Қазақстанның өткен жылғы қол жеткізген жетістіктері аз емес. Оған ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық пен оның нәтижелі аяқталған Саммиті дәлел. Сондай-ақ, бүгінде әлем халқы Қазақстанды бейбітшіліктің мекені, тұрақты дамудың елі деп біледі, деді сәрсенбі күні «Халық бірлігі – Тәуелсіздік негізі» тақырыбында өткен Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Астана қаласының әкімі, Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Иманғали Тасмағамбетов. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде қалыптасқан түсіністік пен келісім – болашағымыздың айқындалуына айтарлықтай әсер еткен және олар мемлекет ішіндегі тұрақтылық пен жетістіктеріміздің негізі болған, ал бұл ретте, еліміздегі этностық бірлестіктер лидерлерінің еңбегі де ұшан-теңіз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері, қалалық құрылымдар басшылары қатысқан бұл жиынның күн тәртібіне екі мәселе қойылды. Біріншісі – Ассамблеяның ХVІ сессиясындағы Елбасының тапсырмалары бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттемелерін талқылау, екіншісі – этномәдени бірлестіктер жетекшілері арасынан Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарларын сайлау.
Келесі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов сөз алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы да, Астана қаласы да Елбасының кемел ақылының жемісі. Астана – бүгінде бейбітшілік пен толеранттылықтың қаласы. Дүниенің төрт бұрышында дінаралық, этносаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біз қазақ жерінде орын тепкен береке-бірлігімізді өзге елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынып отырмыз. Қазіргі заманда тұрақтылық пен бірлік, ынтымақ әлемдік, жалпыұлттық мақсатқа айналды. Ал бұл құндылықтарды айтып, қоя салу жеткіліксіз. Оларды одан әрі дамыту, аялау, қорғау қажет, деді Е.Тоғжанов өз сөзінде.
Бұдан кейін «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары С. Хамхоев, Корейлер Ассоциациясы филиалының төрағасы В. Цхе, «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы З. Саяпова сөз алып, этномәдени бірлестіктер негізінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы қазіргі заманғы зерттеу институтының директоры А.Нүкенов тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі өзге этнос өкілдерінің тарихи рөлі жайында баяндап берді.
Алқалы жиынға қатысып, сөз сөйлегендердің дені: «Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы елорданың достық пен ұлтаралық келісімінің нағыз зертханасына айналды» деген ой төңірегінде әңгіме өрбітті. Сессия соңында ұлтаралық келісім мен түсіністікті нығайту бағытында белсенділік танытқан Астана қаласы этно-мәдени бірлестіктерінің белсенді мүшелері қала әкімі атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.