21 Қаңтар, 2011

Асыл тұқымды мал – экспорт әлеуеті

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мал тұқымын асылдандырмайынша мал шаруашы­лы­ғының көсегесін көгерте алмаймыз. Нақ осы мәселе Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында жан-жақты сөз болды. Қазақтың шұрайлы да жомарт да­ласы мыңғырған малға толып, ауыл берекесі еселеніп жататын кешегі кезең де көзден бұлбұл ұшты. Елімізде асыл тұқымды мал ша­руа­шылықтары да бар­шы­лық еді. Бір­ақ сонау бір тоқ­са­ныншы жылдардың өкпені қыс­қан өтпелі кезеңінде қарау­сыз қал­ған қайран мал тісте­геннің аузында, ұстағанның қолын­да кетті. Енді орны ойсыраған осы олқылықтың орнын толтыратын да кез келді. Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев атап көрсет­кендей, «ҚазАгро» ұлттық холдингі белгілеген еліміздің ірі қара мал етін экспорттайтын әлеуетін артты­ру жөніндегі жобаны Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, бұл мәселені бүкіл еліміз бой­ын­ша кең көлемде жүзеге асыру жөнінде нақты міндет қойған. Осыған бай­ланысты бұл жоба елі­міздің бар­лық өңірлерін қам­ти­тын болады. Жоба бойынша өңірлерде 2,5 мың шаруа қожа­лық­тары ашылып, 25-30 мың ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Бұл жобаның маңыздылығы Қазақ­станның Кеден одағына мүше бо­луы­на байланысты одан сайын арта түспек. Мәселен, қазіргі кезеңде Ресей 1,7 миллион тонна ет им­порт­тайды. Бұл им­порт­тың басым бөлігі Бразилия және Оңтүстік Америка­ның өзге де елдерінен жеткізіледі. Жақында Ресей және Қазақстан ауыл шаруа­шылығы министрліктерінде арнау­лы алқа мәжі­лісі өткізіл­ген. Осы мәжіліс қоры­тын­дысында Ресейдің ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Қазақстанның ет өнім­дерін Ресейге тоқтаусыз кіргізу жө­нінде арнайы бағдарлама қабылда­ған. Сон­дық­тан ірі қара малды асылдандыру мәселесі күн тәртібіне өткі­р қой­ы­лып отыр. Асыл тұқымды емес мал етін экс­порттау өте тиімсіз. Мәсе­лен, асыл тұқымды ірі қараның тірідей сал­мағы 500 кило болатын болса, жай малдың тірідей салмағы 300 килодан аспайды. Мұн­дай малдан бар болғаны 150 кило таза ет шығады. Оны экспорттау эко­номи­ка­лық жа­ғы­нан ешқандай пайда әкелмейді, деді Үкімет бас­шы­сының орын­басары. Үкімет отырысында Ауыл ша­руа­шылығы министрі Ақылбек Кү­рішбаев, «ҚазАгро» холдингінің бас­­шысы Асылжан Мамытбеков және басқалар сөз сөйлеп, бұл жо­баның еліміз үшін маңыздылығын атап көрсетіп, атқарылатын жұ­мыс­тың да ауқымды болатын­ды­ғын тілге тиек етті. Жобаны жүзеге асыру барысында еліміз бойынша жем-азық қорын дайындайтын ор­талықтарды, шаруа қожалықтарын көбейтуге тура келеді. Базасы мық­ты асыл тұқымды ірі шаруа­шы­лық­тар құру керек. Мал азығы өн­ді­рісінің инфрақұрылымын дамы­тып, малдәрігерлік жүйені жан­дан­дыру қажет. Атап айтқанда, осы жоба шеңберінде таяудағы бес жыл ішінде 150 мың басқа арналған 60 мал бордақылау орталығын, 74 мың басқа арналған 54 асыл тұ­қым­ды мал шаруашылығын құру керек. Осы шаралардың нәтиже­сін­де еліміз алдағы уақытта жыл сай­ын 60 мың тонна ет экспорттау мүм­кіндігіне қол жеткізетін бола­ды. Бұл жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен және «ҚазАгро» холдингінің қар­жы­сы есебінен 5 жыл ішінде 148 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Бүгінгі күні Ресейге ет экс­порттау мақсатында Қостанай, Маң­ғыстау, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қа­зақстан облыс­та­рын­да ар­найы мүм­кіндіктер жа­салып жа­тыр. Алдағы уақытта ет экспорттау үшін Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Павлодар об­лыс­­тарында да нақты шаралар жүзеге асырылмақ. Ма­ман­дардың айтуын­ша, асыл тұқымды мал табыны үшін субсидия нақты іс атқарып жатқан шаруашылықтарға берілуі қажет. Асыл тұқымды мал шаруа­шылығы деген жасанды дәре­жені мемлекет тарапынан үлес­тіре беру тәсілін тоқтату керек. Сонымен бірге асыл тұқымды ірі қара малды халықаралық стандарт­тарға сәйкес анықтау қажет. Үкімет отырысын Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытын­ды­лап, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынып отырған мал тұқымын асыл­дан­дыру және еліміздің ет экспорттау әлеуетін арттыру жобасының ауыл тұрғындары үшін аса маңыз­ды­лы­ғын атап көрсетті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.