Біздің алдымыз тоқсанның үшеуінде, соңымыз жетпістің бесеуінде, Ақтөбе облысындағы отыз бір зейнеткер аналармыз. Елбасы өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жайындағы бастамашы топтың ұсынысын, оны қолдаған Парламенттің шешімін қолдайтынымызды білдіріп, хат жазып отырмыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз Қазақстанның негізін өз қолымен қалаған Тұңғыш Президентіміз. Елбасының көреген саясаткерлігі арқасында қазақ елі бұрынғы одақтастарымыздан оқ бойы озып шығып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, он тоғыз жылдың ішінде дүние жүзіндегі дамыған елдер қатарына қосылды. 130-дан астам ұлыстар мен ұлттардың тең құқықтарын сақтай отырып, ел ішінде барлығы бір анадан туғандай тату-тәтті бейбіт өмір сүруге қол жеткіздік. Сарыарқаның төрінен әсем қала Астана тұрғызылды. Елбасының осындай ұлы да көреген саясаткерлігінің арқасында бүкіл түркі тілдес мемлекеттердің арасынан Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге қол жеткізді. Қол жеткізіп қана қоймай, ЕҚЫҰ-ға бұрын басшылық еткен елдердің төрағаларының қолдарынан келмеген, ұйымға мүше 56 елдің мемлекет және үкімет басшыларын Астанаға жинап, Тәуелсіздік сарайында саммит өткізілді. Сөйтіп, осы саммитте Астана Декларациясы қабылданды.
Енді біздер – аналар мен апалар Президентіміздің дүние жүзін мойындатқан ұлы саясаткерлігінің арқасында өзіміздің қандай дәрежеде күн кешіп жатқанымызды баяндаймыз. Қазір ойлап отырсақ, кешегісіз – бүгін, бүгінгісіз – ертең жоқ дегеннің ақиқатына көзіміз жеткендей.
Облыс жағдайының жақсаруы арқасында облыстың барлық тұрғындары зейнетақымызды, еңбекақылар мен жәрдемақыларды бір күн де кешіктірмей уақытында алып тұрамыз және жылма-жыл зейнетақымыз 25-30%-ға өсіп отыр. Басымызда баспанамыз, дастарқанда асымыз, көбіміздің көлігіміз бар дегендей, адам жанына керектің бәрі бар. Елбасы Жолдауында көрсеткен «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы облысымызда түгелдей орындалды деп айтуға болады. Облыс бойынша барлық фабрика-зауыттар жұмыс жасайды, жас мамандар ауылға деген ұранмен институт бітірген немерелеріміз аудандарға, ауылдарға барып, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Жолдамамен барған жас мамандардың бәрі тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, бір жолдық көтермеақыларын алып жатыр. Соның нәтижесінде, облыс бойынша жұмыссыздар саны жоқтың қасы. Еңбек және соғыс ардагерлерінің облыс орталығында тегін емделіп, дәрі-дәрмегімізді тегін алатын емханамыз жұмыс жасайды.
Біздер сияқты қарияларға не керек?! Жылы орын, жұмсақ төсек, тәтті тағам емес пе. Қазір бізде осының бәрі бар, Ақтөбе облысында тұрмысқа қажетті заттардың барлығының да бағасы бірқалыпты, өскен жоқ.
Сөзіміздің соңында айтар аналық, әпкелік өтінішіміз: Елбасы «халық ұйғарса, хан түйесін сояды» деген қазақтың дана сөзінен аттамайды деп сенеміз. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев – республикамыздың Тұңғыш Президенті, халықтың қалаулысы, құрметті Елбасымыз.
Бұл, бүкіл республика халқының, біздер сияқты зейнеткер аналардың тілегі, осы біздің тілегіміз орындалады деп есептейміз.
Зейнеткерлер атынан хат жолдаушы Қарылға КЕРЕЙҚЫЗЫ, барлығы 31 адам қол қойған.