Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірегей инновациялық «Al-Farabi university smart city» жобасы аясында «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы бой көтерді.
Орталық ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала туралы» трактатының идеологиясына негізделіп өмірге келді. Бүгінде оқу-ағартушылық, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, мәдени-демалыстық бағыттағы қызметтер ұсынатын орталықтың қызметіне университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, қызметкерлері мен студенттері дән риза.
Оқу-ағартушылық бағыт бойынша «бір терезе» қағидасы негізінде тіркеуші кеңсесі мен студент кеңсесі өз қызметтерін көрсетеді. Құрылымы жағынан студент кеңсесінде студенттік бөлім, халықаралық академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ету секторы, әскери-жұмылдыру бөлімі, төлқұжат үстелі, бухгалтерия, Бизнес және мансап орталығы, сондай-ақ, ХҚО мобилдік бөлімшелері бар.
Студенттер қалашығы – Ұлттық университет қабырғасында 17000-нан астам студент білім алады. Қалашықтағы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында әлеуметтік дүкеннің іске қосылғанын атап өткен жөн. Әлеуметтік дүкен студенттер мен оқытушыларға тауарлар мен өнімдерді және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді нарықтағыдан төмен бағада сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінгідей, күрделі экономикалық жағдайда, осындай дүкеннің ашылуы, жастарға қолдау көрсетудің оңтайлы жолы болмақ. Бұл әлеуметтік дүкен орталықтың барлық әлеуметтік-тұрмыстық бағытта көрсететін жалпы қызметтерін көрсетеді.
Әлеуметтік-тұрмыстық бағытта көрсетілетін қызметтердің саны алуан түрлі. Олардың қатарында банк, дәріхана, заңгер, нотариус, әуе, теміржол кассасы мен туристік фирма қызметтері бар. Кітап дүкені, фотостудия, сән салоны мен кір жуатын орын, супермаркет, студенттік асхана, ателье қызметтері бүгінде барлық қауымның ықласына бөленіп отыр. Өз жұмыстарын жаңа бастап, жанданып келе жатқан бұл нысандар әрі қарай да сапалы қызмет көрсете беретіні анық.
Студенттердің көңілді де, пайдалы демалысын ұйымдастыру мақсатында орталықта мәдени-демалыстық бағытта қызмет көрсететін кинотеатр жұмыс істейді.
Медициналық бағыттағы қызметтерді ұлттық университеттің оңтүстіккореялық серіктестері – Сеул ұлттық университеті және Енсе университеттерімен жасалған арадағы табысты әріптестіктің нәтижесі болған диагностикалық орталық көрсетеді. Диагностикалық орталық пациенттерге диагностика жасаудың ең жоғарғы деңгейін қамтамасыз ете алатын жаңа медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аталмыш орталық университетте жақында ашылған Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінің медико-биологиялық кластерінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Бүгінде «Керемет» қызмет көрсету орталығы «аты затына сай», студенттерге барлық оқу-ағартушылық, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, мәдени-демалыстық бағыттағы қызметтерді орталықтандырылған бір орында көрсететін бірден-бір таптырмас орын болып отыр. Сондықтан да болар, жақында орталықта сапармен болып қайтқан Қазақстан Республикасының Вице-премьері Д.Н.Назарбаева: «Ұлттық университетте бастама көтерген бұл модельдің студенттер өмірінің қолайлы жағдайын қамтамасыз етуге ұмтылған қазақстандық жоғары оқу орындары үшін үлгі» болатынын атап өтті.
«Керемет» – ол студенттер мен оқытушы-профессорлық құрамына сапалы қызметтер ұсынушы, әлеуметтік маңызды қызметтердің кең спектрін біріктірген университет қабырғасында құрылған әлемдегі бірден-бір бірегей орталық. Ендеше, бірегей орталықтың бірегей бастамаларға айнала беретініне сенім мол.
Сайран БАЯНДИНОВА,
«Керемет» студенттерге
қызмет көрсету орталығының
директоры
АЛМАТЫ