Әупірім тәңірмен Сирияда уақытша бітімге қол жеткендей болса, қайшылықтың Ливанға ауысу қаупі төніп тұр. Бұл жерде Сирияда да қайшылықтың негізі сүнниттер мен шииттер арасындағы тартыста жатқанын ұмытпаған жөн. Ливанда бұл қайшылық бұрыннан етек алған.
Жұрт назары негізінен Сириядағы жағдайға, онда уақытша бітім жасауға ауып, наурыздың 10-11-і күндері Каирде өткен Араб мемлекеттері лигасы министрлерінің төтенше сессиясының шешіміне айтарлықтай көңіл бөліне қойған жоқ. Онда бұдан бұрынырақ Парсы шығанағындағы мемлекеттер ұйымы ынтымақтастығы кеңесінің (ПШМҰЫК) әскериленген ливандық шииттік «Хезболла» партиясын террорлық ұйым санау жөніндегі шешімін Лигага мүше 22 елдің 20-сы қолдап, 2 ел қалыс қалып, қаулы қабылдаған еді. Бұл шешім сол аймақта үлкен дүрбелең тудырды.
«Хезболланы» айыптаған, оны террорлық ұйым санаған елдердің бәрін атап жатпай-ақ, қалыс қалған екі елді атасақ та біраз жайды түсінуге болғандай. Олар – Ливан мен Ирак. Бұлардың өзі солай атағанға қарсымыз деп дауыс көтере алмай, тек қалыс қалумен шектелді. «Хезболлаға» ара түсу қиын-ақ. Осынау экстремистік партия, оның әскери қанаты «Әл-Хашш әл-Шаби» өзінің радикалдық әрекеттерімен ерекшеленді. Ол Сирия президенті Башар Асадтың бірден-бір одақтасы болып табылады және шииттік Иранға арқа сүйейді.
Алдымен басын ашып айтатын жай: бұл шиеленістің негізінде сүнниттік Сауд Арабиясы мен шииттік Иранның мүдделері жатыр. Бұрын Сауд Арабиясымен тығыз экономикалық қарым-қатынаста болған Ливан екі оттың ортасында қалғандай. Қай жағына шықса да таяқтың бір ұшы бұларға тиеді. Бұрын Эр-Рияд жыл сайын Ливанға, оның армиясы мен арнаулы қызметін нығайтуға 4 миллиард доллар көмек беретін. Сондай-ақ, 300 мың ливандық Саудияға барып жұмыс істеп, еліне 5 миллиардтай қаржы алып қайтар еді. Содан айырылса, Ливанның күні қараң.
Бұл үшін Бейрут «Хезболланы» құрбандыққа шала алмайды. Оған шамасы да келмейді. Иран мен Сирияға арқа сүйеген бұл партияның мықты әскери қанаты барлығы өз алдына, олар парламентте де ықпалын жүргізеді. Сол ықпалдың салдарынан бұл ел біраздан бері президентсіз. Мұнда президентті парламент сайлайды. «Хезболла» өз мандаттарын пайдаланып, ұсынған кандидатты өткізбей тастайды. Содан да Бейрут олармен санаспай тұра алмайды.
Сөйтіп, сырттағыларды былай қойғанда, Ливанның ішінің өзі сүнниттік және шииттік болып екіге жарылып отыр. Бейрут пен жағалауда сүнниттер көпшілік болса, Сирияға жақын жақта «Хезболланы» арқа сүйейтін шииттер басым. Сырт жақтан біреулер шырпы жақса, өрт лап еткелі тұр. Араб мемлекеттері лигасының «Хезболла» жөніндегі шешімі Ливанды еріксіз шииттік коалиция жағына шығарды.
Алда не болады? Эр-Рияд бастаған сүнниттік коалиция мен Тегеранның жетегіндегі шииттік коалиция тайталасса, қайсысы үстем боларын кім білген, ал екеуінің ортасында қалған Ливанға қиын соғары анық. Оның үстіне, бұл елдегі арабтардың 40 пайызы – христиандар. Оларға да оңай соқпайды.
Грузиндер сайлауға бара жатыр...
Президент Георгий Маргвелашвилидің ұсынысымен премьер-министр Георгий Квирикашвили елдегі парламент сайлауының күнін белгіледі. Ол үстіміздегі жылдың қазанында өтпек. Оған әлі алты айдай уақыт бар.
Сайлау науқаны қазірдің өзінде басталып кетті десе де болғандай. Партиялар өз пікірлерін білдіріп жатыр, саясаткерлер өздеріне саяси ұпай әкелетін мәлімдемелер де жасап тастады. Бұл елде қазір парламенттік жүйе үстем. Содан да саяси күштер сол парламенттегі орынға таласады. Сол үшін, халықтың ықыласын өздеріне аудару мақсатында кейде артық-ауыс пікірлер де айтылып қалады.
Сайлау қайда өтпей жатыр дейміз ғой. Бірақ бұл сайлаудың грузиндер үшін маңызы бөлегірек. Өткен жолғы, яғни 2012 жылғы парламент сайлауында ел екіге жарылғандай болып, бұрынғы президент Михаил Саакашвилиге қарсы миллиардер Бидзина Иванишвили басқарған «Грузия арманы» коалициясы құрылып, оған алты партия бірікті. Коалиция жеңіске жетіп, билік тізгінін ұстаған Иванишвилидің дегені болып, тұтқалы қызметтің барлығын өзара бөліскен. Тіпті, премьер-министрлікті жас қайраткер Ираклий Гарибашвилиге, ал президенттікті ғалым Георгий Маргвелашвилиге ұсынса да, нақты билік миллиардердің қолында болды.
Енді сол коалицияға біріккен партиялар сайлауға жеке-жеке түспек. Демек, олардың арасында, бәлкім, лауазым бөлісуде келіспеушілік болды ма екен, тіл табыспағаны анық. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда тартыс күшейеді. Бұрын жеңіліс тапқан Саакашвилидің Біріккен ұлттық қозғалыс партиясы енді еңсесін көтеріп, белсенді айқасқа шығатыны анық. Бірақ олар жеңіске жетеді деу де қиын. Сайлауға жеке түскенмен, бұрын «Грузия арманы» коалициясына біріккен партиялар кейін үкімет құрарда қайта қосылуы әбден мүмкін.
Грузиядағы саяси күштердің ерекшелігі – олар негізінен Батысқа бағыт ұстағандар және оған қарсылар болып бөлінеді. Соңғыларына Ресеймен байланысты түзету бағытындағылар да қосылады. Жалпы, бұл елдегі саяси күштер Грузия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа айрықша мән беріп, өздерінің сайлау науқаны кезіндегі жұмыстарында оны кеңінен пайдаланбақ. Әсіресе, бұқара халықтың патриоттық сезімін қоздыратын антиресейлік риторика етек алатыны қазірдің өзінде аңғарылып отыр. Бұл бір партияларға ұпай әкеледі.
Жұртқа белгілі, Грузия мен Ресей арасындағы жағдай 2008 жылғы соғыстан кейін, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның Грузиядан бөлініп шығуынан кейін жақсы емес. Екі жақтан да бір-біріне қатқыл сөздер айтылады. Мына сайлау алдында ол күшейетін түрі бар. Грузия президенті Г.Маргвелашвили мен қорғаныс министрі Тина Хидашвилидің пікірлері біреулерге ұнаса, екінші жақтың ашу-ызасын тудырды. Айталық, қорғаныс министрінің «өркениетті дүние Ресейдің қаупіне қарсы бірігуі тиіс» деген сөзіне Ресей СІМ-інің орынбасары Георгий Карасин: «Шыдамның да шегі бар», дегенді айтып жіберді. «Сонда, шыдамағанда, не істемексіңдер», деген дауыс Грузияда жиі естілді. Оны айтқандар Мәскеумен байланысты түзейік дегендерге қарсы дауыс беретіні анық.
Сайлауға дейін әлі алты ай бар. Осы уақытта грузиндер бір-бірімен біраз айтысатын сыңайлы. Ел бірлігін, қоғам бірлігін ойлайтындар айтысудың, бөлінудің не қажеті бар дейді. Екінші жақ сол айтыспен, күреспен шындыққа жетеміз деп өрекпиді. Түсіністік кеткен жерде береке бола қоймайтыны және белгілі.
Мамадияр ЖАҚЫП, журналист