26 Сәуір, 2016

Ринг апогейі – нокаут!

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2436_oko_1Азуын айға білеген «Астана арландарының» «Венесуэла Каси­кес»командасын жеңетін­дігіне көңіліміздің сенгені сон­шалықты, оған балшы, бақсы, құшынаштар көріпкелдігінің түк те керегі жоқ болатын. Шымкенттегі «Цирк» мане­жінде өткен алғашқы күнгі айқас 4:1 есебімен «арландардың» есебі­не жазылды. Келесі күні қонақтардың еш­қай­сысына жеңіс бұйырған жоқ. 52 кило салмақтағы Азамат Иса­құловтың қарсыласы Иол Финол он тоғыз жаста болса да 7 рет шар­шы алаңға шығып, төртеуінде жеңіске жеткен жігіт. Бірақ, біздің сайыпқыранға ол жағы әсер еткен жоқ. Түлкі ін­деткен қасқырдай ізіне түсіп шаршы алаңда тықсыр­ды да жүрді. Оңтайы келгенде оң қолмен опыра ұрып, бетпе-бет келгенде бес-алты соққыға көміп тас­тады. Үшінші раундта Азаматтың соққысынан Финол­дың аузындағы капасы ұшып кеткен. Алапат ұрыс салған Иса­құловтың өз күшін дұрыс есептемегені төртінші раунд­­тың ортасында байқалып қал­ған. Қарқыны бәсеңдеген соң Финол алға ұмтылды. Үш төре­шінің екеуі венесуэлалық жігітке жақ тартты. Соңғы раундта да солай болды. Азамат алғашқы үш раундтағы таза алған ұпайларының арқа­сында 2-1 есебімен жеңіске жетті. Ал Закир Сафиулиннің (60 кило) қамшы салдырмайтынын білгенбіз. Оның ұрыс мәнері ешкімге ұқсай бермейді. Бір қырындап екі қолын салбыратып жіберіп, қарсыласына дүрсе қоя береді. Ол оңай олжа көріп, тап бергенде оң, сол қол екі жағынан қанжардай қадалады. Қарсыласы Луис Карбер дұрыс соққы дарыта алмай әбден пұшайман болды. Қаласа раунд арасында өзін тынықтыра да білетін За­кир бес раундқа күшін әбден шамалапты. Бесінші раундтан соң да суытылған жарау аттай ойнақшып тұрды. Ешбір төреші жеңісіне күмәнданған жоқ. Закирдің шымкенттік жерлесі Бекзот Халметовтің (69 кило) қарсыласы Габриэл Маэстраның қайратын Лондон олимпиадасында көргенбіз. Иықты, қолы ұзын, орта және алыс қашықтықта өзін судағы балықтай сезінетін Маэстраңыз Рио де Жанейроның жолдамасын қалтасына басып алған дөй. Раунд сайын өкшесін бас­ты да отырды. Габриэлдің екі соққысына намыс тұла бойын жандырған сайыпқыранымыз төрт соққымен жауап беруге тырысты. Рас, Маэстраның әруағы асқан тұстары да болды. Көсеудей қолдары аш бүйірден сүңгідей қадалып жатты. Бірақ, Бекзоттың жеңіске деген құштарлығы Габриэл­­дің екпінін тау суындай бас­ты да отырды. Төрешілер ал­ғашқы екі раундта Маэстро жағында болғанымен, соңғы үш раундта Халметовтің жеңгеніне күмәнданған жоқ. Арман Рысбекке (81 кило) кө­бірек сенген едік. Қоян-қол­тық айқастың жігіті еді. Басын қар­сыласының басына тіреп қойып, қойғыласуда дес бермейтін. Ве­несуэлалық Налек Корбаж де­геніңіз де осындай сойқан екен. Нағыз келсең келдің өзі. Қайта біздің Арман «мына пәленің беті құрысын» дегендей, екі-үш мәрте тайқып кетіп, ұрыс салды. Соңғы раундта төрешілердің үшеуі де Налек мықты дегенімен бес раундтың қорытындысымен Рысбек жеңіске жетті. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Өскеменде өткен жарыста өзбек боксшысы Абдуллаевты еркін еңсерген еді. Эдгар Мунис бойы тапалдау болғанымен денесі тығыз. Алғашқы раундта Қамшыбекті шаршы алаң бұрышына қуып тығып, соққы астына алғанда «соңы қалай болар екен» деп қылпылдап қалғанбыз. Қамшыбек ердің сойы екен. Екінші раундта жағынан опыра ұрып, еденге жалп еткізді. Нокаут! Жалпы есеп 9:1. Арландардың жартылай финалдағы қарсыласы – «British Lionhearts». Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы