Еуроодақ тағдыры талқыға түсті
Отырыстың тізгінін ұстаған модератор, АҚШ-тың «Riz Khan Productions» компаниясының басшысы Риз Хан қатысушылар назарын Таяу Шығыс пен Африка елдерінен босқындардың ағылуына байланысты жағдайдың шиеленіскеніне, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мүмкіндігіне және ЕО-ның ыдырау қаупі туғанына аударды. «Расымен, бүгінде Еуроодақ жолайрықта тұр. Мүше елдер саяси интеграциядан бастап қаржы ынтымақтастығы, әлеуметтік бірігуге дейінгі барлық мәселелер бойынша келісімге келе алмауда. Елдер арасындағы теңсіз шарттар мен қарама-қайшылықтарды ескерсек, еуропалық нарыққа қауіп төніп тұрғанын аңғарамыз. Осыған байланысты Брюссель аталған мәселелерді шешуде жалпыеуропалық саясат құруға тырысуда. Алайда, нәтиже көңіл қуантпайды. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның айтуынша, уақыт өткен сайын Еуропа өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып барады. Демек, Еуроинтеграцияның қазіргі ахуалы, шын мәнінде, алаңдайтындай деңгейде», – деді Р.Хан. Өз кезегінде Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро Еуроодақтың шын мәнінде ауқымды әрі мақсаты айқын жоба екенін айтты. Экс-министр ЕО-ның оның негізін қалаушылар ойлағаннан да артық жұмыс істегеніне тоқталып: «Одақтың құрылуы сәтті жоба болды. Ол Еуропаның өркендеуіне, бейбітшіліктің сақталуына айтарлықтай септігін тигізді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Шығыс Еуропа елдерінде демократияның сәтті қалыптасуына Еуроодақтың ықпалы зор болды. Соған қарамастан, Ұлыбританияның Еуроаймақтан шығу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл ретте, біздің елде қоғамның қызығушылығы екі түрлі екенін айтқым келеді. Мәселен, сан жағынан басымдыққа ие сайлаушылар мен бизнес-элита өкілдерінің ұстанымдары қарама-қайшы. Десек те, Еуроодаққа қордаланған мәселелердің ошағы деп баға беру дұрыс емес», – деді. Бұл пікірмен келісетінін білдірген Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты бойынша алқа мүшесі Тимур Сүлейменов Еуроодақтың әлі де болса жемісті жұмыс істеуі үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ ЕО-мен сауда қатынасының ұзақ мерзімге жалғасатынына үмітпен қарайды. «Еуроодақтың инвестиция ағынына, сондай-ақ, өзара және сыртқы сауда-саттығына қарап, оның өміршең екенін айтуға болады. Одақ болашақта да зор әлеуетке ие болып қала береді. Сондықтан, ол алға қойған мақсатына жету үшін өз жұмысын жалғастыра береді деп ойлаймын. Ұлыбританияның ЕО-дан шығу мәселесіне келсек, меніңше, бұл екі тарап үшін де тиімсіз шешім», – деген Т.Сүлейменов ЕАЭО ЕО-ны өзінің дәстүрлі серіктесі санайтынын жеткізді. Ал Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов біздің мемлекет бұл мәселеге өзге қырынан қарайтынын айтты. «Еуропа Қазақстан үшін қай кезде де ірі саяси серіктестердің бірі болып қала береді. Әзірге әлемде Еуроодақтан артық интеграцияның моделі жасалған жоқ. Оның үстіне, Еуропа тек технология мен инвестицияның ошағы ғана емес, сондай-ақ, жаңа құндылықтар мен инновациялық және саяси реформалардың ордасы. Сол себепті, Еуропаның қазіргі келеңсіздіктерді жеңіп шығатынына сенеміз. Осы ретте, ЕАЭО-ның құрылуына Еуроодақтың тәжірибесі де айтарлықтай себеп болғанын атап өткен жөн», – деді Е.Ыдырысов. Кәрі құрлықтағы ахуалдың әлі де болса оңалмай тұрғанын Германиядан келген сыртқы саясат және экономика жөніндегі сарапшы Александр Рар да тілге тиек етті. Ол ЕО құрылғалы бері Еуропадағы жағдайдың мұншалықты қиын болмағанын айтып: «Өкінішке қарай, 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Еуропа тұрақты қалыпқа әлі келе алмауда. Грекиямен байланысты мәселелердің өзі ЕО-ның іргесіне сызат түсіріп тұр. Аталған мемлекетте кез келген уақытта дефолт болуы мүмкін. Ал бұл Грекияның ЕО-дан шығуына әкеліп соғады. Сондықтан Еуропадағы қаржы тұрақтылығы туралы айтуға әлі ерте», – деді. Сонымен қатар, А.Рар ЕО шаңырағын шайқалтып тұрған екінші мәселе террорлық шабуылдар екеніне назар аударды. «Біз мұндай мәселені қалай шешу керектігін білмейміз. Терроризм жүрегімізге қорқыныш ұялатып қана қоймай, қоғамның бір бөлігін өз жақтарына қаратып алуда. Ол аз десеңіз, Еуроодақтың 60 жылдық тарихында болмаған босқындар мәселесі де жағдайды тым ушықтырып жіберді. Тіпті, маған осының салдарынан неміс қоғамы бірнеше бөлікке ажырай бастағандай көрінеді. Себебі, бір бөлігі босқындарды қабылдау керек десе, келесі топ мұсылмандану үдерісі жүріп жатқанын, соның салдарынан Еуропа өркениеті мен мәдениетіне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Сондықтан, бүгінде Еуропа өз тарихындағы ең қиын күндерді бастан өткеруде деуге толық негіз бар», – деген сарапшы босқындар мәселесінде Германия канцлері Ангела Меркельдің саясатын қолдаушылар қатары аз екеніне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Траян Христеа, Түркия премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі Әли Осман Өзтүрік және Одақтас мемлекеттер (Ресей және Беларусь) мемлекеттік хатшысының кеңесшісі Мария Валовая аталған тақырыпқа қатысты өз көзқарастарын білдіріп, Еуропаның бүкіл әлем үшін алар орны ерекше екенін айтты. Пікірлесу барысында сарапшылар Еуроодақты сақтау және нығайту үшін жаңа тұжырымдама қажет екеніне аса мән беріп, оның ыдырауының алдын алудың тиімді тұстарына тоқталды. Өйткені, Еуроодақтың іргесіне түскен сызат әлемнің экономикасына ғана емес, жалпы құрылымына да кері әсер етпек. Сондықтан, «Еуропа тап болған қазіргі «тар жол, тайғақ кешуден» барлық құрлық бірігіп өтуі тиіс» деген қорытындыға келген сарапшылар тұрақты әлем құру үшін жұдырықтай жұмылатын кез келгенін айрықша атап өтті.Кино да қоғамның қозғаушы күші
Елорданың төрінде өткен Еуразиялық медиа форумның екі күні де ерекше естеліктермен есте қалды. Әр жиынның мәні мен мазмұны терең. Саясаттан сөйлесе сарқылмай, әлемдік әңгімеден тартынбай, шеберлік-сабақтарында шешіле сөйлеген шетелдік қонақтардың сөз қоржыны қомақты екенін байқадық. Сан түрлі тақырыпты сабақтастыра әңгімелеп, пікір алаңын қыздыра түсті. Бізге де керегі осы. Кешегі күні көтерген келелі мәселенің бірі – кино саласы болды. Бүгінгі киноның хал-ахуалынан хабар беретін жиынды Ирландиядан келген «Screen Daily.com» сайтының редакторы Фионнуала Хэллиган жүргізді. Өзекті ойларын өзгелермен бөліскен сарапшы мамандардың қатарында футуролог Рэй Хаммонд, Ресей Кинематографистер одағы төрағасының бірінші орынбасары Олег Иванов, «Thunder Communications International» компаниясының бас директоры Чарльз Лей және де кино саласында орнықты орын алып үлгерген кинопродюсер, «Eurasia Film Production» компаниясының бас директоры Гүлнәр Сәрсенова, «The Festivals Channel» телеарнасының директоры Тони Уоттс, киносыншы Андрей Плахов, Ресей Мәдениет министрлігі кино жөніндегі сараптама кеңесінің мүшесі Андрей Терешок бар. Орамды ойларын ортаға салған мамандар жарық көріп жатқан кинолардың жақсы тұстарын жариялап, кем-кетіктің орнын толтыруға тоқталып, сын-пікірлер де сырт қалмады.Тамырын тарқата түссек, бір сағатқа созылған басқосудың басты тақырыбы да белгілі. Бағыты да айқын. Көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген көптеген фильмдердің сапасын саралау. Отандық ортадағы болсын, шетелдік шеңбердегі болсын әрбір туындының көлеміне емес, береріне баса назар аударуымыз керек, деді келген сарапшылар. «Жасыратыны жоқ, әлемдік факторға айналған телевизия мен кино арқылы қоғамдық пікір қалыптасады. Жаһандану ғасырында біз «рухани аштығымыздың» орнын мәнді, мағыналы фильмдермен толтыруға тиіспіз. Бүгінде көркем шығарма оқымайтындардың ықыласы «көк жәшікке» ауып кеткен. Олар кітап оқуға ынта танытпаса да, кино көруге уақыт табады. Оның бәрі заманның залалы десек те, уақыт көшіне көнуге тура келеді. Сондықтан, неғұрлым көбірек тарихи туындыларды тарту етсек, солғұрлым келешек ұрпақтың санасы керекті мағлұматтармен толығатын болады. Біз шығарған киномызды бәсеке бәйгесіне салу үшін емес, ең бірінші өскелең ұрпақтың өмірі үшін тәрбие құралына айналдыруымыз қажет. Жақсы дүниелерді жарнамалап, пайдалы фильмдердің қатарын көбейтуге көңіл бөлуіміз керек», – деді алғаш болып сөз алған Қытай мемлекетінің өкілі «Thunder Communications International» компаниясының бас директоры Чарльз Лей. Иә, ақиқатына жүгінсек, құптауға тұрарлық пікір екені даусыз. Тәрбие құралына айналдыра алсақ, тіпті тамаша. Себебі, бүгінгі бүлдіршіннің сырласы да, мұңдасы да көгілдір экран екені көпшілікке мәлім. Олардың ойы да, ойыны да төртбұрышты құрылғының төңірегінен аспай қалғаны жасырын емес. Экраннан көргеніне еліктеп жүрген баласының ертеңіне елеңдейтін ата-аналар да аз емес. «Баламыз теледидарға телміріп, тілдесуден қалдық», деп қапаланып жүргені қаншама. Оған бола заманды да, адамды да айыптаудың ағат қылық екені белгілі. Маң-маң басқан түйелі керуеннің көшіндей өмір өз жырасымен жылжып барады. Оны тоқтатуға, я өзгертуге Құдайдан басқаның құдіреті жете қоймас, сірә. Сондықтан да, техниканың қарыштап дамыған қадамына қарғыс айтудың қажеті жоқ. Компьютерді кәдеңе жаратып, интернетті игілігіңе пайдалана білсең, алысты жақындатып, уақыттан ұтылмай уысыңда ұстауға үйренесің. Ғасырдың берген ғаламаттарын меңгеретін болсақ, ғажайып ғаламшардың кілтін тапқан боламыз. Теңіздің тереңіндегі маржан тастай маңызды ақпараттарды өз қолымызбен оқуға мүмкіндік алар едік. Осының бәрі ойланған адам үшін орындалатын арман. Қимылдамағандар қиял көріп жүре берері сөзсіз. Жә, сарапшыларға оралсақ... Бұқара көзін тіккен бұқаралық ақпарат құралдарының кино туындыларды алдыңғы қатарға қоюға да, біржола жоюға да дәрмені жететін дәуір болып тұр. Иә, айтпағымыз жарнама саласы. Нарыққа шыққан кез келген заттың жарнамасы жақсы болса, соншалықты сұранысқа ие болып, тұтынушысы да толастамайды. Бүгінгі мамандар да бұл тақырыптан аттап өтпеді. Өндірген киноңның көрермені көп болғанын қалайсың ба? Олай болса, жарнама қызметін қыздыра түс. Сонда көресің, елдің бәрі еңбегіңе таласып, жаппай, жанталасып алып жатқанын. «Бұрынғы жастар кітапханада танысушы еді, қазіргі жастар түнгі клубта танысады», деп бастады сөзінің әлқиссасын Ұлыбританиядан келген мейман Рэй Хаммонд. «Осылай болуына киноның тікелей әсері бар. Сондықтан да, әріптестерім айтқандай, танымдық туындылар тамыр жаятын болса, саналы ұрпақтың саны сатылап өсетінін көретін боламыз», – деді ол. Сарапшылардың сапар шеккен тағы тақырып аралы, ол – кинотеатр. Шынында да, күнделікті күйбең тіршілікке байлаулы жандардың болсын, бос уақыты жетерлік жеткіншектер болсын, олардың кинотеатрға қаптап барып жатқанын көп көрсек те, кинотеатрлардың іші толып кеткенін көрмейміз. Оған дәлел, тағы да техниканың дамуы. Қазір кез келген адамның үйінде ноутбук, колында планшет жүретіні айдан анық. Керекті киносын кинотеатрға бармай-ақ, қалаған жерінен тамашалай алатын күнге жеттік. Әрине, әр сарапшының әңгімесі әртүрлі болғанымен, ортақ ойлары да кездесіп жатты. Бірі кино жанрына мән беруіміз керек десе, енді бірі мықты сценарийстер дайындауымыз керек десті. Қалай болса да, ұрпақ тәрбиесін басты ұстаным етті. Жиі-жиі жиналыс жасап, ой бөлісіп, тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастырып отыруды да ұсынғандар болды. Қорытынды мәжілістегі қонақтардың күн тәртібіндегі тақырыпқа жасаған талдауы, қысқаша айтқанда, осындай. Аталмыш Еуразиялық медиа форумның негізгі міндеті – мәселе шешу емес, оны жан-жақты пікір айту арқылы саралау. Айтылған пікірлерге сүйене отырып, талдау негізінде таңдау жасау әр адамның өз еркінде.Қаржы журналистикасы – маңызды сала
Бұл күні Еуразиялық медиа форум аясында «Қаржы журналистикасының бағыты» тақырыбында шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оны тележүргізуші, РБК телеарнасы бас редакторының орынбасары Даниил Бабич (Ресей) жүргізді. Бұл шарада негізінен қаржы саласындағы ақпарат тарату мәселелері кеңінен сөз болды. «РБК» арнасында қызмет істейтін маман телеарна мен ғаламтордың өзара байланысы туралы құнды деректерді келтіре отырып, іскерлік және бизнес бағытындағы салалық тәжірибесін ортаға салды. Сондай-ақ, ол АҚШ және Ресейдің алдыңғы қатарлы телеарналарын салыстыра отырып, тиімді жұмыс тәсілдерін ұсынды. Оның айтуынша, аталған салаға қатысты журналистика қаржы нарығында қызмет көрсетеді. Бұл бағытта қызмет ететін журналистер қаржы нарығындағы жаңалықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі талдаулар, сараптамалар жасайды. «Іскерлік және қаржы журналистикасын ажырата білу қажет. Қаржы журналистикасы – іскерлік журналистикасының бір бөлігі. Бұл екеуінің айырмашылығы – іскерлік журналистика бизнес-аудитория сұрақтарына, ал қаржы журналистикасы одан да аз топтың сауалдарына жауап береді. Әдетте, бұл топ қаржы нарықтарымен, қаржы қызметтерімен байланысы бар адамдар шоғыры болып келеді», – деді Д.Бабич. Одан әрі маман негізінен трейдерлерден, инвестициялық компаниялар мен банктердің қызметкерлерінен тұратын РБК аудиториясының 2006-2015 жылдар аралығында қалай өзгергенін атап көрсетті. Даниил Бабич 2006 және 2015 жылдар аралығындағы трейдерлердің қызметіне баға бере отырып, қазіргі қаржы маманы әлдеқайда мобильді әрі көптеген гаджеттерді пайдаланады деген қорытынды жасады. Сонымен қатар, Д.Бабич қаржылық басылымдардың оқырмандары бөтеннің өмірін аңдуға, өзгенің ақшасын санауға және басқа да түрлі жайттарды білуге құштар келетінін жеткізді. Шеберлік-сабақ барысында спикер әлемге танымал қаржылық басылымдарда қандай үдерістер орын алып жатқанын арнайы көрнекі құралдар арқылы түсіндіріп берді. Осы орайда, ол бүгінгі жаңа технологиялар қаржы саласындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызмет көрсету сапасын жетілдіре түскенін сөз етті.Алқалы жиын аяқталды
Арқаның ару қаласы Астанада өткен алқалы жиын да өз мәресіне жетті. Әлемнің әр жерінен келген саясат сардарлары мен сарапшы мамандардың сан түрлі пікірлері, келелі кездесулері, маңызды мәжілістері бірқатар тақырыптың басын қайырды. «Бірде-бір мемлекет оқшауланып, өздігінен өмір сүре алмайды. Сандық технологиялар мен ғаламтор желілері адамдарды жақсы өмір сүру жолын іздеуге итермелейді. Бұл үкіметтерді табыс табудың жолдарын қарастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мәжбүрлейді. Қазір бәрін өлшеуге болады деп айтып жатады. Бірақ не болып жатыр? Кім кінәлі? Не істеу керек? – деген бітпейтін сұрақтардың жауабын іздейтін біздің сана-сезіміміз бен ойлау жүйемізді цифрлау мүмкін емес. Бұл ретте, осындай пікір алаңдарына қашан да сұраныс жоғары», – деді жиын соңында сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева. Сондай-ақ, Вице-премьер келесі ХIV Еуразиялық медиа форум 2017 жылдың 22-23 маусымы күндері Астана қаласында ЭКСПО көрмесінің аясында өтетінін жеткізді. Талғат БАТЫРХАН, Жолдыбай БАЗАР, Еламан ҚОҢЫР, Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ