25 Сәуір, 2016

Ақтөбеде Мажарстанның консулдығы ашылды

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
25.04.2016 AQB АҚТӨБЕ. 25 сәуір. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мажарстанның (Венгрия) Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Баранимен кездесті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесу барысында екі жақты өзара тиімді ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы әңгіме болды. Өңір басшысы әзірге екі арадағы  сауда-экономикалық байланыстардың кемшіндігін,  облыс пен Мажарстан арасындағы тауар айналымы небәрі 10 миллион долларды ғана құрайтынын атап өтті. Болашаққа жоспарланған ізденісті қадамдар жүзеге асса, бұл бағытта анағұрлым ілгерілеу болатынын жеткізді. Оған Ақтөбеде ашылған Мажарстанның консулдығының ықпалы зор болатынын тілге тиек етті. Аймақ басшысы қазақтар мен мажарлардың арасында ежелден тарихи және мәдени байланыстың қалыптасқанын да жиналғандар жадында жаңғыртты. Жиын барысында жылыжай құрылысы, ауыз суды тазарту, көкөніс өңдеу өндірісі, сүт және сүт өнімдерін және бидайды қайта өңдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екені айтылды. Кездесуде сөз алған Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани екі елдің арасында саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада бірқатар жобалар қолға алынып жатқанын атап өтті. Соның шынайы көрінісі ретінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына тікелей инвестиция тартумен шұғылданатын бірлескен қордың құрылуын атап өтті. Аталған қорға «ҚазАгро» ұлттық компаниясы мен Венгрияның «Эксимбанкі» 20 миллион доллардан, жалпы 40 миллион доллар салғанын жеткізді. Венгрия – облыста өз консулдығын ашқан екінші еуропалық ел.  Қаңтар айында біздің өңірге осындай миссиямен чехтар келген болатын. Сондай-ақ Ақтөбеде Түркия және Оңтүстік Корея өз өкілдіктерін ашуды жоспарлап отыр. «Дастан» қонақ үй кешенінде Венгрияның қаламыздағы өкілдігінің ашылу салтанаты өтті. Венгрияның Қазақстан Республикасындағы құрметті консулы болып KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Жанболат Сәрсенов тағайындалды. Шетелдік дипломатиялық өкілдіктің тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев, Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер мемлекеттік хатшысының орынбасары Жолт Чутора және осы елдің Қазақстан Республикасындағы елшісі Андраш Барани қатысты. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек: egemen.kz Фото: aktobegazeti.kz