Қостанайда «Виртуалдық музейдің» ашылу салтанаты болды. Бұл республикалық «Тәуелсіздік жетістіктері» акциясының шеңберінде облыстағы қолға алынған алғашқы жоба болып табылады. Оны «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалының «Жас отан» жастар қанатының мүшелері ойлап тапты. «Виртуалды музей» «Нұр Отан» ХДП Қостанай облыстық филиалы сайтынан бір бет болып ашылады. Ол «Менің жетістіктерім», «Отбасымның жетістіктері», «Аудан мен қаланың жетістіктері», «Ел жетістіктері» бөлімдерінен тұрады. Қостанайлықтар осы бөлімнің әрқайсысына экономика, әлеуметтік сала, мәдениет сияқты өмірдің сан-саласы туралы материалдарды жазып отырады. Жасотандықтар интернеттің барлығына бірдей қолжетімді әрі мүмкіндігінің молдығын ескеріп, осындай істі бастады.
– «Нұр Отанның» Қостанай облыстық филиалының сайтынан ашылған бұл бөлімде әр қостанайлық өзі және өзінің туған жеріндегі, отбасы немесе жалпы еліміздегі жетістіктер, қолға алынып жатқан керемет істер туралы ойларын, пікірлерін жазып салуына, суреттер орналастыруға мүмкіндік жасалды. Мұны біз, жасотандықтар, тәуелсіз еліміздің қаз тұруы мен нық қадамдарына қарапайым адамдардың көзімен қарау және еліміздің 20 жылдық тарихының жылнамасына қосылған үлес деп түсініп отырмыз,–дейді партияның Қостанай облыстық филиалы жастар қанатының мүшесі Руслан Смайылов.
«Виртуалды музейді» оның ашылуына жиналған студент жастар жыл басының жағымды жаңалығы деп білді.
– 20 жыл Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін аз уақыт емес. Соған орай өзгерістер де көп. Тәуелсіздігімізді алып келген 90-шы жылдардың қиындықтарын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Ол әр адамның тағдыры, әр адамның ерлігі деуге боларлық. Ал сол қарапайым адамдар жасаған ерлік істерді жеткілікті айта алдық па? Ондай адамдар арамызда еленбей жүріп жатыр, солар туралы неге айтпасқа?! Аудандар мен қалалар, облысымыз, еліміз жеке адамдардан және олар тындырған істерден тұратындығын бағалауымыз керек. Сонда Тәуелсіздігіміз де баянды болады, – деді облыстағы жастар мен балалар ұйымдарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлмира Қапенова.
Ал А.Байтұрсынов атындағы университеттің профессоры Дмитрий Легкий бұл бастаманың аса құнды екенін айтып өтті. Еліміздегі бүгінгі саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістердің барлығы да ертеңгі тарих екенін айтқан ол, Қазақстанның, облыстың шекаралас елдермен қарым-қатынасы туралы материалдар да осы музейден орын алуы керектігін ескертті. Профессордың сөзі құрғақ шықпады. Ол Орынбор қаласында ұлттық мемлекеттігіміздің қалыптасу тарихында маңызды орын алатын жалпықазақтық алғашқы екі съезд бен Алаш ардақтысы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновқа жыл аяғында орнатылған ескерткіш тақталар суреттерін және өзі осы сапарында Орынбор архивінен тапқан Байтұрсыновқа қатысты тарихи құжаттардың электронды көшірмелерін сыйға тартты. Бұл «Виртуалды музейдің» алғашқы материалдарының бірі болып саналады. Жасотандықтар музей-сайттың қызықты материалдармен күн сайын толыға түсеріне сенімді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.