«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ.
Адамзат қоғамындағы тарихи үрдістерді қалыптастыруда елеулі орын алатын, өркениеттің даму барысына ықпал жасайтын санаулы тарихи тұлғалардың ішінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ой-парасатымен, саралы саясатымен ерекшеленетін тұғырлы тұлға. Халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде әлемдік саяси үрдістерге белсене араласып отырған Қазақстанның аз ғана уақыт шегінде әлемнің саяси картасында танымал елге айналуы да Елбасының, оның өткен тарихи жолдардың ерекшеліктерін айқындап, болашақты болжай білетін ерекшелігінің арқасы екені белгілі. Бейбіт даму ісіне елеулі үлес қосып, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша саралы саясатымен ерекшеленетін әлем деңгейіндегі санаулы көрнекті қайраткерлердің ішіндегі Елбасының дипломатиялық ұстанымдарының орны дара көрінеді. Ядролық қаруды таратпауға күш-жігер жұмсау Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы декларация қабылданып, бұл құжаттың 11-тармағында Қазақстан аумағында ядролық қаруды жасауға, сынауға рұқсат етпеу туралы айтылған. Еліміз ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, 1991 жылы 29 тамызда Семей сынақ полигонын жабу бойынша Қазақстан Президентінің Жарлығы жарияланды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Қырық жыл бойы Қазақстан халқы жаһандық ядролық сынақтың құрсауында болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды», – деп мәлімдеген болатын. Ядролық қаруы бола тұра, әлемнің бейбітшілігін қамтамасыз ету мақсатында Президент басшылығымен Қазақстан Республикасы ядролық қарудан бос аймақ болып жарияланды. Бұл жөнінде Президент «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты еңбегінде: «Өз қауіпсіздігіміздің мүддесін ескере отырып, біздің түпкі ниетіміз – ядролық потенциалсыз территориялық тұтастық пен тиіспеушілік кепілдігіне ие болу» деп айқындады. Президент бастамасымен ядролық қарудан бас тарту Қазақстан үшін бейбітсүйгіш ел ретінде әлемнің жетекші орталықтарымен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынастар жасауына жол ашты. Сол кезеңде Республикада 1216 ядролық оқтұмсық, 240 қанатты ядролық зымырандар бола тұра, қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орынды иемденген Қазақстан атом арсеналынан өз еркімен, бейбітшілікті сақтау мақсатында бас тартып, ядролық қаруды жою бойынша үрдіске жалпы әлемді шақырып, бастама көтерді. 1992 жылы ядролық қаруды таратпау туралы міндеттемелерді белгілеп Лиссабон хаттамасына қол қойды. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойып, 1994 жылы Нанн-Лугар «Қауіпті бірлесіп қысқарту» атты бағдарламасына кірісті. Тәуелсіз мемлекетін алға бастаған Президентіміз осы жылдардан бастап халықаралық қатынастардың ядролық қарусыз жүйесін орнату бойынша нақты қадамдар жасап, бірлігі мол берекелі елдің бейбітшіл басшысы ретінде әлем жұртшылығына танылды. Қазақстанның бастамасымен 29 тамыз күні «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жарияланды. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Президентіміз көтерген «G-Global» – ХХІ ғасыр әлемі бастамасы да халықаралық қоғамдастықта кең ықыласқа ие болып, қазір оған әлемнің 190 елі қатысуда. Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы бастамаларды көтере отырып, Н.Ә.Назарбаев өзінің еңбектерінде, мақалаларында, сөйлеген сөздерінде осы бағыттағы мәселенің шешімі бойынша нақты межелерді айқындаумен келеді. Ол бастамалар Президенттің «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Бейбітшілік кіндігі», «Сындарлы он жыл», «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» еңбектерінде, 2010 жылы жарияланған «Жаһандық әлем және ядролық қауіпсіздік» мақаласында, ядролық қарусыздану бойынша Вашингтон, Сеул, Гаага саммиттерінде сөйлеген сөздерінде көрініс тауып отырды. 2010 жылы Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік бойынша ғаламдық саммитте Қазақстан Президенті ядролық материалдар мен қару-жарақтарды сақтау, қоймаларда ұстау, тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы өзекті мәселелерге қатысты жаңашыл бастамалар көтерген еді. Мемлекет басшысы Сеул саммитінде ядролық материалдарды физикалық қорғау конвенциясына 2005 жылғы түзетулерді, олар 2014 жылға дейін күшіне енуі үшін ратификациялау жөнінде шаралар қабылдауға шақырған болатын. Сеул саммитінде Елбасы бейбіт атом энергетикасы саласында жинақталған халықаралық тәжірибені жалпыландыру қажеттігіне тоқтала келе, ядролық қауіпсіздіктің заңды тұрғыдан міндетті стандарттарын қабылдауға шақырды. 2014 жылы наурыз айында Гаагада өткен ІІІ жаһандық саммит қарсаңында Елбасының ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша ой-толғамдары «Euractiv» және «Washington Times» сияқты әлемнің жетекші интерактивтік саяси ақпарат көздерінде орналастырылды. Президент атом энергиясын бейбіт өмірде пайдалануды ұсынып, ядролық қауіпсіздік саласында «қосарлы стандарттарды» қолдануға жол бермеуді, ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы мәселелерді көтеріп келеді. Президенттің халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдауға ие болып, әлем жұртшылығын мойындатқан бейбітшілік жолындағы игі бастамалары 2016 жылы Америка Құрама Штаттарындағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитінде жалғасын тауып отыр. Елбасының ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит туралы мақаласы Америка Құрама Штаттарының «The Hill» басылымында жарияланды. Бұл, әрине, ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстанның жетекші рөлінің кеңінен танылуын білдіреді. Президент аталған мақалада: «Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін», – деп ерекшелейді. Ядролық қарудың түрлі экстремистік топтардың қолына түсу қаупіне алаңдай отыра, Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі ядролық арсеналдың талқандау мүмкіндіктеріне емес, мүдделердің үндестігі мен халықаралық міндеттемелердің орындалуының жасампаз күшіне негізделуі тиіс екеніне баса назар аударады. «Бұл үшін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың бірлескен нақты жұмысы қажет. Мен террорлық ұйымдарға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді. Менің ойымша, бұл тарихи маңызы жоғары қадам. Жетекші мемлекеттер тарапынан көтерілген бастамалардың маңызын ғана мойындайтын, қазіргі таңдағы халықаралық қатынастар жүйесінде Қазақ елі Президентінің байыпты, жасампаз саясатын әлем жұртшылығының мойындауының, елдің қауіпсіздік саласындағы елеулі саясатының көрінісі. Бұл қадам көреген Елбасымыздың, оның соңынан ере білген халқымыздың мақтан тұтарлық жетістігі, жас ұрпақты алға жетелейтін желкені. «Соғыстың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті», деп нақтылап көрсеткен Елбасымыз қауіпсіздік мәселесін, бейбітшілікті сақтау ісін өзге де халықаралық мәселелердің ішінен ерекшелеп, абсолютті басымдық ретінде қарастыруды ұсынды. 2011 жылдан бастап «Араб көктемі» ретінде тарихқа енген Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдеріндегі толқулар, Украинадағы саяси дағдарыс, Таулы-Қарабақ қақтығысы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған кезеңдегі мұндай іргелі ой-тұжырымдар заман талабынан туындап отыр. Халықаралық кикілжіңдерді болдырмау бойынша Елбасымыз: «Мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек», – деді. Айналасындағы көрші елдермен татулық, әріптестік, ынтымақтастық саясатын жүргізіп отырған, барлық мәселелерге байыппен қарайтын Елбасының осындай өзекті және өткір мәселелерді көтеруі негізді. Манифесте бес бағытты саралап, олардың әрқайсысын дәйектеп берді. Бірінші бағыты бойынша, БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңалықтарды Тіркеу реестрін құруды, Таяу Шығыс елдерінде ядролық қарудан азат аймақ құру қажеттілігін, халықаралық құқық негізінде кең ауқымды Бейбітшілік Ареалдарын құруды ұсынып, әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы жаһандық коалициясын қарсы қою қажеттілігін, БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясының жаңа стратегиясының қажеттігін, киберқылмысты жоюмен айналысу міндетін айрықшалай келе, 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынды. Әлемдік деңгейдегі ядролық қаруды шектеу, ядролық қарусыз әлемді орнату және ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне белсене араласа отыра, Президентіміз толық және жаппай қарусыздануға қол жеткізуге, ядролық терроризмді жоюға әлем жұртшылығын шақырып отыр. Қазақстанда Ядролық банк құру туралы халықаралық шарт 2015 жылы тамыз айында қабылданып, жүзеге асуда. «Бұл ұсыныс халықаралық қауымдастықтың кең қолдауына ие болды. 2015 жылы 11 маусымда Халықаралық атом энергетикасы агенттiгiнiң басқарушылар кеңесi Қазақстанда төмен байытылған уран банкiн құру туралы келiсiмдi және Ресей Федерациясымен транзиттiк келiсiмдi бекiттi. Бұл бағыттар, халықаралық қауіпсіздік саясатына жаңа серпін беретін қажетті арналар. Этносаралық қақтығыстар, саяси дағдарыстар, мемлекетаралық кикілжіңдер белең алып отырған уақыттағы қажетті бастама. Жергілікті деңгейдегі қақтығыс ретінде басталған жанжалдардың ушыға келе ғаламдық деңгейге жетіп, мұндағы қылмыстық топтар тарапынан ядролық арсеналдар қолданбауына кім кепілдік бере алады. Сондықтан да, Президентіміз көтерген бастама уақыт талабынан туындаған батыл қадам дейміз. Президент айқындағандай, біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ. Жаһан жұртының тыныштығы бұзылған бүгінгідей алмағайып заманда Қазақстанды ертеңгі күнімізге нық сеніммен алып баратын бес институттық реформа және «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатымыз көреген Елбасымыздың арқасында іске асатынына сенімдіміз. Бәсекеге қабілетті, арманы асқақ елге айналып Мәңгілік Елдің іргесін берік қаладық. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. Мен қазақстандықтарды Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!», – деп бүкіл қазақстандықтарды ортақ іске жұмылуға, күшті біріктіруге, игі бастамаларды бірлесе атқаруға шақырған болатын. Елбасының әлемдік қауіпсіздік саммитінде жариялаған манифесін халықаралық қоғамдастық, күллі республика тұрғындарымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары да ерекше серпіліс, зор құрметпен қабылдады. Қазақ елі Тәуелсіздік алған күннен бастап әлемдік қауымдастық алдында өзіндік даму бағытын, саяси ұстанымын айқындап алды. Қазақстан – ежелден бейбітшілік сүйген, ырысын ынтымақпен арттырған ел. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасы – ұстанған саясатымен әлем назарын өзіне аудара білген тұлға. Елімізде тұрақтылық пен татулықты сақтай отырып, Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысу алаңын қалыптастыруға да Елбасымыздың бар күш-жігерін салып жүргендігі де әлем жұртшылығына мәлім. Әлемдік қауіпсіздік жөніндегі бұл саммит Қазақстанның және Елбасы Н.Назарбаевтың бұл салада әлемдік қоғамдастық алдында аса зор абырой-беделге ие екендігін көрсетті. Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректорыТЖМ автопаркі заманауи көліктермен толықты
Қоғам • Бүгін, 17:15
Мемлекетке тіркелген алтын қоры 522 тоннаға ұлғайды
Қоғам • Бүгін, 17:02
Қырғызстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі ұсталды
Әлем • Бүгін, 17:01
Шығыс Қазақстан облысында жоғалған екі қыз табылмай жатыр
Аймақтар • Бүгін, 16:56
Румыния мен Болгария Шенген аймағына қосылады
Әлем • Бүгін, 16:50
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына барды
Президент • Бүгін, 16:35