Оған сұраныс жоғары
Былтыр Атыраудағы «ПКФ Континент Ко ЛТД» серіктестігі талшықты-оптикалық кабель шығаратын өндірісті іске қосқан еді. Мұнайлы өңірде алғаш қолға алынған жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске асыруға бет бұрған «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, басты мақсат – телекоммуникация, көлік, құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті талшықты-оптикалық кабель шығару өндірісін игеру.
Жаңа жоба құны – 715 миллион теңге. Зауытқа жалпы құны 1 миллионнан аса АҚШ долларын құрайтын Қытайдан сатып алынған жаңа технология орнатылыпты. «Біз ондаған миллион долларға бағаланған еуропалық технологияны сатып алу тәуекеліне барған жоқпыз. Өйткені, бұл салада жұмысымызды енді бастап отырмыз. Дегенмен, біздің зауыттағы қытайлық технологиямен 5 жыл бойы үздіксіз өнім шығарылатынына толық сенімдіміз. Мұнда ең бастысы, шикізаттың сапалығы, өнім де соған сәйкес болады. Дәл осылай деуімізге Еуропа елдерінің, АҚШ және Жапонияның шикізаттарын қолданатынымыз дәлел бола алады», деген бас директор С.Хванның пікірінше, қазір мұнда жергілікті мамандар жұмысқа қабылдануда.
Зауыттың қуаты – жылына бір ауысыммен 4 500 шақырымдық, ал үш ауысыммен 11 000 шақырымға созылатын оптикалық кабель шығару. Сонымен бірге, мұнда 2017 жылы мыс қосылған кабель шығаратын қосымша екі цехты іске қосу жоспары бар. Жаңа кәсіпорын тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеген серіктестіктің бас директоры Семен Хванның айтуынша, біздің елімізде мұндай өнімге сұраныс өте жоғары. Жаңа өнімнің негізгі тұтынушысы «Қазақтелеком» АҚ болары даусыз. Осы компаниямен 3 миллиард теңгеден астам қаржыға екі жылдық келісім жасалыпты.
– Біз бұдан өзге телекоммуникация және құрылыс индустриясындағы компанияларға да өнімімізді ұсынуды ойластырып отырмыз. Өйткені, біздің өнімімізге сұраныс бар. Олай дейтінім, кабельдің де қолдануға болатын шектеулі мерзімі бар, оны белгілі бір уақыттан кейін ауыстыру қажет. Оған қоса қазіргі уақытта интернет, байланыс, жылдамдық секілді жаңаша талапқа сай мыс қосылған кабельдерді талшықты-оптикалық түріне алмастыру кезеңі келді, – деді серіктестіктің бас директоры С.Хван.
Оның мәлім еткеніндей, жаңа өніммен еліміздегі сұраныстың 25-30 пайызын қамтамасыз ету жоспарланыпты. Мұның да өзіндік себебі бар. «Біріншіден, Атыраудағы зауытта шығарылған кабель түрлерінің өзіндік құны Ресейдегі өндірушілердікінен ерекшеленбейді. Екіншіден, зауыттың өз электр энергиясы бар. Үшіншіден, еліміздегі салық жүйесі Ресейдегіден әлдеқайда көңілге қонымды. Демек, біз олармен бәсекелес бола аламыз. Тіпті, бізде Қытайдағы кабель өндірушілермен де бәсекелес болатындай мол мүмкіндігіміз бар» деп есептейтін кәсіпорын басшысы тұрақты жұмысқа тек жергілікті 50 адам тартылғанын айтады. Сол себептен, Атырау политехникалық колледжімен дуалды оқыту әдісін қолдану үшін меморандумға қол қойылды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»