Бәрі де бар, бәрін берген Ел-Дана,
Бір бақыттың барлығына сенді ана.
Бәйбішем бар, ұрпағым бар, достар бар –
Бәрі де бар, менде жоғы сен ғана!
Адам бойындағы ғұмырлық арманды төрт жолға сыйғызған ақын Қадыр Мырзалиевтің осы жыр жолдарын Аман аға дәл өзі айтқандай көреді. Өмірі жүзін көрмеген, дауысын естімеген әкеге деген іңкәрліктің, басылмаған сағыныштың, көңілдің арғы түкпірінде жасырынып, бұйығып жатқан перзенттік сезімнің нәзік пернесін дөп басқан осы жырды көшіріп жазып алып, оның 21 жасында қан майданға аттанып, оралмаған әке қабіріне барғанда түскен фотосуреттермен бірге біздің қолымызға тиюі де осыдан болатын.
Әлқисса, айтылар әңгімені алыстан орағытайық. Ел ішінде «Бір сөзі – бір қойлық» атанған Даңның шөбересі, араз жұртты татуластырып, береке ұйытқаннан соң Піржан әулие атанған текті әулеттің тамыры Сыр бойында жатыр. Көзі ашық Піржан ақсақалдың үйі кісі тоқтайтын, ақылдасып тон пішетін берекелі отбасы болды. Сол берекелілігінен осы шаңыраққа қазақтың игі жақсылары атбасын тірейтін. Атамыздың үйі Қызылорда болғандықтан, сол уақытта Ахмет Байтұрсынов жол үстінде дәм тартқан уақытта Піржан әулие үйіне соғып тұрады екен.
Өз заманының озық ойлы адамдарымен сыйлас болған Піржан ақсақал 4 ұлы мен 1 қызына бар мүлкін бөліп, еншісін беріп, өзі шағын малмен қалып, тұқымын кәмпескеден де сақтап қалса, баласы Сақтаған керуен тартқан пысық, іскер азамат болып өседі. Заман ауанын айтып отырар алдында әкесі, оның сыйлас адамдары бар Сақтаған байлардың мүлкі тәркіленбестен бірнеше жыл бұрын көктем сайын ел Сарысуға қарай жайлауға көшкенде қақтың суымен Өзбекстанға өтіп кетіп, жылда малдарын сатып, кейін сол жақта жан сақтауға болатын орын іздейді. Сөйтіп, аштық белең ала бастаған 1931 жылы Өзбекстанға ағайындарынан 30-40 үйді ертіп алып көшіп кетеді. Ал Тәшкеннің түбінде Аққорған-Бөке ауылында Піржанның Сақтағанының шаңырағында Дінислам дүниеге келгенде нағыз ақ түйенің қарны жарылғандай үлкен қуаныш болады. Еті тірі Сақтаған сол қиын кездің өзінде соңынан ерген туыстарын далаға тастамай, алдын ала дайындығының арқасында жиналған түйесімен кіре тартқыздырып, аштықтың ащы құйқасын сезіндірмейді. 5-6 түйеге өзінің бір жігітін қосып беріп, шекараға баратын немесе одан асатын жүктерді тасытқызады. Қызыл әскерлер күзетімен, жүк таситын осы жігіттер кейде бірнеше айға кетсе, соның барлығын Тәшкенде отырған Сақтаған реттестіреді. Соғысқа дейін осылайша маңайына қарайласқан Сақтаған мен оның бәйбішесі Ділманқызы Артықшаның өлдім дегенде өмірге келген Дінисламның әрбір қылығы, басқан қадамы қатты қуандырады. Дінислам да атасына, әкесіне тартқан алғыр жігіт болады. Ерке бала мектепке 10 жасында ғана барса да, бір жылда үш сыныпқа секіріп, мектепті бітірісімен педтехникумға түсіп, оны алтын белгімен тәмамдайды. Оқуын үздік бітірген екі түлекке Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеге тегін жолдама берілгенде, соның бірі осы Дінислам болады. Өзімен бірге оқыған қыз Бибісараға үйленіп, дипломын алып мектепте математика пәнінен сабақ беріп, артынша мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жүргенінде соғыс басталып кетеді.
1942 жылы соғысқа біз сияқты комсомолдар бармағанда кім барады, деп Дінислам майданға өзі сұранып аттанғанда, келіншегі Бибісараның құрсағында 3-4 айлық шарана қалады. Әкесі аман оралсын деген ниетпен Аман деген есімді иелеген бөбектің әкесін өмірлік көрмей, оның зиратына баруды, мүрдесіне тағзым етуді тек 68 жылдан кейін атқаратындығын ол кезде кім білген.
Соғыс кімнің арманын тәрк етіп, кімнің гүлін ерте солдырмады. Жалғызын соғысқа аттандырып, аһылап-уһілеп қалған ата-анаға Жаратқан ие жұбатушысы бар деді ме, Аман туғаннан соң көп өтпей Дінисламының қаза болғандығын жеткізген қара қағаз келген. Әйтсе де кейде қара қағаз келгенімен, артынан жарымжан болса да елге оралғандарды көргенде, кішкентай сәби Аманын медет қылып отырған қариялар Исламдарынан күдер үзбейді. Келіні Бибісара да сол үмітпен соғыс аяқталған соң 2 жылдай кебенек киіп кетіп еді ғой деп жарын күткен. Бірақ үміт жібі де үзілгендей. Амал жоқ, ендігі тілегі Амандарына ауған ата-ана келіндеріне: «Қарағым, басың жас, егер Аманды жетімсіретпеймін десең, үйің осы, бірақ басым жас, тұрмыс құрамын десең рұқсат. Бірақ біз Аманды бере алмаймыз», дейді. Баланы өз туған отанында қалдырып, жылай-жылай Бибісара аттанады. Осылайша, соғыс бір үмітін қиған жас келіншек ілгері тілеумен өзге жанмен бас қосады. Жар құшып, бала сүйеді. Ал өздерін өзбек жеріне бастап барып, аштық пен қиындықтан құтқарған Сақтағанды қадірлеген ағайын-туыс Аманды Сақтаған мен Артықшаның баласы деп қабылдайды.
Аман аға айтады: «Қанша қуанышты, бақытты, ұлағатты өмір сүрдім десем де, өмірдің өкінішсіз болмайтынына көз жеткіздім. Біреулер әкемнен 5 жасымда қалдым, 3 жасымда ғана қалдым деп жатады ғой, ал маған елес болатындай да бейне жоқ. Рас, атам мен әжем аялады, 10 жасыма дейін атамның арқасында жүрдім, бүкіл ауыл-аймақ Сәкеңнің баласы деп төбесіне көтерді. Бірақ менің әке дейтін ешкімім болмады, ата, әже деп өстім. Таршылық көрген жоқпын, алайда менің көңілімдегі осы олқылықты кім толтырғандай?!
Соғыс аяқталғаннан кейін біз Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына көшіп келдік. Мен 1951 жылы Жуантөбе орта мектебіне бірінші сыныпқа бардым. Ол кезде әжем 50-ден асып, атам 55-ке келген еді. Содан, мен жалғыз болған соң, атам екінші рет үйленді. Ол некеден 3 ұл, 3 қыз өмірге келді. Ал 1961 жылы мектеп бітірісімен Шымкенттегі кеңшарларға бухгалтерлер даярлайтың 1 жылдық курсты оқып, еңбек жолымды есепшіліктен бастадым. 1963 жылы наурыз айында Раямен екеуміз отау құрғаннан кейін, Артықша әжем бізді алып бөлек шықты. Топырағың торқа болғыр әжем 82 жасында 1982 жылы дүние салды. Арулап жерлеп, мәңгілік тыныстайтын мекеніне тапсырдым. Ал соғыстан оралмаған әке аруағымен о дүниеде бір-ақ табысатын шығармын деп жүретінмін. Атам әжемнен кейін қайтты, 1987 жылы 90 жаста бақиға аттанғанда, Артықша әжемнің қасына қойып, екеуінің сыртынан бір орам жасаттым.
Алматыдағы Халық шаруашылығы институтында сырттай оқып, 1974 жылы диплом алып шықтым. Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас бухгалтер, облыстық қаржы бөлімінде бастық болдым. Сол жұмыстан зейнеткерлікке шықтым.
Әкем дүниеден қызық көрмей, баласының дауысын естімей қаза болды. Тіпті қай жерде қаны төгіліп опат болғанын да білмедік. 1967 жылы Артықша әжемнің құнды заттарын сақтайтын қобдишасынан әкемнің 1943 жылғы 13 шілдеде жазған хатын оқыдым. №34523 Дала поштасы деген жазуды көргесін Мәскеудегі Подольск архивіне хат жаздым. 1968 жылы Ислам Пирджанов 1943 жылы 19 шілдеде Сталин облысы Степановка селосында қаза болған деген жауап келді. Содан сол жылы қарашаның 15-інде әкеме арнап ас бердік.
Жалпы, әкемнің есімі о баста Дінислам қойылғанымен, құжатында Ислам болып жазылып кеткен. Содан алғашқы қызымыз Райхан дүниеге келгенде оның туу туралы куәлігіне Исламова Райхан Аманқызы деп жаздыртып, әжем Артықшаның қолына ұстаттым. Жұқа ғана қағазды аялай сипаған әжемнің дір-дір еткен қолдары көз алдымда. Одан кейін туған Дінмұхаммедті де Исламов деп жаздырдым. Одан соң Нұрымбет, Зәмзәгүл, Нәргүл, Арыс өмірге келді. Қазір Рая екеуміз шөпшегімізді сүйіп отырмыз. Әке көрмеген қызықтың дәмін татып отырған жай бар. Қазір Астанада тұрамыз, қолымда кіші ұлым Арыс бар.
Аман аға әңгімесін аяқтағандай. Есепші болғандықтан ба екен, әңгімені де көсіле айтпай, арасында сауал қойып отырмасаң, тоқтап қалады. Бірақ аз айтылған әңгіменің артында әкеге деген қанша сағыныш жатқандығын сезінбеу мүмкін емес. Дауыс құрғыр кейде сыр беріп, дірілдеп кетеді.
– Аға, енді 67 жылдан соң әке қабірін қалай таптыңыз? – деп тағы да Аман ағаны әңгімеге жетеледім.
– Оған осы өздеріңнің «Егемен Қазақстан» себепші болды. Сіздердің газеттен «Мемориал» атты Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың қай жерде екенін анықтайтын сайт барлығын оқып, балаларыма айтып едім, олар Интернеттен Пирджанов Ислам Украинаның Донецк облысының Снежянский ауданындағы, Степановка деген селода бауырластар зиратында жерленген деген ақпаратты тауып алды. Балаларым: «Әке, атамыздың басына барып қайтайық», дегенде шынымен толқыдым. Содан ұлым Нұрымбет Украинадағы біздің елшіліктегі жігіттермен хабарласқан екен, олар Украинаның Мәдениет және туризм министрлігіне хат жазыпты. Министрліктен: «...По документам Донецкого областного комиссариата за 1950 г. на территории Степановского сельского совета Снежянского района Донецкой областы значится братская могила на хуторе Сауровка, где похоронены офицерский и рядовой состав 295 и 293 стрелковых полков 5 ударной армии, погибший в июле-августе 1943 г. Общее количество похороненных–132 чел. Фамилии неизвестны. Так же сообщаем, что на данное время село Сауровка относится к Степановскому сельскому совету. В селе есть братская могила, которая находится на гражданском кладбище. Контактный телефон Степановского сельского совета...» деп жазылған хат келді. Ал бұл хат бойынша әкем жатыр деген нақты дерек жоқ. Бірақ, қой, барайық, дедім. Содан Дінмұхаммедім демалысын алып, екеуміз жүріп кеттік.
Әуелі Киевке, одан Донецк асып діттеген жеріміз – Степановкаға да жеттік. Келсек, 2000-дай адам жатқан бауырластар зираты бар екен. Онда әкемнің аты жазылмапты. Содан жаңағы кенттің адамдары осыдан 20 шақырым жерде де бауырластар зираты бар дегенге сонда тарттық, онда да жоқ. Бірақ, жоғарыдағы сайттан алынған дерек бойынша сол күнгі ұрыста әкеммен бірге қаза болды деген адамдардың аты-жөндерін алғашқы 2000 адам жатқан зираттан таптық. Содан ұлым тұрып: «Атаммен бірге қаза болған жауынгерлер осы жерде жатыр, ендеше, менің атам да осында болуы тиіс», деген уәжге тоқтаған жергілікті басшылық тасқа қашатып әкемнің де атын жаздырды. Қасында Снежное деген қалашықта мұсылман мешіті бар екен содан молда алдырып, құран қатым шығарттық. Алдында Астанадан аттанарда да «Нұр Астана» мешітінен Қалижан қажы Заңқоев ініме барып құран шығартқанбыз. Сонда ол кісіден: «Жат жерде қалған әке рухы туған жерді аңсап жатқандай, Қазақстаннан топырақ апарып, ата-әжемнің зиратына сол жерден бір уыс топырақ алып келіп салуыма бола ма?» деп сұрадым. Қалижан қажы Алла разы болсын, бұл істеріңізде сауаптан өзге айып жоқ деген еді. Содан елден апарған топырақты әкем жатқан жерге салып, қалтамдағы құтыға сол жерден топырақ алып жатқанымда көңілім алай-түлей болып, жанарым жасқа толды, шырағым. Әке рухымен 68 жылдан кейін тілдесіп, аяғымның астында жатқан топыраққа қарап, бәлкім дәл осы жерге әкемнің табаны тиген шығар деп толқыдым. Өзім әке, ата болсам да сол жерде мен перзент едім.
Елге келдік. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Айдарлы ауылындағы атам мен әжем жатқан жерге әкеліп Украина топырағын салдым. Олардың көктасының алдына, әке-шешесінен сәл аласалау етіп аты-жөнін, тегін жазып, әкеме де белгі орнаттым, шырағым. Екінші шешемнің көзі тірі, ол да бала-шағасының ортасында. Алдағы жаз, Алла амандық берсе, әкеме арнап ас бермекпін. Менен осыдан басқа не көрді әкем. Хадис шарифте: «Әке шешесінің немесе екеуінің бірінің қабіріне зиярат еткен адамның күнәлары кешіріледі. Ақыларын өтеген болады», деп жазылыпты. Әкеме көрсеткен құрметім осы болды. Ал өмірге алып келген Бибісара анама да құрметімді көрсеткен едім. Зайыбым екеуміз қайтыс болғанында барып, жөнелтістік. Ол тұрмыс құрып, одан бірнеше перзент сүйген кісі ғой. Бірақ Артықша әжем ол қайтыс болғанда: «Сен міндетті түрде бар», деп жіберген еді.
«Жалғызды жалғыз деме, жалғыздан жасақты ел өседі», дейді халық даналығы. Әкесі 21 жасында майданға аттанғанда, өмірге келмеген жалғыздан жасақты ел тарапты. Бүгінде 48 жыл отасқан жары Раямен бірге немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған Аман аға Украинаға барған сол сапарында өзінің перзенттік борышымен қатар, ата-әжесінің де арманын жүзеге асырып, оларға Исламынан топырақ бұйыртты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Астана.