Өткен ХХ ғасырдың 70-80-жылдары туған әдебиетіміздің табалдырығын алғаш аттаған бір шоғыр жас жазушылар өз қолтаңбаларын таныта келді. Алдындағы ағалары, әсіресе, жаңа ой, жаңаша көркемдік таным биігінен көрініп, 60-жылдардың өркені атанған әдебиетшілердің өкшесін баса шыққан бұл буынның барлық жанрда өнімді еңбек еткенін, сол тұста жарық көрген роман, повестерді парақтап отырсаңыз, анық аңғарасыз.
Осылайша, сол жылдары әр алуан тақырыптарды қамти алған, тосын көркемдік жинақтаулар мен биік суреткерліктің мол мүмкіндіктеріне жол ашқан, қаулай көтерілген қазақ прозасына өз тақырыбымен, өз үнімен, өз соқпағымен келген талантты көштің бел ортасында жазушы Әлібек Асқаровтың да есімі бірден көзге түсті. Демек, қаламгер Әлібек Асқаровтың туындылары да өз оқырманын бірден тапты деген сөз. Бүгіндері иісі қазаққа танымал суреткер жазушыларымыздың бірі Әлібек Асқаровқа қатысы бар анықтамалықтарды парақтай бастасақ, төмендегідей мәліметтерді жолықтырамыз. Жас дарын алдымен Алматы көркемсурет училищесін, сонан соң Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Кескін өнері мен көркемсөз өнерін қатар алып жүруді армандаған романтик жастың биік мақсаты көрінеді. Ол кезде ҚазҰУ-да тіл, әдебиет және журналистика факультеті қайнап жататын. Күн құрғатпай, дүркін-дүркін қазақтың айтулы қаламгерлері университетке атбасын тіреп, үлкен-үлкен кездесулер өткізетін. Жас ақындар тырнақалды туындыларының тұсауын осында кесуге асығатын. Алыс ауылдардан жазушы, журналист болуды арман етіп келген жас өрендердің барлығы сол ағаларының алдын көрді, тағылымына қанықты. Студент Әлібек Асқаров та сол тәлімі терең, тағдырлы кездесулердің бірде-біреуін қалт жіберген жоқ.
Университетті бітіре салып, бірден баспасөз қызметіне араласты. 1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, 1986-1992 жылы «Өнер» баспасының бас редакторы, 1992-1993 жылдары Қазақстан Президенті мен Министрлер Кабинеті аппараты ішкі саясат бөлімінің аға референті, 1993 жылы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары ретінде еңбек етті. Қазір де қара жаяу емес. Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін биік абыроймен атқарып келеді.
Қаламгерлік пен қоғамдық қызметті қатар алып жүру оңай емес. Оған да үлкен қажыр-қайрат, қайсарлық керек. Алайда, қарапайым қалың қазақ оқырманына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров алдымен жазушы, халқымыздың қасиетті қарашаңырағы, өнер мен әдебиеттің құты қонған мекен өр Алтайдың, асқақ Алтайдың жыршысы ретінде танылды. Кезінде кім-кім де қоғамда белгілі бір қызмет атқарды. Біреу бригадир, біреу директор, біреу жұмысшы, не шаруа, біреу министр дегендей. Бірақ соның бәрі кейін ұмытылады, кейінгі ұрпақтың есінде солардың қаламынан қалған рухани мұра, яғни асыл сөз бен ән, өнер, ғылым ғана қалады. Сондықтан да бұрынғылардан «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген өшпес даналық қалған.
Ендеше, азаматты жақынырақ тану үшін оның шығармашылық әлемінен, осыған дейінгі жарық көрген, ел мойындаған көркем дүниелерінен ой түйіп, пікір тарқатып көрейік. Үлкен әдебиетке 1980 жылдардың басында келіп қосылған Әлібек Асқаров – біздің өнімді еңбек еткен жазушыларымыздың бірі. Оның дәлелі Әлібек Асқаровтың «Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл әлемге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1998), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2003), «Социализм әңгімелері» (2006), «Социализм хикаялары» (2007), «Кешегі күннің хикаясы» (2008), «Тау самалы» (2009) кітаптарының авторы екендігі. Бұл кітаптардың көпшілігі әдебиет сүйер қауымның ілтипатына бөленіп, баспасөзде сыншылардың оң бағасын алған дүниелер. Алайда бізге солардың ішіндегі ең бір сүбелісі, әзірше жазушы Ә.Асқаровтың жазушылық әлемінің Хан тәңірісіндей алыстан менмұндалап тұратын еңселісі, көріктісі оның «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деп аталатын романы секілді болып көрінеді.
Романның басты кейіпкерлері – бүкіл түркі халықтарының алтын бесігі болған қарт Алтайдың қиян шетіндегі Мұқыр деп аталатын елді мекеніндегі Төртінші бригада деп аталатын шағын ауылдың адамдары: мұғалім Меліс, оның Құдай қосқан қосағы Зайра, қайынатасы Қасиман, қайыненесі Ділбар, балташы Байғоныс, моторист Сәрсен мен оның зайыбы Әлипа, қазақ болып кеткен ерлі-зайыпты орыстар Метрей шал мен Пелегая, осы құйтақандай шағын ауылдың жар дегендегі жалғыз пошташысы Сәлима, займкеде қырық жыл қой бағып, жасы зейнетке жетіп жуырда ғана осы елге келіп қосылған Кәрім шал мен Нарша. Төртінші бригада деп аталатын бұл ауылда жоғарыда аталған жеті-ақ үй қалған, бір замандардағы жүз үйге жетіп жығылатын әжептәуір ауылдың қалған тұрғындары кешегі қайта құру, оңтайландыру заманында жақын маңдағы ірі елді мекендер мен қалаларға кәсіп іздеп көшіп кеткен. Ал мына қалған жеті үй болса туған жерді қимай қалып қойған. Жоғарыдағылардың мейірімі түсіп, ауыл тіршілігі қайтадан оңала ма деген есек дәмеден де құр емес, сондықтан орталыққа, ондағы ел басшыларының ауыз ләміне қарап, күнде елеңдейді.
Ауылдағы бастауыш мектеп те, медпункт те, тіпті дүкен де жабылған. Теледидар көрсетпейді, телефон байланысы үзілген. Төртінші бригадалықтарды сыртқы әлеммен байланыстырып тұрған жалғыз нәрсе – орталықтан Сәлима пошташы жетісіне бір рет алып келетін буда-буда газет-журнал мен хат-хабарлар ғана. Бірақ сонда да шағын ауылдың адамдары туған жерін қимайды, бейнебір тылсым құдірет оларды осы бір қияндағы мекенге кіндіктерінен байлап, матап кеткендей. Өздеріне салса, осы арадан қозғалғысы жоқ.
Жазушы Ә.Асқаров осы шығармасында өзін қазақ әдебиетінде іргесін Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов секілді майталмандар мықтап қалап кеткен психологиялық прозаның айтулы шебері ретінде көрсете білді. Әр кейіпкер өзінше бір әлем. Характерлер бір бірін қайталамайды, ол образдардың әрбір іс-қимылы, қарекеті осы кейіпкерлердің өздерінің адамдық болмыстарына сай пішілген. Сондықтан олар сізді қапысыз сендіреді, өздерімен бірге бір қуантып, бір мұңайтып, жан дүниеңізді сан түрлі күйге бөлейді.
Төртінші бригаданың тұрғындары секілді автордың да өр Алтайдың, асқақ Алтайдың бір түкпірінде ұмыт қалып қойған осы бір шағын қыстақты қимайтыны, оны нәзік сезіммен сүйетіндігі, сағынатыны әрбір көркемдік детальдан, авторлық ремаркадан байқалып қалады. Бұл өз кезегінде шығарманың эмоциялық қуатын, көркемдік әсерін одан сайын күшейте түседі.
Осы шығарманы оқып отырғанымызда қазір есімі бүкіл дүниеге әйгілі орыстың аса талантты жазушысы Валентин Распутиннің «Матерамен қоштасу» деп аталатын повесі еріксіз есімізге оралады. Онда да Ангараға су электр станциясын салмақшы болғандықтан, судың астында қалып қоюға тиісті Матера аралындағы шағын деревняның Богодул шал мен Настя кемпір бастаған азғантай тұрғындарының туған жерді қиып кете алмай сарсаңға түсуі суреттелетін еді ғой. Бірақ аталған шығармалардағы негізгі лейтмотивтерде аздап ұқсастық болғанымен, Әлібек Асқаров жасаған характерлер Распутин кейіпкерлерін ешбір қайталамайды.
Ә.Асқаров романындағы образдардың бітімі өзгеше, олар біздің қазақтық төлтума, ұлттық калоритімізбен суарылған. Әлібек Асқаровтың кейіпкерлері сондықтан дүниеге қазақтың көзімен қарап, қазақтың көзімен баға береді. Бірдеңені сүйсе де қазақша сүйіп, жек көрсе де, қазақша жек көреді. Бір ғана мысал: «Балалардың кенжесі – Қайша. Сол Қайшасы бесінші сыныптан бастап каникул сайын көкесіне кітап оқып беріп жүр. Қазір – тоғызыншыда. Баяғыдағы «Батырлар жырының» мұқабасы жүндей түтіліп, беттері сарғайып, бүгінде әбден ескірген. Тегі, Қамбар болар, сыртында бүркіт ұстап, сауыт киген бір батырдың әлеміш әдемі суреті бар еді. Соның батыры жоқ, бүркіттің бір қанаты, аттың бір құлағы ғана қалыпты қалқиып. Мейлі, кітап ескіре берсін, бәрібір Қабекең үшін бұдан ардақты, бұдан мықты кітап жоқ. Қайшасы кезекті каникулға шыққанша кітапты ақ матаға қаттап орап, сандықтың түбіне сақтап қояды.
Былтырғы жылы жұрт жапа-тармағай Мұқырға көшіп жатқанда, біреудің үйінен сырты жұлым-жұлым, шетін тышқан кемірген «Рүстем-дастанды» қолға түсіргені бар. Дәл сол күнге дейін Қабекең іштей өзін батырлар қиссаларының асқан білгірі санап жүретін. Көлемі күректей кере қарыс мына кітапты көргенде таң-тамаша қалған.
– Әкіри, мынау қиссаға ұқсайды ғой – деп, іші құрғыры қылп ете қалды. Қабекең өзін қисса-жырдың білгірі санаса санағандай-ақ еді. Кіндігінен тараған балаларының бесеуі де осы «Батырлар жырын» көкесіне жырлап берумен ержетісті. Оның үстіне кейде қонақ болып осы үйге әлдебір бала-шаға келе қалса, Қабекең оларға да жантая жатып кітап оқытып жіберетін. Бар-жоғы жалғыз-ақ кітап, бұл ғұмырында кем дегенде өзін жүз рет парақтап, төңкерген шығар. Бәрібір құлақ құрышы қанып, көңілі бір сусындап көрген емес» (Асқаров Ә. Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді. – Алматы: Раритет, 2006.). Мұндағы Қабекең – Төртінші бригаданың белсенді, көзі ашық тұрғындарының бірі Қабден. Осындай өмірінде бар-жоғы «Батырлар жыры» деп аталатын бір-ақ кітап оқыған, үйіне келген жас қонағына сол кітапты жантая жатып бір оқытпай жібермейтін, сол арқылы жаны тіл жеткісіз тамаша ләззатқа бөленетін бір-бір Қабекеңдер бәріміздің ауылымызда да бар еді ғой. Бәлкім, қазіргі білмейтіні жердің астындағы біздің оқымысты замандастарымыздың көзімен қарағанда, әпенділеу көрінетін сол Қабекеңдер емес пе еді ең алғаш біздің бала көңілімізге адамгершіліктің абзал рухтарын көгеріп көктеткен. Осы тұрғыдан келгенде де бізді, оқырманды көңіл көкжиегінен көшіп, ұмытылып бара жатқан балалық шағымыздың қимас көріністерімен қайта табыстырған суреткер Әлібекке ризашылығымызды білдіруіміз керек.
Әдебиет – халықтың жаны ғана емес, жады да. Біздің адами құндылықтарымызды келесі ұрпақтарға жеткізетін бірден бір құдірет те осы көркемсөз өнері. Әлібек өзінің аталмыш романында Алтайдың бір қиянындағы бір ауылдың мәселелерін қозғау арқылы ел тағдырына жол салып отыр.
Жазушы аталған романы арқылы, сол романдағы кейіпкерлердің терең бейнеленетін жан дүниесі, ісі мен қарекеттері арқылы адам тағдырын, ауыл тағдырын бізге төтелеп емес, астарлап, көркемдеп жеткізеді. Мұндай іргелі идеяларды халық жүрегіне ұялата алған қаламгер бақытты.
Қазақ елі үшін ел тағдыры ауылдан бастау алмақ. Қазақ әдебиетінің көркем сөз шеберлерінің бәрі дерлік ауылдан шыққан. Әлібек те ауыл баласы. Оның сезімі мен санасында ауыл мен балалығы тұтасып кеткен. Бұл керемет жағдай. Әлібек өзімен-өзі болғанда балалығына оралса, көз алдына туған ауылы айшықтанып шыға келмек. Ауылдан бастау алған ғұмыр мағыналы екен. Осыны бүгінгі қалада өскен «асфальт балалары» түсіне ме? Автор ауылын бейнелей отырып, сол заманның тыныс-тіршілігіне өзінше диагноз қойған. Оның ауылы бар, яғни рухы сау, бірақ ауыл басында бұлт болып қонған мәселелері бар. Бүгінде жазушы Әлібек ауылға модернизация қажет деп тұрғандай. Модернизация болса, урбанизацияны қайда қоймақпыз. Қазақ ауылының урбанизацияға ілігуі, оның дерті ме, әлде қажеттілігі ме? Оған жауапты кім бермек. «Ауылым, алтын бесігім» дегенді кешегі кеңестік идеология ұнатушы еді. Коммунистік режим үшін қазақтардың ауыл-ауыл болып бақташы болғандары аса қажет-ақ еді. Бүгінде заман ағымы өзгерді, енді ауыл тағдыры не болмақ? Бұл жазушының қоғамның күн тәртібіне қойып отырған мәселесі. Олай болса, бәріміз ойланайық!
Әлібек Асқаровтың суреткерлігі, қайраткерлігі және кісілігінің түйіскенін екі жағдайдан анық көруге болады. Бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты сан-салалы және іскерлік пен ұқыптылықты қажет ететін елдік істері, екіншісі – «Социализм әңгімелері» циклы. Бұл шығармалар хақында өткен жылдары ақын Қадыр Мырзалиев «Социализм сипаты капитализм көзімен» деп аталған мақаласында біршама жайларды көпшілік назарына жайып салып еді. Біздің бұған қосарымыз, социализм өтіп кеткен кешегі күн емес, ол – адамдар санасында орнығып қалған әділеттілікке ізденістің бір қияли түрі. Қоғам өміріндегі, тұрмыстағы сан қилы қиыншылықтарға кездесіп, тауы шағылғанда олардың есіне социализм түседі. Сөйтіп, социализм бүгінде архетип болып, мезгіл-мезгіл елес беруін тоқтатар емес. Әлібек әңгімелері социализмнің бет-пердесін аша алатындай қауқары бар дүниелер. Оларды оқып қана қоймай, зерделеу қажеттігі бар.
Сонымен қатар жазушының жоғарыда аталған повестерінде де қоғамдық-әлеуметтік түйткіл мәселелер, адам тағдыры алдыңғы қатарға шығады. Адам және заман, қоғамдағы кешегі мен бүгінгінің тартысы, игілік пен зұлымдықтың арасы, осынау әлемдік әдебиеттің, өнердің мәңгілік тақырыптық арқауы болып келе жатқан сауалдарға қаламгер үн қосады, жауап іздейді. Әсіресе адам және табиғат, сол табиғатпен тамырлас ғұмыр кешетін адамның тәуелділігі, өмірлік ұстанымдары, құндылықтары, барлығы да әлеуметтік, психологиялық талдаудың өзегінде суреттеледі. Тіл құнары, ой ауқымы, бейнелеу тереңдігі жағынан бұл шығармалар да қазіргі қазақ прозасының олжалы дүниелерінің қатарына кірді десек, артық айтпаймыз. Осының барлығы шынайы дарынның, көп ізденетін, өз тақырыбын тереңіне үңіліп, көп зерттейтін қаламгердің еншісіне ғана тиесілі.
Әлібек Асқаров суреткер, қайраткер әрі кісілікті жан дедік. Оның суреткерлігі туралы шағын болса да жоғарыда айттық. Алайда Әлекеңнің осы үш тұғырын бірінен-бірін бөліп айту мүмкін бе? Есімізге байырғы жылдың басында өткен Әлібектің «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» деген көркем безендірілген кітабының тұсаукесерінде болған естеліктер түсіп отыр. Сонда мінбеге шығып сөйлеушілер бұл кітапқа енген «Көккөл», «Шындығатай», «Мұзтау», «Шабанбай» эсселері туралы айта келіп, «Философия – әдебиеттің тереңі» дегенге тоқталды. Әлібек әдебиеттің, яғни проза жанрының тереңіне қалай бара білген, оның сыры тек иісі қазақ емес, Алтай өңіріне бір қадам басқан адам таң-тамаша қалатын өңірдің керемет сұлулығы. Сұлулық – жаны таза, пәк, кісілігі мол, сезімтал жанды жазушылық өнерге баулып қана қоймай, оны тіршілік философиясының тұнығына қарай жетелеген. Табиғаттың тұнығы мен философияның тұнығы бір ғана өлшемді қажет етеді, ал адамның өмір сүруге құмарлығын, өмір сүргенде де тек өз қамы үшін емес, өзгелер үлгі болып ғұмыр кешуге бастайтын қуат. Әлібек Асқаров сондай қуатқа ие жан. Біз бұл қаламгер туралы сөзімізді осындай азаматпен замандас болып, мына мазасыз ғұмырдың ыстық-суығын бірге көріп, өмір дәмін бірге татып келе жатқанымызға Жаратушымызға ризашылығымызды білдіре отырып, Әлекеңе Өр Алтайдың биігінен де биіктей бер, солар оның арман-қиялына мазмұн, мағына берсін деп тілейміз.
Алысты жақын ететін, нық басқан бір қадам дейтін сөз бар, алысың жақын, ғұмырың ұзақ болсын қадірлі бауырымыз – Әлібек!
Ғарифолла Есім, академик, сенатор.
Қансейіт Әбдезұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.