21 Сәуір, 2016

Бейбіт өмірдің орнықты ошағы

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
магеррам магеррамовМен  –  қазақстандық әзербай­жан­­дар­дың өкілімін. Біздің аталарымыз 1937 жылғы қуғын-сүргінде Қа­зақстанға келген екен. Содан бері отбасымыздың төрт ұрпағы осында өмірге келді. Әзербайжанда алыс туыстарымыз болғанымен, ең жақын-жұрағаттарымыздың бәрі осында. Біз Тал­дықорған аймағында тұрдық. Сон­дағы Көксу ауда­нының Балпық би кентінде өстік. Біздің отбасымыздағы аға ұрпақ қазақ тілінде таза сөйлейтін еді. Өкінішке қарай, біздің буын қазақ тілін білмей қалды. Тіпті, өзіміздің әзербайжан тілін де сондай жақсы білмейміз. Сөйтіп, біз қазақ замандастарымыз сияқты, кеңестік солақай саясаттың құрбандары болдық. «Болашақта коммунизм болады, онда халықтар бір-ақ тілде сөйлейді» делінетін өмірмен еш байланысы жоқ ұрда-жық идеология дегенін істе­ді. Сон­дықтан, орыс тілін­де ғана сөй­леуге ты­рыс­тық. Ал қазіргі ұр­пақта­ры­мыз қазақ және орыс тілдеріне де судай. Мә­селен, менің қызым әзербайжан тілін шала білгенімен, қазақ, орыс тілдерінде таза сөйлейді. Мен қоғамдық өмір­де Қазақ­стан хал­қы Ассам­блея­сы­ның жұмы­сына белсенді түрде аралас­қан адам емеспін. Бірақ, оның қажет­ті­лігін өмірде сезініп, көзіммен көріп жүрген адаммын. Мұны біздің Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімінің нәтижесі деп санаймын. Көпэтносты Қазақстан тұрғындары Ассамблея арқылы бір халық болып, бір ұжымға үйлесіп, бір үйдің отын жағып, суын ішіп отыр. Барлық этносқа да бейбітшілік, тыныштық, көршілерімен татулық, өзара түсіністік пен келісім ауадай қажет. Бұл – адамзат қауымының ежелден аңсаған арманы. Татулық пен тү­сі­ністік болмаса, бей­біт өмір де алыс­тай түседі. Он­дайды әлемнің барлық түк­пірлерінен көріп жүр­міз. Таңертең аман-есен жұмысқа кеткен адамдар үй­леріне басы бүтін, толық қайта алмай немесе қансырап, аяғынан зорға басып келіп жататын жерлер аз ба? Үйде қалған жандар далаға шыққандарымыз аман келсе екен деп жүректері дірілдеп отырады. Ал біз, құдайға шүкір деп айтайық, ондайдың бірін де білмейміз. Үйлерімізге қуанышпен келеміз. Бағалай білгенге осының өзі бақыт. Сол күнге бізді жеткізіп отырған Елбасымыздың бейбітсүйгіш саясаты және оны іске асырып жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қоғамдық өмірде мен Комму­нистік партияның идео­логиясын дұрыс деп санаймын. 2001 жылдан бері Ком­партияның ісіне белсене қа­тысудамын. Ал 2004 жылдан бас­тап Алматы облысы обкомының, 2015 жылдан Алматы қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесімін. Мен Коммунистік пар­тияның нағыз ха­лықшыл, қарапайым халықтың жоқ-жітігін қолдайтын, қорғайтын жолын бүлдірген кеңестік тоғышар функционерлер деп санаймын. Әйтпесе, Ком­мунистік партияның түпкі мақса­ты өте дұрыс еді. Қазақстан халқы Ассамблея­сының бейбітсүйгіш мақсаты менің коммунистік көзқарасыма да сай келеді. Сондықтан, мен оның қадамдарын қолдаймын, қолымнан келіп жатса, оның ісіне көмек беруге де әзірмін. Магеррам МАГЕРРАМОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты АСТАНА