C.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында Халықаралық балалар кітабы күніне орай қазақстандық автор Жан Аманидің «Даниялдың ғажайып әлемі», «Алуан түсті балықтар және Дария» атты екі кітабының тұсаукесері өтті.
– Бүгін бүкіл әлем жұртшылығы балалар әдебиеті күнін атап өтуде, – деді мерекелік шараны ашқан кітапхана басшысы Е.А.Фомченко. – Кітапхана ұжымы да осы бүкіләлемдік мерекені жыл сайын атап өтіп келеді. Балалармен бірге әлемдік және отандық балалар әдебиетінде болып жатқан елеулі жаңалықтармен танысып, жазушы, баспагерлермен кездесу өткізіп отырамыз. Бүгінгі қонағымыз ерекше. Ол – балалар жазушысы Жан Амани. Жас қаламгер кішкене балақайларға үлкен базарлығымен келіп отыр.
Осылайша жазушыны көпшілікке таныстырған бас кітапханашы сондай-ақ, белгілі суретшілер А.Хакімжанова мен А.Састың бірегей суреттерімен тартымды безендірілген кітаптарға балалардың қызығушылығын арттырса, өз кезегінде кішкене оқырмандар жазушы апайларына: «Жазушылыққа қалай келдіңіз?», «Жазушы болу қиын емес пе?», «Қай жанрда ертегі жазған ұнайды?», «Ертегілерді қанша уақытта жазасыз?», «Неге екі-ақ кітап, болашақта тағы кітаптар шығарасыз ба?» деген сарында сауалдар қойып, сұрақтың астына алды.
Жан Амани болса кітапты шығаруға ұзақ уақыт дайындалғанын, балалардың жан-дүниесін түсініп, ертегі жазуына негізгі мамандығының психолог болғандығы да көп көмегін тигізгенін айтты. Ал болашақта біраз кітаптар шығару жоспарда бар екен.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, мына екі кітап үш тілде шықса, кейінгілеріне қытай, түрік, неміс, өзбек және тағы басқа тілдер қосылмақ.Мақсатымыз – осылайша заманауи әлемдік әдебиетке үлесімізді қосу. Бүгінгі кездесу маған үлкен шығармашылық шабыт сыйлады. Негізгі оқырманым – балалардың шынайы қызығушылығын көріп, пікір алысып, ұсыныс-талаптарын тыңдаудың өзі ерекше ғанибет, – деп толқи сөйлеген жазушы балаларға арнап әкелген кітаптары мен тәтті сыйлықтарын тарту етті. Кітапхана қорына да кітаптар тапсырылды.
Әдебиетке зор дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен келген жас автор өз туындыларын қағаз бетіне түсіріп, кішкентай оқырмандарына ұсыну жолында он жылдай еңбектеніпті. Үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) аудио нұсқасымен бірге шыққан кітаптардың соңғы бетіне үңілсек, ертегі кітаптарды жарыққа шығарарда: редакторлар, аудармашылар, дизайнер, суретші, дубляж режиссері, дыбыс режиссері, сазгер, көркемдік редактор, дыбыстаған әртістермен қосқанда жалпы саны жиырма шақты маман жұмыс жасағанын көреміз. Бұл, әрине, кітаптың сапалы шығуына септігін тигізгені сөзсіз.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ