«Әр келген сайын Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы сындарлы саясатына тәнті боламын», – дейді мәскеулік сарапшы А.СПИЦЫН
Ресей Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет және Ресей халық шаруашылығы академиясының профессоры, атақты экономист-ғалым Анатолий СПИЦЫН көп жылдар бойы Қазақстанда қызмет атқарса, саналы ғұмырының бір бөлігін Қызылжар өңірінде өткізген. 2015 жылғы президенттік сайлау кезінде есімі шетелге де жақсы танымал тұлғамен әңгімелесудің сәті түскен. Оның алдындағы сапарлар барысында да сұхбаттасудың орайы келген.
Жуырдағы тілдесуден алған әсерлеріміз бен бұрынырақ қойын дәптерге түскен ой-толғамдарды жинақтап, оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– Анатолий Тихонович, Қазақстанға, оның ішінде, Қызылжар өңіріне жиі келуіңізге қарағанда, туған өлкеңізге деген ынтық көңіліңізді, сағыныш сезіміңізді баса алмай жүрген сияқтысыз.
– Жоқ, менің туып-өскен жерім – Ресей.
– Солтүстікқазақстандықтар сізді осы өңірдің байырғы тұрғыны ретінде қабылдап, құрмет тұтады. Мұндай байламға, сірә, «Достық» орденін кеудеге жарқырата таққаныңыз, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанғаныңыз, саяси мәні зор сайлауларға байқаушы ретінде шын ықылас-пейілмен қатысатыныңыз себеп болған тәрізді. Қалай десек те, ортада тамыры әріден басталатын бір байланыс жатқан секілді.
– Жерлестерім облыс экономикасының дамуына қосқан азды-көпті еңбегімді бағалап жатса, оған қуанбасам ренжімеймін. «Жерлестерім» деген сөзге ерекше екпін түсіріп отырғаным, 1962 жылы Одесса теңіз флоты инженерлері институтын бітіргеннен кейін еңбек жолымды Петропавл қаласында бастадым. Білім саласында, кейінірек қалалық, облыстық комсомол комитеттерінде қызмет атқардым. КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын тәмамдаған соң, облыстық партия комитетінің құрылыс бөлімі меңгерушілігінің тізгінін ұстадым. 4 жылдай облатком төрағасының бірінші орынбасары болдым. 20 жылымды осы өңірдің өркендеуіне арнаппын. 6 жылға жуық Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып, қалған ғұмырым Ресейде өтіп келеді. Кіндік қаным тамған жерім Краснодар өлкесі болғанымен, Қазақстан – мен үшін ерекше ыстық мекен. Әркез жылылықпен еске аламын.
– Талай уақыт ауқымды экономикалық құрылымдарға жетекшілік еттіңіз. Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың интеграциялық проблемалар жөніндегі стратегиялық зерттеулер институтының директорысыз. 170-ке жуық ғылыми мақалалардың, 12 жеке, 14 ұжымдық монографиялардың авторысыз. Осынау қомақты еңбектеріңіздің бір шоғыры Қазақстанның экономикасын, Елбасымыздың жан-жақты таразыланған саяси ұстанымдары мен көзқарастарын саралауға арналған. Осының сырын түсіндіре кетсеңіз.
– Әңгімені жуырда мұхиттың арғы жағында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттен бастайын. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған алқалы басқосудың күн тәртібіне барша адамзатты қатты мазасыздандырып отырған соғыс тақырыбының шығарылуы жаһандану дәуіріндегі бітіспес талас-тартыстар мен дау-жанжалдардың барған сайын зорайып, шешімін таппаған жағдайда орны толмас сұмдық зардаптарға ұрындыратынын аңғартады. Бұл – бір.
Екіншіден, жаппай қырып-жоятын жойқын қарулар арсеналын азайту жөніндегі келіссөздердің табыссыз аяқталуы, оны айтамыз-ау, осыдан 20 жыл бұрын БҰҰ шеңберінде Ядролық сынақтарға біржола тыйым салу туралы шарттың әлі күнге дейін күшіне енбей келе жатқаны неліктен деген сауал төңірегінде ойлансақ, алдымен Нұрсұлтан Әбішұлының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне жүгінген абзал. Онда жетекші мемлекет лидерлерімен қоса, бүкіл әлем үкіметтерін, саясаткерлерін, ғалымдарын, бизнесмендерін, өнер қайраткерлерін және миллиондаған адамдардың күш-жігерін өткен ғасырлардың қателіктерін қайталауға жол бермей, күш біріктіруге үндеуі, іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқансу әлемдік апатпен пара-пар екендігін ұғындыруы шетін мәселені дөп басатын және дер кезінде айта білетін сұңғыла саясаткердің ғана қолынан келсе керек. Осы жолы да білікті стратег, білімді экономист ретінде таныла білді.
Н.Назарбаев 1994 жылы М.Ломоносов атындағы университет қабырғасында еуразияшылдық туралы ой-толғамдарын ортаға салғанда, тыңдау бақытына ие болғандардың бірімін. Содан бері оның саясаттағы, экономикадағы қадамдарын қалт жіберген емеспін. Алысты болжай білетін көрегендігіне 1990-жылдардың қиын кезеңінде 6 жыл кеңесші болғанда көзім анық жеткен. Соған орай, көптеген мақалалар циклын, дәрістер мен баяндамалар арнадым. Олардың бір парасы «Қазіргі экономиканың жаһандану мәселелері және оларды шешудегі Қазақстанның рөлі», «Н.Назарбаевтың әлемдік экономиканың жаңа үлгісін қалыптастырудағы және қоғамды әлеуметтік жаңғыртудағы стратегиялық бастамалары» деп аталады.
Ол күрделі кезеңнің ұтымды шешімдерін үнемі әлем назарына ұсынып отырады. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың былтырғы сайлауалды бағдарламасында дәуірдің сын-қатерлерінің алға тартылуы кездейсоқ емес. Шынында да, әлемдік нарықтарда энергия көздері мен металл бағаларының күрт құлдырауы жаһандық және өңірлік тәуекелдерді күшейте түскені рас. Әскери-саяси ахуалдың, халықаралық терроризм, конфессияаралық байланыстардың ширыққаны жасырын емес. Жаңа соғыс ошақтарының пайда болып, державалар арасында бір-біріне деген сенімсіздік орнықты. Осындай қауіптердің ықтималдылығын алдын ала болжай білген сұңғыла саясаткер «Қазақстан-2050» Стратегиясында да адамзат болып еңсеруге тура келетін сын-қатерлерді санамалап көрсеткен болатын. Осы бір сабақтастық манифесте жалғасып, алда ерекше және терең өзгерістер күтіп тұрғаны қадап айтылды. Қазақстан әлемдік және өңірлік саясаттың белсенді қатысушысы ретінде зор беделге ие екенін тағы бір әйгіледі.
Сөз арасында Астана экономикалық форумында да баяндама жасайтынымды, Н.Назарбаевтың таңдамалы туындылары мен Қазақстан Президентінің «ХХІ ғасырда тұрақты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясы» кітабының орыс және ағылшын тілдерінде шығуына мұрындық болғанымды айта кетейін.
– ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына батыл бетбұрыс жасамаса, яғни одан басқа балама мүмкіндік жоқ екенін көре, біле тұра қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер кез келген сәтте тұтануға даяр ықтимал қауіп-қатерлерді еңсеруге келгенде неге біріге бермейді?
– Оның түп-тамырын баяғыдан жалғасып келе жатқан «қырғи-қабақ соғыстың» салдарынан іздеген жөн. Бір-біріне күш, доқ көрсету, саяси мәмілелерге, бейбіт келісімдерге келе алмау, өзара сенім қағидаттарын жоғалтып алу, жаппай қарулануды есепсіз баю көзіне айналдыру себепті халықаралық жағдай ушыға түспесе, бәсеңдер түрі байқалмайды. Жұртшылыққа жаһандану үрдістері, интеграциялық қарым-қатынастар көбіне теріс жағынан түсіндіріледі.
Әрине, жаһанданудан ешкім де тыс қала алмасы анық. Бірақ саясаткерлер мен ғалымдар көбіне осы үрдістің экспансиялық толқындарын әңгімелеумен шектеліп жүр. Жаһандану құбылыстарын Нұрсұлтан Әбішұлы секілді бүгінгі күннің геосаяси жағдайын жан-жақты сүзгіден өткізе отырып, өз заңдылықтары мен ерекшеліктері, пайдасы мен зиянды жақтары бар тұтас жүйе ретінде қарастырған абзал болар еді.
Әлемдік деңгейде билік жүргізіп отырғандар экономикасы мықты елдер екені бесенеден белгілі. Мәселен, АҚШ-тың ішкі жалпы өнімі 15 триллион долларға жуық. Бүкіл Еуропа жиналса, 11 триллион долларды әрең құрайды. Бұл көрсеткіш жөнінен оны Қытай өкшелеп келеді. Үндістан да қалысар емес. ТМД аясында сөз қозғайтын болсақ, индустриялық-инновациялық даму қарқыны жағынан тиімді экономикалық-әлеуметтік үлгі қалыптастырған Қазақстанды атауға болады. Экономикалық санкцияларға қарамастан, Ресей, Беларусь қарқын ала түскен.
Десек те, экономикада рөлі орасан АҚШ-тың дамушы елдерге деген саяси өктемдігі айтарлықтай. «Кредит Суис» зерттеулер институтының деректері бойынша, әлем тұрғындарының 1 пайызы байлықтың 40 пайызын иеленсе, керісінше, тұрғындардың 70 пайызына небәрі 3-ақ пайыз үлес тиеді. Сол себепті, жуық арада ауқымды қаржылық жағдай тепе-теңдігі орнай қалады деп үміттену – бос қиял. Осы орайда, Н.Назарбаевтың БҰҰ жанынан тиімді эмиссиялық орталық құру, оған Қауіпсіздік Кеңесін тарту жөнінде бұрынырақ айтқан ұсынысы ойға оралады.
Екіншіден, трансұлттық капиталдың есепсіз шоғырлануы салдарынан экономикалық белсенді елдер ықпалын одан әрі күшейте түскенін аңғарамыз. Әлемде 500 ірі компания осы санатқа жатады. Олар өнеркәсіп нарығының – 60, астықтың – 70, түсті металл мен алтынның – 80, жаңа технологиялардың 85 пайызын уыстарында ұстап отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттер «қазынасына» кірмейтін қисапсыз қаражат тасқынын иеленеді. Оның мөлшері 10 триллион долларға жетеғабыл.
Үшіншіден, әлеуметтік дамудың әрқилылығында. 2014 жылы өткен VІІ Астана экономикалық форумында Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселеге арнайы тоқталып, нақты мысалдар келтірген болатын. Форум аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі болашақ тұрақты энергетикасы стратегиясы» панельді сессиясында баяндама жасап, заманауи энергия көздеріне жаппай қол жеткізу, қайта жаңғыртылған энергия тиімділікті екі еселеу мәселелерін сөз еткен болатынмын.
Президенттеріңіздің «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымынан осындай тұжырым жасауға болады.
– Сөзіміздің соңында Қазақстанның қазіргі даму барысын қалай бағалайтыныңызды білсек.
– Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап өзінің даму жолымен ілгері басып келеді. Бүгінгі таңда посткеңестік елдер арасында, қай жағынан болсын, көш ілгері кеткен. 1990-жылдармен салыстырғанда ішкі жалпы өнім – 12, қазақстандықтардың табысы 16 есе өсіп, жұмыссыздық деңгейі 2 есе төмендеген.
Қазіргідей мың құбылған алмағайып заманда жүздеген этнос пен 20-ға жуық конфессияны ымыраға келтіріп, бір шаңырақ астына жұмылдыра білген ел кемде-кем. Жаңа, тың серпілістерді көрген сайын қуанамын. Жүздеріңіз жарқын, ертеңге сенімдісіздер. Балаларыңыздың, немерелеріңіздің тағдырына алаңдамайсыздар. Кез келген адамның саяси ахуалы тұрақты, қуатты, жанға жайлы жерде өмір сүргенді, тұрмысының бақуатты болғанын қалауы – заңдылық. «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол» бағдарламасын, Бес халықтық реформаны іске қостыңыздар. Қазақстан халқы Ассамблеясы өміршеңдігін танытты. ЕАЭО аясында нарық көкжиегі кеңейді. Түпкі мақсат – озық 30 елдің қатарына қосылу, Мәңгілік Ел идеясын орнықтыру. Босқындардың толассыз легін, миграция тасқынын көре отырып, қазақстандықтардың мақсаткерлігіне, еңбексүйгіштігіне, достықты, бірлікті қадірлей білетініне сүйсінесің, қызығасың.
«Кемедегінің жаны бір» деп текке айтылмаған. Манифест жаһандық бәсекелестік және халықаралық тұрақсыздық ғасырында өзара түсіністіктің ауадай қажеттігін алға тартты. Ондағы маңызды ережелердің бірі ретінде БҰҰ аясында бейбітшілік пен тұрақтылық және қауіпсіздік бойынша қуатты коалиция құру қажеттілігін бөле-жара айтқым келеді. Барша мемлекеттер күш біріктіргенде ғана бөлшектенуге жол берілмейді, ядролық қарулар таратылмайды.
– Жүрекжарды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы