22 Сәуір, 2016

Олжас туралы ой

425 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
олжас-32610Ұзақ жылдар бойы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен аралас-құралас бола жүріп, оның бірегей тұлға екеніне көзім жетті. Кездескен сайын шын мәніндегі эпикалық болмысының кеңдігі мен тереңдігі маған әр қырынан ашыла берді, мерейін асыра берді. Олжас дүниежүзіне белгілі орыстілді қазақ ақыны болып қалыптасты. Таланты талас тудырмайды. Оған көп септігін тигізген фактор Сүлейменов шығармаларының орыс тілінде жазылғанында жатыр. Алайда, Олжас өзінің ұлы шығармаларын Пушкин мен Толстой тілінде жазғанымен, өз халқы мен туған елін жырлауда алдына жан салмады. Халқымыздың ұлттық сана-сезімін дамытудағы оның рөлі мен маңызы лайықты өз бағасын алуы тиіс. Алып та келеді. Олжастың шыққан биігіне көтерілу оның кемшіліктерін тізбелейтін «ура-патриоттардың» түсіне де кірмейді. Биік таулар алыстаған сайын зораяды... Олжаспен кездесулерім көп-ақ. Олардың бәрін есте сақтау да мүмкін емес. Дегенмен, бір жағдай көз алдымда. Өйткені, ол маған жаңа, өзгеше бір қырынан танылды. Олжасты біреулер қонаққа шақырды... Адамдар онымен дидарласып, шығарма­ларынан сусындағысы келген болуы керек. Қалайша оны оңайлықпен жібере қойсын. Дәл осы күні біз ол үшін монша дайын­дамақ болып келіскенбіз. Сағат кешкі жеті шамасында от жағушы жігіт моншаны қыздырып үлгерді. Бірақ, Олжас кешігіп жатыр. Телефон соқтық. «Келесіз бе?» деген сұраққа «Иә» деп сергек жауап естілді. Күтумен болдық, от жағушы жігіт моншаны бірқалыпты температурада ұстаумен әлек. Әне-міне, дегенше қонақ та келеді. Алматыда күн батып, қараңғылық түсті. Телефоннан «Тез келіп қаламын, жылыта беріңдер» деген құлаққа жағымды баритон дауыс естілді. Бірақ Олжекеңді таныстары жібере қойсын ба! Ақыр аяғында іс мынамен бітті: екі сағаттан соң от жағушы жігіт ұйықтап қалды, пештің қызғаны сонша, қабырғаға өрілген тақтайлар мен демалуға арналған жиһаздар ыстыққа шыдамай өртеніп кетті. Таңға жақын көршілердің шақыруымен келген өрт сөндірушілер отты өшіргенмен, сау ешнәрсе қалмады. Екі күннен кейін Олжас Парижге аттанып кетті. Тек екі айдан кейін қайтып оралды. Ал біз болсақ, осы аралықта моншаны көз ұялатындай етіп жөндеп қойдық. Бір қызығы: Олжас моншаның ашылған күні келмесі бар ма! Мен қалжыңдап, өрттің арқасында жаңа монша пайда болғанын айтқанымда, тапқыр Олжас ойланбастан былай деді: «Монша босқа өртенген жоқ. Егер Мәскеу өртен­бегенде, осы күнге дейін ағаш үйлерімен қалар еді». Мұны естігендер біразға дейін езулерін күлкіден жия алмады. ...Мен Олжекеңнің терең ойлы және өтімді сөйлей алатын қабілетіне әрқашан да тәнтімін, өйткені, оны адамдар құлақ құрышы қанғанша тыңдайды. Менің мәс­кеулік достарымның айтқандары есімде: Сүлейменов сөйлегенде кез келген аудиторияда сыңғырлаған тыныштық пайда болып, тіпті, шыбынның ызыңы естіліп тұрады. Олардың бәрі келісіп қойғандай «Олжас – керемет шешен» дегені де бар. Оның КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумында репрессияға ұшыраған халықтарды ақтау туралы заң қабылдау кезінде жасаған баяндамасын залдағылар демін ішіне тартып, қыбыр етпей тыңдаған ғой! ...Мына көрініс те әлі көз алдымда (бұл өткен ғасырдың 80-90-жылдарын­да «Москва» қонақүйінің фойесінде болған еді): лек-легімен қырым татарлары, карашайлықтар мен балқарлар, чешен-ингуш делегациясы, тәртіпсіздіктер орын алған Бакуден келген әзербайжандар, Балтық жағалауының жұрты Олжастың қабылдауына келіп жатты. Олар өз жан жарасын біздің ақынға айтып, оның кеңесін тыңдауға, жігерлендіретін сөздеріне құштар екен. Ал Олжас Омарұлы болса, олардың бәріне уақыт тапты. Қонақүйде бөлмелеріміз көрші еді. Бір-бірімізге емін-еркін кіріп-шығып жүрдік. Тергеушілер Гдлян мен Ивановтан қорғаныш іздеп бас прокурор Сухаревтің де келгенін көрдім, сондай-ақ, оған достық рәуішпен Шеварднадзе мен Яковлевтің келгені де белгілі. Сүлейменовке келіп жолығуды оның көптеген ресейлік достары: ақындар, жазушылар, ғалымдар мәртебе санайтын. Олжас өзінің батылдығы және батыр­лығымен басқалардан ерекше тұрды. Қане, Олжастан басқа қай депутат КСРО Жоғарғы Кеңесінің мінберінен Бакудегі қорғансыз халықты танкімен таптаған сорақылықты бар дауысымен айтып, жаһанға жар салды?! Ол билік жүйесінің бұл әрекетін «арсыздық фашизмі» деп атады: өйткені, совет танкілері өз адамдарымызды басып жаншыды. Оны қалай түсінуге болады?! Ол кезде кеңес империясының шет аймақтары Мәскеуге қырын қарауға қорқатын еді, ал Олжас болса, бетіне тіке айтты! Мұндай әрекетке нағыз ержүрек адам ғана бара алатын еді. Билік жүйесіне мұндай батыл сөздер Сүлейменовтің ішінен қайнап шықты, өйткені, бұл билік тек өзінің отбасының тағдыры емес (әкесі 1937 жылы атылған), халықтың тағдырын тәлкекке салған еді. Сталиндік куғын-сүргін миллиондаған совет адамдарының тағдырын тас-талқан етті. Ақсақалдар, Ұлы Отан соғысына қа­тысқандар мен ардагерлер бейбіт күндердің өзінде ұлт батырларының қажеттігін үнемі айтып отыратын, сондықтан да, Ол­жасты олар «қазіргі заманымыздың Бауыр­­жан Момышұлысы» деп атады. Аға ұрпақ әрқашан ұлы жауынгер-жазушы Бауыржанды мақтан тұтты. Көріп отырсыздар, уақыт өте осындай мәртебеге ие болып, Олжас сөз сардары атанды. Бакуліктер арасында менің достарым көп. Түркияда да бірнеше рет болдым. Онда Олжасты олар «Милли қаһарманы – түрік әлемінің ұлттық батыры» деп атайды. Түріктер кімді қалай атауды біледі. Ендеше, мұндай атақты кез келген адамға босқа бере қоймайды. Түріктер Олжас құрған «Невада-Семей» қозғалысының атом сынақтарын тоқтатуға жол ашқанын ұмыта қойған жоқ. Дүниеде кемшіліксіз, қателеспейтін адам жоқ. Біздің ақынымыз да солардың қатарында. Басқалардың кемшілігін асыра көрсету қазір адамдарға әдет болған.Басқаларды кемсіту арқылы өздерін көкке көтергісі келетіндер айналамызда аз емес. Бірақ Олжас өте мықты адам: анау-мынау ұсақ-түйекке көңіл аудармайды, сондықтан да, оның көш-керуені кез келген жағдайда тоқтамай алға жылжи береді. Адамдар ол туралы не десе де, Олжас өз халқының жүрегіне мәңгі ұялаған. Герольд Бельгер атты «соңғы қазақ зиялысының» Олжас туралы мәнді де шырын сөздері мынадай: «Ол өз халқының мәртебесін, мәдениетін, тарихын, ар-намысын, абыройын көтерумен болды. Әр қазақ «Олжаспен мақтану керек!» дегенге көзі жетті. Осы себепті, оның кейбір кемістіктері мен ақаулары көзге ұрып тұруы ықтимал. Алайда, оларды асыра айтпау керек». Бұл Сүлейменовтің сыншыларына берген жауап болды. Меніңше, одан артық не айтуға болады?! Олжас Сүлейменов – тек талантты ақын және публицист қана емес, сонымен қатар, ірі тарихшы-ғалым, лингвист. 1975 жылы жарық көрген атақты «Аз и Я» кітабы ондаған жылдар бойы советтік тарихи пуб­лицистикадағы қатып қалған қасаң ережелер мен болжаулардың астан-кестенін шығарды. Кітап мүлгіген түркі халықтарына қозғау салып, оларды жаңа талпынысқа жігерлендірді. Бұл үлкен әдеби зерттеу – «Аз и Я» 2001 жылы қайта басылып шықты. Одан басқа, Олжастың қаламынан туған «Әлемді метафорамен түзетейік», «Таңбалар тілі», «Құдайдың күлімсіреуі» (бұл «Аз и Я» кітабының жалғасы), «Түйісетін параллельдер», «Тарихымызға дейінгі түркілер», «Сөздің коды» сияқты тамаша кітаптары жарық көрді. Қазір ол «Түрік пирамидасы» кітабын жазу үстінде. 2015 жылдың желтоқсанында ғаламтор төмендегідей хабар таратты: «Түркияның ең танымал Түркологиялық зерттеулер қоры оған «Түркі әлемінің Жыл адамы» деген атақ берді». Дәл осы кезде Иерусалим академиялық колледжі Олжас Омарұлын «Құрметті профессор» етіп сайлады. Онымен аралас-құралас болғандардың бәрі Олжастың көрегендігін, оның парасатты ақылы мен адамдарды өзіне баурап тарта білетін қасиеттерін әлдеқашан мойындаған. Өзімде мұндай мүмкіндіктің барына мен өте ризамын. Есімі үлкен әріппен жазылған тұлғалы досыммен бақыттымын. Ол – нағыз азамат қой! Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АЛМАТЫ