22 Сәуір, 2016

Қазақстан бастамасы – құптарлық қадам

330 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
*Сырт көз – сыншы Астанада кеше басталған ХІІІ Еуразиялық медиа форумда әлемнің қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелері талқыланып жатыр. Оған жаһанның 50 елінен келген 30 спикер мен 400 делегат қатысуда. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдарының тағы 400-ден астам өкілі форумнан хабар таратуға кірісіп кетті. Журналистер жиынның алғашқы күнінде жоғарыдағы тақырыпты қаузаған негізгі 4 мәжіліс өтті. Бұған қоса, белгілі журналистер, саясаткерлер мен экономистер осында 5 шеберлік сабағын жүргізді. Форумның күн тәртібі ғаламды құрсаған дағдарыс, мұнай өндіру кешеніндегі проблемалар, Таяу Шығыстағы ахуал, Ауғанстан мәселесі, ХХІ ғасырдағы ақпарат соғысының ерекшеліктері, мемлекеттік қаржы ресурстарын басқару секілді тақырыптарды қамтыды. Бұлардың бірқатары кешегі жиынға өзек болды. Форумға қатысушылар өздерінің БАҚ өкілдерімен жеке, бетпе-бет кездесулері барысында да осы өзекті мәселелер жөнінде пікірлерін білдірді. Солардың бір легі мына ойларды тарқатты. Мариэнн ПЕРЛ, Chaim for Change веб-плат­фор­ма­сының жауапты редакторы (Франция): Қазіргі әлем­де қыз-келіншектер­ге зор­лық-зомбылық көр­сету барынша кең өріс алып тұр. XIII Еуразиялық медиа форум­ның бұл мә­се­лені көтеруі тектен-тек емес. Сондықтан қысым көрген әйелдер мәсе­лелері және онымен күресу жолдары күн тәртібіне берік еніп кетті. Мен бұл проблемамен көптен бері айналысып келемін. Зерттеу барысында байқағаным, көптеген елдерде әйелдер өздерінің еріктерінен тыс жыныстық қатынасқа түсіп қалады да, осы үшін соңынан қатты жәбір-жапа көреді. Бұған қоса, оларға білім мен медициналық көмек алуға мүмкіндік берілмейді. Осылайша әйелдер құқығы жаппай бұзылып жатыр. Мен Жер бетінің түкпір-түкпірінде болып, азапты жағдайда өмір сүріп жатқан әйелдердің тіршілігін көп көрдім. Олар жайлы кезінде деректі фильм де түсірдім. Ақырында өзім басқарып отырған Chaim for Change веб-платформасы қыз-келіншектердің құқын қор­ғайтын ғаламдық қозғалысқа айналып кетті. Ал алдағы уақытта мұндай кемсітушілік болмауы үшін лаңкестік топтар тарапынан жасалатын түрлі кибер араңдатушылықтың ықпалында кетіп қалмауымыз керек. Меніңше, Қазақстан терроршылардан төнетін қауіп-қатердің алдын алып,  ұрысты бейбіт жолмен шешуді бірінші кезекке жақсы қойып алған. Осы ретте қазір әлемде әйелдерге төнген түрлі қауіп-қатердің бар екенін ашық айтатын уақыт келді. Мәселен, ғаламтор, әлеуметтік желі бар. Маған Кенияның шалғай ауылында тұратын бір қыз хабарласты. Ол өзінің басындағы мәселесін айтты. Ал бұлайша шыға алатындар тым көп емес. Бұл жерде БАҚ-тың халық үшін үлкен қозғаушы күш екенін айта кеткен ләзім. Егер өз ахуалыңызды дұрыс етемін десеңіз, мәселені бірінші өзіңізден, күнделікті дағдыңыздан бастағаныңыз абзал. Джек СТРО, Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі: – Қазақстан Прези­денті манифест жариялап, əлемде қауіп­сіздікті сақтау тетік­терін көрсетті. Мен бұл бастаманы қол­даймын. Сіздердің ел­деріңіз кезінде Семей ядролық поли­го­нын жауып, жақсы үлгі көрсетті. Қазір əлемде ядролық қаруды сынақтан өткізетін мемлекеттер қатары азайып келеді. Бұл – қуанар­лық жағдай. Алайда, Солтүстік Кореяда қауіпті қару­дың сыналып жат­қаны əлем халқын алаңдатып отыр. Рас, қазіргі әлемде алаңдайтын нәрселер өте көп. Бі­­рақ соның ішіндегі ең қауіптісі де, ең жылдам соққы жа­­­сай­­­­ты­ны да ядролық қатер. Ал осы қауіптің бетін қай­та­­рып, бей­біт өмірге қарай бет бұрсақ, қалған проблемаларды бір­тіндеп шешу немесе ондағы қиындықтарға ептеп те болса төтеп беруге мүмкіндік туады. Алдымызда адам­зат баласын экономикалық және экологиялық си­пат­тағы орасан зор қауіп-қатерлердің күтіп тұрғанын жұрт білуге тиіс. Оның шарпуы соғатын кезге де тым көп уа­­қыт қалған жоқ. Келешекте адам баласына азық-түлік пен ауыз су тауып берудің өзі үлкен проблемаға айналады. Осындай кезде Жер планетасы тұрғындарының барынша ұйымшыл да тату-тәтті болғаны аса маңызды. Қазақ­стан лидері Нұрсұлтан Назарбаев бізге осы мәсе­лелерге тағы да мұқият назар аударуды ұсынып отыр. Риз ХАН, Global media productions компаниясының өкілі: – Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың мани­фесі бәрімізді де терең ойға қалдырды. Онда айтылғандардың бар­лығы шындық. Бізде қазір бұдан басқа таң­дау жоқ. Екінің бірі. Не өмір сүруді одан әрі жал­ғас­тыруымыз керек, не құрып кетуге бет алуымыз керек. Өмірдің ащы шындығы тап осындай. Енді БҰҰ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық қару жасау саласындағы ғылыми зерттеулер реестрін құрса, бұл үлкен жетістік болады деп есептеймін. Барлық ғалымдар осы бағыттағы әлемде болып жатқан жаңалықтарды біліп отырады. Менің ойымша, бірқатар ел осындай зерттеулерді дамыту үшін қомақты қаражат құя алар еді. Сонда ғана ғалымдар арасында нағыз шынайы бәсекелестік қалыптасады. Нәтижесінде оларға атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолданудың орайы келіп, күні туады. Ольга КЕФАЛОЯННИ, Грекия парламентінің депутаты: – Біздің бәріміз Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен мұқият танысып шық­тық. Онда тек Қа­зақ­­станға қатысты ғана емес, күллі әлемді тол­ған­­дыратын өзекті мәсе­лелер қамтылған. Егер шын мәнінде Жер бетінде бейбітшілікті қалпына кел­тіріп, планетаны сақ­тап қаламыз десек, манифес­те айтылған және ұсы­нылған тұжырымдарға ден қоюымыз керек. Ол және кезек күттіріп жататын міндет емес. Оны тап бүгіннен бастап басшылыққа алған дұрыс. Осы орайда Қазақстанның ядролық қару қолдануды тоқтатуға қатысты бастамалары сәтті жүріп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Медиа форумда осы жағдайлардың бәрі айтылуда. Себебі, манифесте қозғалған мәселелер біздің бәріміздің көкейімізден шықты. Бейбітшілік тек Қазақстанға ғана емес, біздің бәрімізге де керек. Осының бәрі ядролық сынақтардан өз еркімен бас тартқан ел басшысының басқа жұртты ақыл мен сабырға, парасатты пайымға шақырған басалқылы мәлімдемесі болып көрінеді. Біз мұны бек қолдаймыз. Біздің бәріміз бұл мәселені тап қазірден қолға алуға ықпал жасауымыз керек. Әйтпесе, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін. Артур ДЕНАРО, Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі: – Қазақстан ядро­лық қарудан бас тартты. Елдегі қауіп­­­­сіз­дікті қару­дың мұндай түрін қолданбай-ақ қам­та­ма­­­сыз етуге бо­ла­тындығын дәлел­деді. Қазақстан тара­пы­­­­нан жүзеге асып жатқан бастамалар ядролық қару­дан ада әлем құруға зор үлес қосуда. Ал осының орны­на яд­ро­­­­лық қаруға қол жеткізуге ұмтылып отырған елдер де же­­­тер­­­лік. Бұл – өте қауіпті және алаңдатарлық үрдіс. Біз­­­ге қа­зіргі Солтүстік Кореяның әрекеттерінің өзі жете­ді. Қа­зақ­­стан Прези­дентінің осы жөніндегі бастамасы атал­­­­ған пи­­ғыл­дағы елдер лидерлерін ойландыруға тиіс. Жер­­­ді сақ­­тап қалудың бұдан басқа жолы жоқ. Өт­кен жыл­­дар­­дың барлық текетірестері бізге әлі сабақ бол­ма­ған сияқты. Осы тұрғыдан келгенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы өте құптарлық. Ол бұған өзінің нақтылы ісі арқылы құқылы екенін де көрсетті.