Қазақ ұлттық өнер университеті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алаш арысы Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығына орай «Ұлы даланың ұланымын» атты студенттер айтысын өткізді.
«Аталмыш айтыстың негізгі мақсаты – от ауызды, орақ тілді ақындардың жүрекжарды жырымен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру және азаттық жолында алтын бастарын бәйгеге тіккен Алаш арыстарын еске алу, атамұра өнерді дәріптеу болып табылады. Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында тұңғыш рет өткізіліп отырған айтысқа университетіміздің дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасы, Қорқыт Ата атындағы ғылыми-зерттеу институты мен Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы қолдау білдіріп, еліміздегі аға буын ақындар өкілдері өз қалталарынан қаражат шығарып, жүлде тағайындады», деді айтысты ұйымдастырушы, белгілі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров.
Жастардың шеберлігін көру үшін шектеу қылмай, уақытты да ұзағынан беріп, олардың сөз саптауына, аяқ алысына қазылық жасағандардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, жыршы, ҚазҰӨУ профессоры Алмас Алматов, Берік Уәли, Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы, Шырынбек Қойлыбаев болды.
Айтыс барысында қазылар жаңадан шыққан ақындарды жете сынау үшін алған ұпайларына қарамай, қайта бір айтыстырды. Яғни, түгел 10 ұпай еншілеген, республикалық айтыстарда бақ сынап жүрген ақындар ақтық сында өнер көрсеткен жоқ, олар үшін республикалық деңгейдегі айтыстарға есік ашық. «Бұл эксперименттік жоспар өз жемісін берді деуге болады. Біздің де күткеніміз осы», деді айтысты ұйымдастырушылар.
Сонымен, бес сағатқа созылған сөз сайысының қорытындысы бойынша, бас бәйгені аталмыш оқу орнының «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің 1-курс студенті Рай Дөңбай еншіледі. Екінші орынды Аруна Керімбек, ал үшінші орын Дәурен Полатбаевқа бұйырды. Қалған ақындар да құр қол қайтпады. Оларға айтыс ардагерлерінің атына жазылған арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Тарқата айтсақ, Аманжол Əлтай тағайындаған Шынболат Ділдебаев атындағы жүлде Данияр Алдабергеновке, Еркебұлан Қайназар тағайындаған Көпбай Омаров атындағы жүлде Нартай Тілеуқұлға, Дəулеткерей Кəпұлы тағайындаған Оразалы Досбосынов атындағы жүлде Бек Шматқа, Жандарбек Бегімбетов пен Ерік Асқаров атындағы диплом жəне «СамұрықЭКСПО» компаниясы тағайындаған бағалы электронды кітаптар осы жолдардың авторы мен Таңжарық Ержанға, Айнұр Тұрсынбаева тағайындаған Тəушен Əбуова атындағы жүлде Сұлужан Таубалдыға, Балғынбек Имашев тағайындаған Есенқұл Жақыпбеков атындағы жүлде Нұрқанат Қайратқа, Жібек Болтанова тағайындаған Асылбек Ишанов атындағы жүлде Дәурен Ысқаққа, Шырынбек Қойлыбаев тағайындаған Əзімбек Жанқұлиев атындағы жүлде Сырым Әділбекке, «БақОрда» медиа-компаниясы тағайындаған Қалихан Алтынбаев атындағы жүлде Төрехан Советке бұйырды.
Жалыны бөлек жастар бүгінгі аяқ алысымен алдағы аламандарда төл өнеріміздің төрінен көрінеріне бек сенімдіміз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»