Еліміздің тәуелсіздік алғанына 20 жылға аяқ басты. Аз уақыт ішінде еліміз іргелі елге айналып, тарихи тағылымдарға қол жеткіздік. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың «Жарық болсаң, жарықты кім көрмейді» дегеніндей, әлем елдері сол жарықты көріп, бағасын берген бақытты сәтті де көрдік. Соның бәрі Тұңғыш Президентіміздің көреген саясатының арқасы.
Біздің колледж ұжымы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендікпен жүргізіп отырған саясатын қолдай отырып, референдум арқылы Елбасы өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдайды. Өйткені, еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде экономикалық жағынан серпінді, демократиялық тұрғыдан салиқалы түрде дамып келе жатқан мемлекетке айналды.
Қазіргі таңда еліміз – халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі әрі Орталық Азиядағы аса беделді мемлекет. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астанамызда Саммит өткіздік. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі саясаткер ретіндегі беделін танытады. Ел мен елдің өзара ынтымақ пен достықта қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуді қалайтынын көрсетеді. Сол қасиетті жолдағы ұлан-ғайыр еңбегін паш етеді.
Жақында колледж ұстаздары мен еңбек ардагерлері бірігіп үлкен жиын өткізді. Жиынның мақсаты – ұстаздарға ортақ міндет, яғни ел болашағы – білімді жастарды тәрбиелеу жолындағы Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыра отырып, Н.Назарбаевтың ел басқару құзыретін ұзартуға қолдау көрсету болды. Онда ардагерлер Я.Шынәсілов, В.Юношев, В.Шишкалов, Г.Сейітова, Е.Олжабаева Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы мен ерік-жігерінің арқасында аз уақыт ішінде еліміздің орасан зор тарихи табыстарға қол жеткізгендігін, халқымыздың санғасырлық арман-мақсатының орындалып жатқандығын айта келіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару құзыретін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын қолдауға шақырды.
Сәуле МҰСАЕВА, Абай атындағы гуманитарлық колледждің директоры.
Жамбыл облысы.