Тұңғыш Президентіміз оқыған қабырғалы білім ордасы Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті аса маңызды реформаларды жүзеге асыру шараларының қашанда алдыңғы қатарында жүреді. Қоғамда болып жатқан оң өзгерістерге сергек қарап, оларды ілгерілету барысында белсенді позиция ұстану – Академик Арстан Мәуленұлы Ғазалиев басқаратын оқу орнының болмыс-бітімін танытатын нақты нышанның бірі болса керек.
Аталған университетте 19 сәуірден бастап «Орта және жоғары мектептер жүйесіндегі көптілді білім берудің әдістемелік қырларының мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтіп жатыр. Бұл маңызды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта мектеп мұғалімдері мен колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары келіп, пәндерді бірден үш тілде оқыту жөніндегі тәжірибелерімен бөлісуде. Мамандардың пікірінше, көптілді білім беру үдерісін мектептен бастау керек. Сол себепті, семинарға қатысушы ұстаздар бүгін Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатта болып, үш тілде оқыту жөніндегі сынақтың барысымен танысады.
Бүгінгі күнде бұл шаруадағы басты мәселенің бірі – көптілдік білім беруді практика жүзінде ендіру болып отыр. Білім саласындағы жаңашыл реформаға байланысты ата-аналар тарапынан да көптеген сұрақтардың туындайтыны заңды. Бірақ та, өміршең өзгерістерге үрке қараудың қажеті жоқ, деп есептейді лингвист ғалымдар.
«Жалпы қорықпау керек. Әрине, кей-кейде көңілге күдік ұялауы да мүмкін, дегенмен тілдерді дамыту жалпылай алғанда жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етеді», – дейді семинарды ұйымдастырушылардың бірі, ҚарМТУ-дың шет тілдері секциясының меңгерушісі Айла Жұмабекова.
Халықаралық семинар жұмысына Қазақстан Республикасы ағылшын тілін оқыту қауымдастығының президенті Т.Летяйкина, Үш тілде білім беру орталығының директоры Л.Сырымбетова, Британ кеңесі әріптестік қарым-қатынасты дамыту жөніндегі менеджер А.Бектұрова, Қарағанды қалалық ағылшын тілі оқытушылары қауымдастығының төрайымы Ф. Какжанова қатысуда.
Жалпы, білім беру үдерісінде мектептен университетке дейінгі барлық деңгейде көптілді оқыту жүйесін енгізу бірнеше тілді меңгерген, өзін-өзі дамыту мен жетілдіруге ұмтылған, бәсекеге қабілетті және көпмәдениетті, кез келген жағдайда коммуникативті қызметті үш тілде іске асыра алуға қабілетті тұлғаны қалыптастырудың кепілі. Сол себепті, семинар аясында практикалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Осы мақсатта проблемалық семинарлар, шеберлік сағаттары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Семинардың қатысушылары кәсіби мақсаттағы әлеуметтік пәндерді көп тілде оқыту саласындағы үздік практиктердің материалдарымен танысуға мол мүмкіндік алды.
«Қазіргі кезде ағылшын тілін оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің барлық мүмкіндіктерін тудыру қажет», деп санайды ұстаздар қауымы. Шетел тілін оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар мен аудио, видео кешенін пайдалана отырып, оқушылардың ауызша және жазбаша аударудағы білімін жетілдіріп, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байытып, олардың ой-өрісін дамыту семинарға қатысқан мамандардың пікірінше, кезек күттірмейтін міндеттердің бірі.
Ертең, яғни 22 сәуірде халықаралық ғылыми-практикалық семинардың соңғы күнінде Канададан және Назарбаев Университеттен ғалымдар келіп, ұстаздар алдында дәріс оқиды деп жоспарланған. Ал игі шараның жабылуында семинарға қатысқан мұғалімдер мен ұстаздарға біліктіліктерін жетілдіргендері жөнінде сертификаттар мен куәліктер салтанатты жағдайда табыс етілмек.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ