26 Сәуір, 2016

Геннадий Головкиннің 35-ші жеңісі

488 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
25-04-16-golovkin-2Өткен жексенбі күні таңертең АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласының «Форум» спорт аренасында WBA, IBF, IBO нұсқалары бойынша әлемнің орта салмақтағы чемпионы және WBC версиясы бойынша уақытша атақ иегері Геннадий Головкин өзінің кәсіпқойлар рингіндегі 35-ші жекпе-жегіне шығып, кезекті жеңісіне жетті. Осылайша кіл ұтыстардан тұратын сериясын одан әрі жалғастырған қазақстандық даңқты былғары қолғап шебері бұл күні америкалық Доминик Уайтты 2-раундтың бас жағында-ақ нокаутқа жіберді. Сөйтіп, мерзімінен бұрын бітірген шайқастары санын 32-ге толтырды. Соның ішінде соңғы 22 ұрысын қатарынан түгел нокаутпен аяқтады. Шыны керек, 34 жастағы Геннадий Головкиннің IBF болжамы чемпиондығынан 26 жасар міндетті үміткер Доминик Уайтты өте-мөте тез іске алғысыз етіп тас­тауы көпшілігіміз үшін күтпеген оқиға болды. Олай болатыны, тап осы айқастың қарсаңында қазақстандық тарланның бұған дейін шаршы алаңға 18 рет кө­теріліп, соның бәрінде же­ңіске жеткен және олардың 12-сін нокаут­пен тиянақтаған қарсы­ласының оңай шағыла салатын жаңғақ емес екені туралы әралуан ауқымдағы әңгімелер көп қозғалған. Мұның үстіне, өз елінде өнер көрсететін Уайттың жергілікті жанкүйерлердің қуатты қолдауына арқа сүйеп, барын салатыны да қаперден қағас қал­ған жоқ. Соған қарамастан, қазақстандық спортсүйер қауым арасында Головкиннің жеңіс тойы­н тойлайтынына күмән келтірген көрерменнің кездеспегенін де айта кетуіміз керек. Бірақ ұрыстың ұзын-ырғасы бұлайша басталмай жатып, баянына жетіп тынатынын біздің ең бір алып-ұшпа көрегендеріміздің өздері күні бұрын дөп басып, діттеп айта алмаған. Жұрттың басым көпшілігі сонда сайысқа үкілеп қосып отыр­ған сайыпқырандары жетінші раунд­тың шамасында шаршы алаң­ның шаңын шығаратынына шиырлап тоқтаған. Алайда, ауыл өзінікі болса да, айбатын өзіне қарата алм­аған америкалық спортшы шу дегеннен-ақ GGG-нің темірдей тегеурініне төтеп бермесін танытып қойды. Жекпе-жек екі боксшының бір-біріне барлау жасап, байқап көрген баяу қимылдарынан бас­талғанымен, көп ұзамай Ген­надий біртіндеп тізгінді туырлап, өз қолына ала берді. Осы тұста біздің алтын айдар, шоқ бел­беулі жігітіміз дегдісі қайтпас дү­лей күштің егесі екенін әлсін-әлсін әлеметтеп білдіріп тұрды. Оның суылынан суық леп саулаған сұрапыл соққылары әрі-беріден соң қарсыласының дігерін алып, дег­бірін қашыра бастады. Ақыры сол құйындай ұйытқыған зымыран зардаптардың бірі әдепкі раундтың соңғы сәттерінде сөде­гей жүріс, сөлекет қимылдан аса ал­маған Доминикті жазық жерде жалп еткізіп, баудай домалатып түсірді. Оның ертелі-кешті еңбегін еш, жігерін құм етіп кетуден соның соңын ала іле-шала соғылған гонг құтқарып жіберді. Әйткенмен, екінші раунд басындағы ен-апат уақыт Уайттың оттай орақшы, жаудай қарақшы болып андағайлап жауған қалың соққылардан аман шығуына ырық бермеді. Бұл аралықта үйдей жерге қазық қағып, көлеңкесіне бұзау байлатқандай еркін тірлікті ендей кешкен ол алқымына айтарлықтай көп мезгіл салмай, визавиін тағы екі рет мұрттай ұшырып түсірді. Алаңдағы арбитр мұның бірінші пәйтінде боксшының жұдырық сілтескен мұқылаш меселін жал­ғас­тыруына мұрсат берсе, келе­сісінде келесі келмей тұрғанын анық аңғарып, оның саулығына салауат тілеп, айқасты бірден тоқ­тата қойды. Нокаут! Құлай-жа­тыстың әуелгі екеуі нокдаун саналса, соңғысы таза нокаут болды. Сөйтіп, күні бойы залдың ішін дуы­лымен жаңғырықтырып, кенеу­дей кернетіп келген жергілікті жанкүйерлер күлкілерінің ернін кезертіп, әп-сәтте пышақ кес­кендей кілт кідіртті. Енді сілті­дей тынған тыныштық ауанын қазақ­стандық фанаттар қауымы бұзып-жарып, тікесінен тік көтеріп әкетті. Бұл бір жағы Геннадий Голов­киннің биылғы маусымдағы бірінші ұрысы еді. Ол мұның алдында соңғы рет бұдан алты ай бұрын, өткен жылдың қа­зан айында рингке шығып, канадалық Давид Лемьемен қолғап түйістірген. Онда да шайқас басталмай тұрып, қарсыласы біраз айбат шегіп баққан. Бірақ барын асынып, бақанын таянып келген боксшыны Гена бірінші раундтан бастап тәубесіне келтіріп, тәуіне жығылдырғандай болған. Дегенмен, біздің батырдың ба­сым­дығымен өткен жекпе-жек тоғызыншы раундқа дейін жетіп, Лемьенің нокаутқа түсіп қалуымен түгесілген. Жалпы, Головкиннің кездесуді белгіленген уақытының шегіне шейін жеткізуді қойғанына қазір тура сегіз жыл болыпты. Ол соңғы рет 2008 жылы Амар Амаримен ұшырасқанында ғана барлық тоғыз раундтың ақырына барыпты. Ал содан екі жыл бұрын, яғни 2006 жылы кәсіпқойлар аясындағы мансабын бастап кеткен боксшы осы кезге дейін 156 раундта атой салған екен. Сонда орта есеппен әр шайқасын 4,4 раундта аяқтап отырған. Сол айқастарда оның алдында қауқарсыздық танытқандар сапында Вилли Монро-кішісі, Марко Антонио Рубио, Мартин Мюррей, Даниель Гил, Мэттью Маклин секілді бокс әлеміне аттары мәшһүр белгілі сайыскерлер болды. Геннадий Головкин осымен өзінің атағын 15-ші мәрте қор­ғап шықты. Ұрыс «Қарағанды қабыланының» барынша б­а­сым­дылығымен өткенін ерсілі-қар­сылы шот қаққан статистика ма­­­­мандары да айқындап берді. Compubox мәліметтері бойынша, екі раундқа толар-толмас мерзім ішінде Геннадий 133 соққы жасап үлгеріпті. Соның 54-і, яғни 40,6 пайызы қарсыласын көкала қойдай етуге жетіп жатты. Оның ішінде GGG 71 джебтің 24-ін, яки 33,8 пайызын бәсекелесіне дөп тигізсе, 62 рет сілтеген қатты соққысының 30-ы көздеген көбе­сін көсіп өткен. Мұның бәрі Уайт­тың көрсеткішінен көп ілгері. Оның жалпы соққысының саны Головкиннің мөлшерінің жартысынан сәл ғана асады – 75. Бірақ дәл тию деңгейі тіпті төмен, небәрі 29,3 пайызға ғана жеткен. Мұны соңында өткен баспасөз мәслихатында Доминиктің өзі де еш мекерсіз мойындады. «Голов­киннің күші – шынайы күш, ол – ұлы чемпион. Боксшы мен күткеннен де мықты болып шықты. Мен рингте өзімді танытуға тырысып-ақ бақтым. Бірақ оның соққысы тигеннен кейін мұны жасаудың қиын екенін түсіне түстім. Енді оның осы қалпында чемпион болып тұра беруі үшін барлық мүмкіндіктері бар», деді ол. Ең соңында. Ұрыс баста­лар алдында боксшылар салмақ­та­рын өлшеген еді. Онда қазақ­стан­дық боксшының қарсы­ла­сына қарағанда жеңілдеу екені анықталды. Сол сияқты Голов­киннің осы жеңісі арқылы 2 миллион, ал Уайттың 500 мың доллар ақы алатыны да жария етілді. Айтқандай, осы ұрыс біт­кен бойда Бүкіләлемдік бокс ассо­циа­циясының (WBA) басшысы Хильберто кіші-Мендоса мә­лім­дегендей, Головкиннің ен­дігі қар­сыласы мексикалық Сауль «Ка­не­ло» Альварес пен бри­та­ния­лық Амир Ханның ұтқа­ны немесе амери­калық Даниэль Джей­коб болады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»