Төрткіл дүние ұлтаралық қақтығыстардан қансырап, мыңдаған адамдар туған жерінен айырылып, босып жүрген қазіргі жағдайда халықтар арасындағы түсіністік пен достықты нығайту – қай елдің де болсын кезек күттірмес міндеті.
Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап оның Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ жерін мекендеген этностардың достығына қылау түсірмеу мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Бұл ретте Тұңғыш Президентіміздің басты саясаты қоғамдық этностардың толықтай құқығы мен бостандығын сақтай отырып, жергілікті, байырғы ұлтқа негізделген жоғары әлеуетті қоғам құру болды. Осындай уақыт тамырын тап басатын көрегендік саясаттың нәтижесінде 1995 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан халық бірлігін нығайтудың тірегі ретіндегі консультативтік кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Сол жылдан бастап Ассамблея этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырудың маңызды институты ретінде танылып, елімізді мекендейтін барлық этностарды біріктіретін тиімді орталыққа айналды.
Оған сол алғашқы күннен Ақмола облысында жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы айқын дәлел бола алады. Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы айдарымен өткен былтырғы жылы облысымызда халықтар бірлігін паш етіп, қазақстандық достықты нығайта беруге бағытталған кешенді шаралар өткізілді. Осы жылы өткізілген мегажобаның шымылдығы «Ассамблея – бірлікке бастайтын жол» шарасымен ашылды. Осы шара аясында өмірге келген «Достық кітабына» мыңдаған ақмолалықтар өздерінің қолтаңбасын қойды.
Бейбітшілік пен келісім, халықтар арасындағы шынайы достық ешқашан да өзінің маңызын жоймақ емес. Еліміздің осы бір шынайы жетістігіне шаң жұқтырмау мақсатында «Қазақ тілі мен мәдениеті» облыстық бірлестігі де қолдан келген игі шаралардың бәрін атқаруда. Осы қоғамдық бірлестіктің бастамасымен облысымызда соңғы жылы 4 ірі жоба іс жүзіне асырылды. Атап айтар болсақ, «Қаныш Сәтбаев – ХХ ғасырдың ғұлама ғалымы», «Рамазан Елебаевтың елі», «Алтын сақа», «Алтын адам» атты бұқаралық шаралар идеялық тартымдылығымен жұртшылық көңілінен шықты. Осы бұқаралық мәдени істердің басы-қасында ақмолалық жастардың ұйытқы болып жүргені қуантады.
2014 жылдың тамыз айынан бері қоғамдық бірлестік жанынан «Көкше дидары» атты қазақ және орыс тілдеріндегі газет шығарылып келеді. Бұл басылым бетінде мемлекеттік тілдің халықтар бірлігін нығайтудағы ерекше рөлі лайықты насихатталады. Сонымен бірге, газет облысымызды мекен ететін ұлттар мен ұлыстардың тарихын, мәдениетін және дәстүрін насихаттауда ықпалды жұмыс жүргізіп келеді.
Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің тағы бір нәтижелі жұмысы қала көшелеріндегі жарнамалар мен ғимараттардың маңдайшаларындағы мемлекеттік тілдегі жазулардың сауатты әрі дұрыс жазылуына бқылау жасау болып табылады. Жасыратыны жоқ, бизнес өкілдері мен мемлекеттік шенеуніктер жарнамалар мен маңдайшалардағы жазудың мемлекеттік тілде дұрыс болуына жете мән бере бермейді. Бірлестік атқаратын тағы бір ауқымды жұмыс – қала көшелерінің атауын ретке келтіру. Бүгінде облысымыздың елді мекендеріндегі 2489 көше қазақша атауға ие болған. Мәселен, облыс орталығында соңғы жылдары Красная атты көше Әлімжан Баймұхановтың, Северная көшесі Сәкен Жүнісовтің есімін алды.
Осы ретте, облысымыздағы этноқоғамдық бірлестіктердің жұмысына облыс әкімі Сергей Кулагиннің тарапынан шынайы қамқорлық жасалатынын атап айту керек. Ол Ақмола облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде этноқоғамдық бірлестіктердің жұмысын бақылап, реті келгенде бағдар беріп отырады. Облыстық ҚХА төрағасының қатысуымен өткен облыстық этномәдени бірлестіктердің кезекті отырысында Сергей Кулагин Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Степногор қаласындағы Достық үйінің директоры Галина Мариничеваға және осы жолдардың авторына Қазақстан халқы Ассамблеясының Алтын медалін тапсырды. Сонымен бірге, осы отырыста бірнеше адамға Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесінің куәлігі тапсырылды.
Облыс аумағында этномәдени қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандыра отырып, этностар арасындағы түсіністік пен достықты нығайта беру мақсатындағы бағдарлар белгіленді.
Мейрамбек КИІКОВ,
Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі