20 Сәуір, 2016

Шәкәрім шарапаты

456 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мұрат СұлтанбековҰлтқа қызмет еткен жақсының жан-жағына тигізер шарапаты, түсірер сәулесі, көрсетер қамқорлығы қашанда мол болған. Жалғасып келе жатқан сол ұлы жол – халықтық қалыптың алтын діңгегі. Алтын діңгектен айырылса, халық халық болудан қалады. Ұрпағы ұтылады. Сол жақсылардың бар тірлік-тынысының арқауы: «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден», деп келетін Абай үлгісі, Абай өнегесі. Олар ұлт алдында кеу­делеген кісі емес, кіші кейіптегі тұғыры мықты тұлға. Сондайларды пір тұтып, артында қалған мұраларына оң көзімен үңіліп жүрген, Алаш мекені Семейде тұратын ғалым, ақын Мұрат Сұлтанбековпен дидарласқанда Абай, Шәкәрім туралы біраз ақиқатқа көз жеткізгендей болдық. Бұл үлгіні қайдан үйрендіңіз дегенімізде, ол алда айтқанымыздай, қазақтың бір жақсысын еске түсіріп, кемел делінген ке­ңес заманының тоқпағына төтеп бе­ріп, қазағым халқым, сол халқымнан шық­қан арыстарым, деп арпалысып жүріп көздегеніне жеткен Мұрат Рақымжанұлы айтулы абайтанушы ғалым, ноқталы заманда ноқтаға басы сыймай «істі» болып, кейін ақталған Қайым Мұхамедханов туралы тебірене сөйледі. – Орыс мектебінің 8-ші сыныбын бітірген соң, ұшқыш болсам деген арман жетегіне еріп Тәжікстанның қазіргі Ходжекент қаласындағы ұшқыштарды дайын­дайтын арнайы мектепке барып түскен едім. Бұрын ауылдан аттап шықпаған жасқа кіндік қаны тамған ел мен жер сағыныш болып, көз алдымнан кетпей қойды. Сол сағыныш кейде тіл ұшына өлең болып орала беретін. Оның үстіне арнайы мектепте жиі ауызға алынатын Бауыржан Момышұлының отаншылдық туралы қанатты сөздері, Александр Бектің «Волаколом тас жолы» атты повесін бас алмай оқып шыққаннан кейін елге деген патриоттық сезім тіпті өршіп кетті. Сәуірбек Бақбер­геновтің қазақтың қанатты ұлы Талғат Бигел­диновтің ерлігіне арналған «Талғат» атты шығармасы да ой санамды өсірді. Ақыры Ертіс өңіріне қайта оралып, Семей педагогикалық институтының филология факультетінің орыс бөліміне оқуға түстім. Менің бақытыма орай, сол білім ордасында Қайым Мұхамедхановтан дәріс тыңдау бұйырыпты. Орыс бөлімінде оқысам да ол кісінің ұлт руханияты туралы ой байламдары көңіл көкжиегін бұрынғыдан да сәулелендіріп жіберді. Қазақ халқының да аяулы адамдары бар екенін түсіндім. – Сіз Ақылбайдың «Дағыстан» дас­танын орыс тіліне аударған екенсіз. Оған да қазақтың Қайымының әсері болған шығар. – Әрине. Көзі ашық, көңілі ояу адам бүгінін емес, алдымен ертеңін ойлайды екен. Үшінші курстың басында Қайым аға: «Сен екі тілді де жақсы меңгеріпсің. Соны тиімді пайдалануың керек. Абай өлеңдерін, Абайдың айна­ласындағы ақын шәкірттерінің шығармаларын орыс тіліне аудар», деп Абайдың ардақты ұлы Ақылбайдың «Дағыстан» дастанын қолыма ұстатты. Мен ол поэманы аударғаннан кейін оқып шығып, біраз ескертпелер жасады. Оны түзедім. Көңілінен шықты. Институтты бітіргеннен кейін мені Мәскеуге аспирантураға жіберді. Ол кезде қазақтың көрнекті қаламгері Тәкен Әлімқұлов Қазақстан Жазушылар одағының сондағы уәкілі еді. Қазақтың жыр дүлдүлдерінің бірі Төлеужан Ысмайылов Тәкен ағаға қаратып хат жазып берді. Соны апарып, жазушымен танысып, араласып кеттім. Бір жолы Ақылбайдың «Дағыстан» поэ­масын көрсеткенімде, оқып шығайын деп алып кетті. Артынан орыстың белгілі ақыны Я.Смеляковқа бергенін айтты. Бір күні Ярослав Васильевич менің аудармамды «квалифицированный перевод» деп жоғары бағалағанын айтты. «Дружба народов» журналына басылуы мүмкін екенін де жеткізіп, бұл шығарманы атағы жер жарған Дағыстан ақыны Расул Ғам­затовқа арнайы хат жазып жібергенін де айтты. Жақсының қарайласуы деген осы емес пе?! Поэма кейін Тәкен ағаның Расул Ғамзатовқа жазған хаты алғысөз ретінде беріліп, жеке кітап болып 5 мың таралыммен жарық көрді. Ұлтымыздың тағы бір ұлысы, ғұлама ғалым Бейсембай Кен­жебаевтың да менің өмірімнен алатын орны ерекше. Жалпы болмысы бөлек адамнан үйренерің көп болады екен. Қайым аға сияқты Бейсембай аға да Абай шығармаларын орыс тіліне аударып таныстыру қажеттігін айтып, ол бізге парыз дейтін еді. «Оны орындамағанның тіл білгені кімге керек, құл тірлікпен жүре берсін», дейтін. Менің екі тілді терең меңгеруімен сол асыл ағалар көп септігін тигізді. Күні бүгінге дейін тұлпар тектес Алаш арыстары мені демеп, жебеп келеді. Бейсембай Кенжебаев ағаның ғылыми жетекшілік етуімен «Абай поэмалары» деген тақырыпта канди­даттық диссертацияны сәтімен қорғадым. Ғылыммен айналысуға бір себеп – өлең жазып, аудар­ма жасаумен қатар, ұлт жақсыларының өмір тарихын, шы­ғармаларының шырайы­н ашу мақсатын алға оздырдым. – Сірескен сең бұзылып, Қазақ жұрты тек тамырын тани бастаған тұста сіз Шәкәрім шығармаларын аудара бас­тапсыз... – Заманынан озық туған баяғы Қайым ағаның ақыл-кеңесі Шәкәрімге ден қойғызды. «Қалқаман – Мамыр», «Ең­лік – Кебек» және «Ләйлі – Мәжнүнді» орыс тілінде сөйлет деп тапсырма берді. «Шәкәрім атаңның шығармаларын орыс тіліне аудару саған парыз», деп шегеледі. Оның үстіне Қайым аға Шәкәрімді танып-білу үшін қажет деп философ ақынның ұлы Ахат ақсақалмен таныстырды. Мен ол кісімен Абай музейінде бірге қызметтес болдым. Терең, кемел жан еді. Ол кезде ұлы ақын әлі ақтала қоймаған. Бірақ Шәкәрім шығармалары туралы Қайым аға бізге жиі айтатын. Кейін ақын ақталған соң, «Мое время» деген атпен орыс тіліндегі жинағы шықты. Оған алда айтқан 3 поэмасы, 26 өлеңі енді. Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жыл­дық мерейтойына орай өз тір­лігіммен «Казах в зеркальном отражении» атты кітабын шығардым. Шәкәрім әлемі сан қырлы. Оқымаса да көкейіне тоқығаны ұшан-теңіз. Музыкалық шығармаларының өзі бір төбе. Ал ел тарихына, жер тарихына қатысты туындыларынан алар тағылым молынан. Айталық, 1911 жылы Орынборда басылып шыққан «Түрік, қырғыз қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты», 30 жыл уақытын арнаған «Үш анық» атты философиялық еңбегі ерекше бағалауға тұрарлық. Біз бұл дүниелерді бүгінгі ұр­паққа жан-жақты жеткізе алсақ, кеміміз толар еді. Қазақтың асылдары да әлемдік деңгейде пікір білдіргеніне көзіміз жетер еді. Жалпы, Абай өлеңдерін де, Шәкәрім шығармаларын да орыс тілінде сөйлетумен қатар, алуан түрлі тақырыптарда мақалалар жазып, кітаптар шығарып жүрмін. Ондағы мақсатым – қос алыпты өзге жұртқа ұғын­дыру. Терең ойын, ұлт рухын көтерер ұлы идеяларын тарта айтып, бізде тақыр жерден шықпаған ел екенімізді түйсіндіріп, ұлы ұлдарымызды әспеттеу – бәрі осы ниеттен туындайды. Бір білетінім, Абай мен Шәкәрімді ұққан қазақ ұтылмайды, ұрпағы азбайды, мәңгүрттеніп мәңгіріп қалмайды. Мені қатардан қалдырмай келе жатқан Абай рухы, Шәкәрім шарапаты екенін айту парызым. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан» СЕМЕЙ