және Шаған, Н.Ильясов ауылдары көріп отыр. Қазір мұнда заманауи, барлық талаптарға сай спорт нысандары халыққа қызмет етуде.
Осындай жұмыстар нәтижесінде аймақта бұқаралық спортпен шұғылданатындардың саны артты. Халықтың спорттық нысандарға деген қолжетімділігін арттырып, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны жыл сайын көбейіп келеді.
Адам – мемлекеттің негізгі каптиалы десек, онда дені сау ұлт тәрбиелеп, халықтың саламатты өмір салтын ұстануы басты назарда болуы керек. Бұл тұрғыда Қызылорда облысы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай жұмыс істеп жатыр деуге толық негіз бар.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы