Қазіргі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсыныстарына ұғынықтылықпен қарау қалыпты жағдай деп санаймын. Әлем жұртшылығы құлағында жүрер сөзді біздің Елбасымыз айтты, моральдық құқығы бар болған соң айтып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік басшысы ауқымды бағдарлама аясында өмір сүру керектігін жүректен толқытып айтты. Өйткені, барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артады. Бірақ, бүгінде бұл елестің сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Бұл Елбасының үлкен ескертпесі, ұрпақ қамынан айтылған сөз.
Біздің мақсатымыз – бейбітшілікті жақтайтын жаһанмен жақын, қатар болу. Демек, Тәуелсіздігіміздің бүкіл саясаты – бейбітқатар өмір сүру. Қақтығыстардан, соғыстан қалжыраған әлемнің шыдамды жүрегі мұндайды көтере алмауы мүмкіндігін Елбасымыз әлемдік ең биік мінберден тағы да қайталап айтты. Салиқалы жолдағы сананы сілкіндіретін жағдай екендігі анық.
Елбасымыз Тәуелсіздіктің елең-алаңында, көркем өлке Бурабайда «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығын өзі келіп ашты. Мұны ұрпақ қамындағы ұлық қадам деп есептейміз. Бұл балалар әлемін, болашақтың ауанын кеңейту екендігінен туындаған ізгі ниет екендігі анық. Вашигтондағы саммитте дарабоз дауыс жасаған, оның қорытындысы бойынша әлемдік манифест жариялаған Елбасымыздың батылдығы батыр халқымыздың абыройын асқақтатты.
Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «ххі ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламада әлем тағдыры айшықты көрсетілді. Бұл жаһандық стратегияда ұлттың соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді және жауапты іс-әрекеттері айқындалды. Бүгінгі ұрпаққа қаратып айтсақ, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Осы ретте, Тұңғыш Президентіміздің Вашингтон мінберінен айтқан мына сөздерін жадымызда сақтауымыз керек: «ХХІ ғасырда өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде соғыстың түп-тамырын біртіндеп жойып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Латын Америкасын, Африканы, Австралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл Оңтүстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған орталықазиялық ядросыз аймақ болып табылады. Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жөніндегі халықаралық күш-жігерді белсендірек ете түсу керек. 1992 жылы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашы болды». Сөз астарын ұғатын қауым осыдан-ақ жақсы пайым жасайды деп білеміз.
Елбасымыз айтқандай, бұл құжатта аса маңызды қағидаттар нақты мазмұндалды. Ең бастысы – ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Бұл – шетін мәселе! Ол үшін не істемек керек? Жаһандық ауқымдағы сұраққа Елбасымыз нақты жол ашты: «Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамның күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар».
Халқымызда «кең болсаң, кем болмайсың» деген қағидат бар. Мұны балалар әлеміне қаратып айтсақ, жарасатындай. Өйткені, балаң шақтағы қарым-қатынастың баяндылығы ертеңгі күнімізді еңселендіре түседі. Ішкі-сыртқы саясат осындай ұмтылыстардан қалыптасатыны да белгілі. Қазақстан Президенті біздің Құрметті қонақтар кітабына жазған пікірінде мынадай тілектер бар: «Жасөспірімдерге қарап еліміздің болашағын көремін. Осы болашақтың келешегі тамаша болатынына әрдайым сенемін». Бүгінгі ұрпақ баталы сөздің байламын біледі, соған лайықты болуға тырысады.
Бүгінгі күні «Балдәурен» ТМД елдері мен Орталық Азия аймағындағы балалардың демалысын ұйымдастыру, сауықтыру және жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытуға қажетті барлық жағдайды қамтамасыз еткен бірден-бір мекеме саналады. Жыл бойы үздіксіз қызмет атқаратын орталық әр ауысымда 300 баланы қабылдайды. Жалпы, он алты тақырыптық ауысымда еліміздің 4608 жасөспірімі мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі кластерлік тәрбие жүйесінен өтеді. Балалар арманы алаулаған орталықта оқу озаттарын, олимпиада жеңімпаздарын, спорт пен шығармашылық байқаулардың үздіктерін кездестіре аласыз. Таңдаулылар қатарында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер де көптеп саналады. Мұнда балалардың толыққанды демалысын қамтамасыз ету, олардың бойында білім мен озық ойлау қабілеттерін өрістетумен қатар, әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, азаматтық және адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыруға бағытталған жағдайлардың барлығы қарастырылған.
Оқу-тәрбие ісімен 82 педагог-қызметкер айналысады. Соңғы жылдары орталықта 14 оқу-әдістемелік құрал дайындалғаны мұғалімдер, әдіскерлер мен тәрбиешілердің біліктілігінің жоғары екендігін айғақтайды. «Балдәурен» орталығы мектебіндегі мұғалім – ақпараттық-коммуникативтік, пәндік-тәрбиеші, әмбебап ұйымдастырушы-ұстаз. Сондықтан, мұндағы оқу сабақтары дәстүрлі мектептердегіден өзгеше, яғни, балаларды бүгінгі және болашақ болмысына қызықтыра жетелеп отырады. Ал, кітапхананың 20 мыңнан астам қоры білім көкжиегін кеңіте түсетіні белгілі. «Балдәуренді» заманалық ғылыми орда қатарына қосатын шаралар тізбегі де сан алуан. Мәселен, осы жылдар аралығында ұйымдастырылған 340 тақырыптық ауысымда 180 мыңнан астам бала, оның ішінде 46 ұлт пен ұлыстың өкілдері білім алып, еліміздің таңдаулы оқу орындарының студенттері атанды.
Елбасымыздың Жер жаһанға жариялаған манифесі жүректерге ізгілік ұялатар мынадай ұлағатпен аяқталатыны ғанибет: «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, Мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап отырмыз. Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайрылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ». Бұл баршамызды сілкініске түсіретін, әсіресе, болашақ ұрпақ мойнындағы ауыр да абыройлы міндет екендігі анық.
Мұхитдин ТӨЛЕПБАЙ,
республикалық «Балдәурен»
оқу-сауықтыру орталығының бас директоры
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы