Шортанды кентінде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен салынған заманалық диірмен кешенін іске қосу салтанаты болып өтті. Оған Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Валерий Котович қатысып, жұртшылықты жылдың жемісті қадамымен құттықтады.
Бүгінгі күн талаптарына сай, әлемдік стандарттарға толық жауап беретін кәсіпорын тәулігіне 120 тонна өнім шығара алады. Белгілі кәсіпкер Сүйіндік Дәукенов басқаратын «Даржан Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны 3,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Оны қамтамасыз етуге облыс және серіктестік қаржысымен қатар, «Центр Кредит Банк» акционерлік қоғамының несиесі жұмылдырылды. Қысқа мерзімде қатарға қосылған кешенде Түркияның технологиялық озық желісі мен жабдықтары орнатылып, сыйымдылығы 7500 тонналық қойма, 40 тонналық электронды таразы, кебекті түйіршіктеу цехы, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат, кірме жолдар пайдалануға берілді. Бөлектеп айтарлығы, зәулім кешен өңірде алғашқы болып жылуды өндіру мен пайдаланудың озық технологиясын сынақтан өткізіп жатқандығы дер едік. Мамандар оның болашағы зор екендігін мәлімдеуде.
Аудан әкімі Саят Қамзебаев заманалық кешен Шортандының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретінін айтады. Мұнда қазірдің өзінде 60 адам жұмысқа тартылып, айлық орташа еңбекақы 45 мың теңгеден айналуда. Бюджет қоржыны да бүйірленіп қалды. Бірақ, алда жаңа жобаларды іске асыру міндеті тұр. Елбасы тапсырмасын мүлтіксіз орындау шортандылықтардың абыройлы парызы саналады.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы, Шортанды ауданы.