Елбасымыздың үш тұғырлы тіл туралы айтқан тұжырымы елдің көңілінен шығып, зор қолдауға ие болуда. Әрине, ел болған соң телі мен тентегі, дұрыс бағдарлама екендігін біліп тұрып басы жерге жеткенше өршеленіп қарсы тұратын, өнбес дауды қуатын даукес, елді әдейі адастырмақ ниеттегі адамдар да болады.
Олардың дәлелі негізсіз деп санаймын.
Менің ұғымымда, ағылшын тілін білу әлемнің тілін білу деп түсінемін. Біз спортшымыз. Елбасымыз үлкен спорт туралы терең мағыналы сөз айтады. «Шетелде Қазақстан Туы екі жағдайда, Мемлекет басшысының және халықаралық сында жеңіске жеткен спортшының құрметі үшін көтеріледі», дейді.
Бұл біздің жауапкершілігімізді арттырады, шеберлігімізді ұштайды, жеңіске жетуге деген құштарлығымызды жігерлендіреді. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының Рио де Жанейрода өтетін Олимпиада жолдамасынан қоржыны тоқ. Алтын жүлдеге таласатын үкілі үміттеріміз де бар. Спорт саңлақтарын жігерлендіру, қиын жағдайда септесу үшін халықаралық жарыстарға көбірек жолымыз түсіп жүр.
Сонда өз ана тіліңнен бөлек, орыс және ағылшын тілі міндетті түрде керектігі байқалады.
Кешегі одақтас он бес мемлекет, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің бір-бірімен ұғынысатын тілі – орыс тілі. Татар түбі бір түркі жұрты дегеніңмен, Қап тауының азаматтарымен, чешен, авар, қарашай-шеркес немесе Саха, Тыва тілінде сөйлесе алмайсың. Сені олармен жақындастыратын спорттағы тіл – орыс тілі. Орыс тілін білуіңнің арқасында түсінісіп, көбімен тонның ішкі бауындай жақындасып кетесің.
Ал, ағылшын тілін білмесең, қапқа салған балықтайсың. Қазір әлемде моңғол спортшыларының бәсі бөлек. Экономикасы, әлеуеті бізден төмен деп іштей тең көрмейтін шығармыз, қызығы сол, сол моңғол спортшылары ағылшын тілінде бұлбұлдай сайрайды. Өмірлік қажеттілік екендігін мемлекет басшылары біліп, ол тілді балабақша, мектеп бағдарламасына қосқан.
Бүкіл өркениеттің кілті ағылшын тіліндегі оқулықтарда десек, бұл тілді қазақ халқы үшін де жақсы білудің маңызы зор. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақтың баласы өркениет игілігіне қол созсын, білімді жұрттың қатарында болсын деген ниетін бәріміз біліп, орындалуына атсалысуымыз керек.
Қазақстандағы білікті ұстаз, ғалым, психологтар халықаралық ағылшын, орыс тілдерін балабақшадан бастап оқытудың тиімді екендігін айтады. Себебі, ақыл-ойы тұнық, айтқанды лезде қағып алатын бүлдіршіндер тілді тез игеріп кетеді екен.
Бүгінгі жастар – қабілетті, алдағы болашағына алаңдайтындығымен ерекшеленеді. Олар мектеп, жоғары оқу орындарынан бөлек, ағылшын тілін арнайы курстарда оқып, болашағының баспалдағын өз күшімен қалап жатыр. Яғни, көп тіл білу қажеттілік, өзіңе пайдасынан басқа зияны жоқ.
Әлібек Нұртаев,
Оңтүстік Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт
басқармасының басшысы
ШЫМКЕНТ