Андре СИНГЕР, «Spring Films» кинокомпаниясының көркемдік директоры, Ұлыбритания және Ирландия Біріккен Корольдігі антропологиялық институтының президенті:
Шығыс өңіріне Семей сынақ алаңы аумағында түсірілім жұмыстарын жүргізу мақсатында Ұлыбританиядан бір топ кино мамандары келген болатын. Біз Тұманды Альбионнан Курчатов қаласына келген топтың өкілі, «Spring Films» кинокомпаниясының көркемдік директоры, Ұлыбритания және Ирландия Біріккен Корольдігі антропологиялық институтының президенті Андре СИНГЕР мырзамен әңгімелескен едік.
– Андре мырза, сіздерге Семей сынақ алаңында болып, Кеңес Одағы кезіндегі ядролық сынақ нысандарын көруге мүмкіндік берілді. Әлемдегі ең ірі сынақ алаңдарының санатында болған полигон аумағынан қандай әсер алдыңыздар?
– Мен Семей полигон алаңына осымен үшінші мәрте келіп отырмын. Былтыр тамыз және қараша айларында келген болатынмын. Биыл тағы да жолым түсті. Сіздердің ұшы-қиырсыз кең далаларыңыздың табиғаты қандай тамаша, тартымды! Бірақ осы даланың тарихына бойласаңыз, өте қайғылы әрі қорқынышты екенін көресіз. Бұл – атом қасіреті! Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу кезіндегі батылдығы мен көшбасшылығы үшін өте қуаныштымын. Ол – шын мәнінде халықты ажал аранынан құтқарып қалған тұлға!
Біз осы сапарымызда Курчатов қаласында болып, сынақ алаңдарының тарихына арналған музеймен және Ұлттық радиология орталығының қызметімен таныстық. Сондай-ақ, атом көлін, ядролық сынақ орталығын, Дегелең тауларын, полигон алаңының өзін тамашаладық. Ең бастысы, осы қасіретті белдеудегі Знаменка ауылына да бардық. Менің Знаменка елді мекеніне жасаған сапарым көңілімді қозғап, ұмытпастай ерекше әсер қалдырды. Бұл ауылдың тұрғындары өте ашық, жайдары әрі қонақжай екен. Ауыл адамдары бізге ұлттық дәмдерін ұсынып, ән де айтып берді. Көңіліміз көтеріліп, ерекше серпіліп қалдық.
– Өңірімізге жасаған жұмыс сапарыңыздың оң болуына тілектеспіз. Сізге кино маманы ретінде қояр сауалымыз бар. Бұл қарапайым саяхат болып қала ма, әлде сапар қорытындысы қандай да бір еңбекке арқау бола ма?
– Біз қазіргі кезде полигон туралы фильм түсірудеміз. Бұл жобада атом сынақтарының тарихы туралы сөз қозғалады. Қазақстанда полигон зардаптары туралы барлығы жақсы біледі. Ал шет мемлекеттердің азаматтары Семей сынақ алаңы туралы аз білуі мүмкін немесе мүлдем білмейді деуге де болады. Өмірінде ядролық сынақ алаңы туралы ақпарат естімеген жандар да бар. Олар – өте бақытты жандар!
Мен осыған дейін көптеген деректі фильмдер түсірдім. Бірақ атом қасіреті жөніндегі тақырыпқа алғаш рет келіп отырмын. Осы тақырып аясында Невада сынақ алаңында да болдым. Сіздерге біздің деректі фильміміз полигон тарихын, оның ішінде, қазақ халқы тартқан атом қасіретін бүкіл әлемге жеткізуге арқау болады деп уәде беремін.
– Жалпы, ядролық қаруды таратпау жөнінде не айта аласыз? Бұл тараптағы қазақстандық бастамалардан хабардар боларсыз?
– Кез келген халық өкілінің өз елінде соғыс өртінің тұтанғанын, болмаса, отбасы мен балаларының қандай да бір жаппай қырып-жоятын жойқын қарудан құрбан болуын қаламайтыны анық. Бұл әлем халқына ортақ мүдде. Сондықтан, ядролық қаруды таратпау жөніндегі идея күллі әлем жұртшылығы үшін өте өзекті мәселе. Бізді, яғни түрлі этностар мен мемлекеттерді ұлттық мәдениеттер мен мемлекеттік шекаралар бөліп тұрғанымен, Жер планетасы – ортақ үйіміз екені баршамызға аян. Сол себепті, ядролық сынақтар мен қаруларды қолданудан адамзатпен бірге Жер дүниесі де, оның ғажайып өсімдік және жануарлар әлемі, өзге де тіршілік иелері қатты зардап шегеді.
Бұл ретте бактериологиялық, химиялық, атом қару-жарағын қатаң шектеуге шағын елдермен қатар алып мемлекеттер де үлес қосқаны абзал. Осы ойды үнемі қозғап жүрген саясаткерлердің бірі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев деп білеміз. Біздің планетадағы көптеген адамдар сіздердің елдеріңізге және Елбасыларыңызға ерекше алғыс айтады. Өйткені, Қазақстанның және оның көшбасшысының ұстанған саясаты – атомдық қарулануды тоқтату. Бұл – біздің заман үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте маңызды мәселе. Мұны Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит одан әрі дәйектей түсті.
Қазақстан басшысы жариялаған манифесте ядролық қарудан азат аймақ ретінде жарияланған Орталық Азия аймағы туралы сөз болды. Бұл осыдан 10 жыл бұрын Семей қаласында жарияланған жаңа кеңістік. ХХІ ғасыр – адамзат баласы үшін қауіп-қатерге толы ғасыр болса да, халықаралық ұйымдар мен айтулы саясаткерлердің күш-жігерінің арқасында ядролық қауіпсіздік алаңдары мен аймақтары одан әрі арта түседі деген сенім мол.
Қазақстан әлемдік қауымдастыққа тәуелсіз ел ретінде мүше болған алғашқы жылдары-ақ жаһандық деңгейде төртінші орын алатын ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Семей сынақ алаңын жариялы түрде жапты. Осыдан кейін Орталық Азия аймағында жаңа бейбітшілік аймағы қалыптасты. Бұл жаңа мемлекеттердің еркін дамуына, инвестициялық тартымдылығын арттыруға ерекше серпін берді деп ойлаймын. Қазақстандағы сапарымның әсерін бөлісуге мүмкіндік сыйлағандарыңыз үшін сіздерге ризашылық білдіремін.
– Сізге де бүкпесіз әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы