Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл, яғни ширек ғасыр толғалы отыр. Тәуелсіз мемлекеттің негізгі шарты – айналымда өз ақшасының болуы. Тәуелсіздік нышанының бірі Ұлттық валюта – теңгенің шығуына үлес қосқан дизайнер Хайрулла ҒАБЖАЛИЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Өткенге көз жүгіртсек, Тәуелсіз мемлекет тізгінін өз қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тез арада өз ақшамыздың болуына ерекше назар аударды және теңгеміздің негізгі авторы өзі болды, – деп бастады сөзін Хайрулла Мағауияұлы. – Және бұл жұмысты өзі қадағалап, бақылап отырды. Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын еске алсақ, Кеңес өкіметі ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алған жағдайда көпшілік біле бермейтін, бүгінгі күні тарихқа айналған көптеген оқиғалар орын алды. Кеңес өкіметі қуатты, егжей-тегжейіне дейін ойланып құрылған жүйе болатын, оның құлайтыны ешкімнің ойына да келмейтін. Бірақ құлады, ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманына біз жетіп, тәуелсіздігімізге ие болдық.
Егемен елімізді алда көптеген қиыншылықтар күтіп тұрды, әртүрлі салалардағы басқару жүйесінің бәрін қайта құру керек болды. Соның бірі – Қазақстанның Ұлттық банкі болатын. Ол уақытта Кеңес өкіметінің «Гос-банкінен» бөлініп шығу мәселесі тұрды. Мемлекетіміздің әнұраны, елтаңбасы мен туына конкурс жарияланып, суретшілер, сазгерлер жабыла кірісіп кетті. Сондай-ақ, өз ақшамыз болуы керек деген әңгімелер де айтыла бастады, сол кезде ақырындап біз де өз ақшамыздың жобасын жасауға кірістік.
– Хайрулла Мағауияұлы, қандай да бір істің басталуы қиын болатыны белгілі. Оның үстіне, мемлекеттік мәселе – Ұлттық валюта жасаудың күрделілігі өз алдына. Бұл қасиетті іс қалай басталды?
– 1991 жылдың аяғында ыдырап жатқан Кеңес өкіметінен бөлініп шыққанымызбен, Қазақстан сол Кеңес өкіметінің «рубльдік аймағында» қалған еді, оған ие болып алған Ресей өкілдері Қазақстанға қысым көрсете бастады. Қолма-қол ақшаны бермей қалса, жалақы ала алмаған шахтерлер көтеріліп, есімізді шығарды. Эскизіміз дайын болған кезде Ұлттық банк төрағасы Ғ.Байназаровқа келіп көрсеттік, жаңадан құрылып жатқан банкпен басы қатып жатқан төраға «Сіздерге кім тапсырма берді?» – деп таңғалды. Алайда, бір-екі рет кездескеннен соң бірге жұмыс істеп кеттік.
Кейінірек Елбасының тікелей тапсырмасымен Жоғарғы Кеңестің бюджет және қаржы комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов осы іске басшылық етті. Ең алғашқы эскизімізді Елбасы көріп, кейін Ұлттық банк басқармасында бекітіліп, үкіметтік комиссия құрылды. Біздің валютамызды басып беруге шетелден көптеген банкнот фабрикаларының өкілдері келіп, келіссөз жүргізіп жүретін. Соның ішінде Англияның «Харрисон және оның ұлдары» атты фабрикасы да бар еді, Ұлттық банктің таңдауы осы фабрикаға түсті. Өкіметтің тапсырмасы бойынша енді біздер бекітілген эскизімізбен Лондонға кетуіміз керек болды.
1992-1993 жылдары мемлекетіміз аса қиын жағдайларды бастан кешірді, бұрынғы Мемлекеттік жоспарлау комитетінің жобасымен бөлініп отырған тауарлар тоқтатылып, әр жерде әртүрлі керек тауар жетіспей, мемлекетте қаржы болмағандықтан, зауыт, фабрикалар бір-біріне дебиторлық және кредиторлық қарыздарға батып, жалақы төлей алмай, дүкендер босап қалды. Бала-шағасын асырау әр отбасының уайымына айналды. Сондай жағдайда елімізді қалай аман алып қалуды ойлаған өкімет халыққа еркіндік беріп, көпшілігі базарға шықты.
Осындай қиын-қыстау кезде Ұлттық валютамыз жасалып жатты. Енді дайын эскизбен Лондонға кетуге банктен тез арада қаражат ала алмайтынымызды білдік, себебі, біз келісімшартқа әлі отырмағанбыз, ол көп уақытқа созылатыны мәлім болғандықтан, алғашқы кезде Лондонға барып қайту үшін өз қаражатымызды жұмсадық. Алғаш төрт адам болып, мен және М.Алин, А.Дүзелханов, Т.Сүлейменов бастағанбыз. Мен 1992 жылы «Қазақстан Дизайн орталығын» ашып, бас директоры болып тағайындалып, теңгені жасауға кірістім. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты Тимур Сүлейменов әрі қарай теңгені жасауға мүлде қатыса алмай, депутаттық жұмысын жалғастырып, Алматыда қалды және А.Дүзелханов ауруға шалдығып, көп ұзамай ол да кетті, кейін екі адам болып қалдық та, Лондонға біраз жыл қатынадық. Біздерді ол жақта банкнот фабрикасының мамандары банкноттар қалай басылатыны, қалай жасалатыны, қағазы, бояуы, ішкі құпиялары, технологиясы туралы оқытып, толық үйретті.
Нарықтық қатынастар дендеп еніп, елімізде жаппай алып-сатушылық, әртүрлі бизнеспен айналысу қанат жайды. Ал біздің алдымызда қалайда ұлттық валютаны шығару мен оны айналымға енгізу мәселесі тұрғандықтан, уақытымыздың көбі ұлттық теңгемізге арналды. «Егер сол тұста бизнеспен айналысып кеткенімде, бүгін мен де мемлекетіміздің ең бай адамдарының бірі болар ма едім» деген ой қазір де қылаң беріп қалады. Бірақ оған өкінбеймін. Өйткені, атқарып жатқан ісімнің маңызды, еліме қажет екенін, бұл іс бізге парыз, артымызда 16 миллион халықтың күтіп тұрғанын түсіндім. Сондықтан, Алла тағаладан теңгеміздің әдемі, абыройлы болып шығуын тіледім. Солай болды да. Теңгеміз айналымға шыққан күннен бастап, қаржы саласында тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге теңгемізбен таныттық, мемлекетіміз енді нақты Тәуелсіздігін алды. Біртіндеп экономикамыз көтеріліп, шекарамыз заңдастырылып, ішкі-сыртқы саясат орнықты жүргізіле бастады. Бүгінгі әлемге танылған Қазақстан соның айғағы.
– Теңгені алғаш қолына ұстаған әрбір азамат толқып, «Менің өз мемлекетім, өз валютам бар» дегендей көңілдері рухани серпіліс үстінде болды ғой. Болашаққа деген сенім артты. Сол кезде теңгенің алғашқы авторы ретінде өзіңіз қандай күйді бастан кештіңіз?
– Елбасының тапсырмасын орындауға, тез арада ұлттық валютамызды жасап шығаруға бар күш-қайратымызды салып, 1993 жылы наурыз айында дайын болған теңгемізді енді қалай алып келеміз деген проблема тұрды. Ол кезде рубль аймағында болғандықтан, Ресей білмеуі тиіс еді. Бізден ұшатын жүк таситын ұшақ міндетті түрде Ресей аумағына қонып жанармаймен қамтамасыз етілуі тиіс. Ақылдасып есептеген кезде, біздің ақшамызды тиеп кері ұшқан ұшақтың артынан соққан желдің және ұшақтың бағытына қарсы айналатын Жер шарының әсерінен Лондоннан жүкпен әуеге көтерілген ұшақтың жанармайы біздің Орал қаласына жететініне көз жеткізіп, осылай тасуға бел байлап, сәуір айында әрбір рейс 40 тонна теңге тиеген 18 рейс ұшақ келді, осының бәрін сол кезде бәрін ұйымдастырып басшылық жасаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мірсұлтан Тұрсынов деген азамат болды.
Алғашқы есеп бойынша бір теңгеміз сол кездегі ең тұрақты валюта – 1 маркаға тең еді. Кейін ақша ауыстыруға арналған комиссияның шешімімен, біздің ең жақын есеп айырбастайтын әріптесіміз Ресей деген себеппен 1 теңгемізді 500 рубльге теңеп, осындай есеппен 1993 жылы 15 қарашада алғаш теңгеміз айналымға енді. Сол кезде 1 доллар 4 теңге 75 тиынға бағаланды. Қазіргі жастарымыз алғашқы теңгеміздің түр-түсін де біле бермейді, себебі, сол кезде олар әлі мектепке де бармаған еді.
Алғашқы ұлттық валютамыздың негізі 7 банкноттан тұратын. Ол 1 теңгеде – әлемге әйгілі ғалым әл-Фараби, 3 теңгеде – ақиық ақынымыз, жырау Сүйінбай, 5 теңгеде – күй атасы Құрманғазы, 10 теңгеде – жарқ етіп аққан жарық жұлдызымыз Шоқан, 20 теңгеде – ұлы Абай, 50 теңгеде – Әбілқайыр хан, 100 теңгеде – Абылай хан болатын, кейін инфляцияға байланысты алдын – 200 теңге, 500 теңге құраған, кейінірек бірінің ізінен кейін бірі – 1000 теңге, 2000 теңге, 5000 теңге, 10000 теңге – «инфляциялық теңгелер» деген атпен шыға бастады.
Лондонда теңгені жасап жатқан кезде теңгеге байланысты көптеген шешімдер қабылдауға тура келді. Оған бір мысал, банкноттың көлемі қандай болу керек? Мемлекетіміз теңге шықпай тұрып ақша санайтын машинкаларды сатып алып еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіп дайын отыруы керек, бірақ оған көп қаражат және оны дайындауға, тапсырыс беруге көп уақыт керек, бұған төлейтін бізде қаражат та, уақыт та жоқ еді, осыны есепке ала отырып, Кеңес өкіметінің бұрынғы ақша санайтын машинкаларын уақытша пайдалану мақсатында сол кездегі 10 сомның көлеміне шақтап жаңа басылып жатқан теңгенің қымбат қағазынан көп ысырап болмайтындай етіп шешім қабылдадық, оған қоса, ішкі құпиялар санын және осыған ұқсаған көптеген шешімдерді қабылдап, алғашқы шыққан теңгенің түпнұсқасын Елбасының қолына ұстаттық.
Сол кезде жаңадан құрылып жатқан Ұлттық банк қиын кезеңдерді бастан кешірді. Кеңес өкіметінің заңы бүгінгі күнгі «рынокқа» жұмыс істемеді, банкирлер кредитті кепілсіз, тек арыз жазу, тамыр-таныс арқылы беріп жатты. Сол кездегі термин: «шапкасын» берсең болдыға» саятын. Бүгінгі күнгі коррупцияның басы сол кезде басталды ма деген де ой келеді. Банктер көбейді, кез келген жерде банк ашыла бастады, мендегі бір тізім бойынша сол кезде 260 банк ашылыпты. Мардымсыз жалақыны да өз уақытында ала алмағандықтан, құқық қорғау мекемелері әлсіреп, көшеге рэкеттер шықты. Кредиттерін қайтара алмағандардың үйлерін, мүліктерін тартып алуға банкирлер рэкеттерге жүгінді.
1993 жылдың аяғында Ұлттық банктің төрағасы ауысты, келген жаңа бас банкир Дәулет Сембаев бұрын Вице-премьер, Жоспарлау комитетінде істеген білікті маман еді. Ол Ұлттық банк жүйесін тәртіпке келтірді. Сембаев келген соң аз ғана уақыттан кейін жұмысы ертерек басталған 200 теңгелік банкнот шығуға дайын болды. «200 теңгелік валюта алғашқы банкирдің қолымен шыққалы тұр, қазір Ұлттық банкті сіз басқарасыз, не істейік?» – дедім мен Дәулет Хамитұлына. «Қол қоюды өзгерту үшін не істеу керек?» – деп сұрады ол. Мен валюта пішінін қайта жасау қажеттігін, оған қосымша қаражат жұмсалатынын айтқанымда, ол: «Жоқ, мен халықтың қаражатын өз қолымды қою үшін жұмсамаймын, бұрынғы күйінше қала берсін!» – деп ұлтжанды мінез көрсетті.
Дәулет Хамитұлының іскерлік қабілеті зор болатын. Оның тұсында банктер іріктелініп, көбісі жабылды, тек 38 банк қана қалды. Ұлттық банктің алтын, валюта резерві қоры жасақтала бастады. Сөйтіп, Ұлттық банк жұмысы жүйеленіп, бүгінгі күнгі мығым банк жүйесінің негізі сол кезде қаланды және алғаш болып зейнетақы жүйесі құрылды. Кейін төрағалыққа жас банкирлер келе бастады.
Алғашқы 1993 жылы айналымға енген теңгеміздің сапасы өте жоғары еді және соңғы жаңа технологиямен басылуының арқасында ішкі құпиялары санымен әлемдегі жаңа банкноттар арасында алғашқы ондық қатарында болатын. Сондықтан, шығару құны да жоғары-тын. Қазіргі теңгеміз – жаңа үлгідегі теңге.
– Елімізде банкнот фабрикасының құрылуы да елеулі оқиға болды ғой?
– Дәулет Сембаев Қазақстанның Ұлттық банкіне келген соң ағылшындық «Томас Де Ла Ру» фирмасымен банкнот фабрикасының құрылысын жүргізу үшін келісімшарт жасасты. Жергілікті мердігерлер Алматыдағы «Гидромаш» зауытының цехын қайта жарақтады. Бір жылдан соң, яғни 1995 жылдың 19 мамырында банкнот фабрикасы ашылды. Ал біздің банкнот фабрикамызды салып беру үшін испандықтар, француздар, толып жатқан фирмалар таласты. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Джек Лондон сипаттаған Клондайк тәрізді еді. Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен алтын іздеушілер ағылып келіп жатты, салмақты адамдардың арасында арандатушылар да үйірсектеп жүрді... Қысқасы, 1995 жылы Алматыда банкнот фабрикасы салынып бітті. Ұлттық банктің жанында банкноттарды қабылдап алу жөнінде Мемлекеттік комиссия құрылды. Бізді – теңге дизайнын әзірлеушілерді оның құрамына енгізді.
1996 жылы 5 және 10 мың теңгелік банкноттардың дизайны жасалған болатын. Қауырт жұмыс артта қалып, мемлекетіміздің 5 жылдығына біз Қазақстан Президентінің портреті және сыртында резиденцияның суреті бар коллекциялық банкноттарды әзірледік. Мұндай банкноттар, әрине, шектеулі мөлшерде барлық елдерде шығарылады. Оларды жоғары жақтағы хаттамалық кездесулерде базарлық ретінде таратады. Оларды органикалық шыныға дәнекерлеп үстел үстіне қояды, қабырғаға іледі. Коллекция жинаушылар осындай бүркеме ақшалардың артынан бүкіл әлем бойынша қуып жүреді. Бір сөзбен айтқанда, бұлар – сирек, сыйлықтық банкноттар. Бірақ Ұлттық банк басшылығы қайсыбір себеппен олардың шығарылуын кідіртті. Жалпы, мерекеге үлгермедік, идея көміліп қалды, еңбек зая кетті. Оның есесіне Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 жылдығына біз Англияда ұлттық рәміздері бар жүздеген алуан бояулы күнтізбелерді басып шығардық. Біздің Президент оларды мерекеге орай салтанатты жиналыста шетелдіктерге таратып берді.
Мен бұл мысалдарды көп жылдар бойы пісіріп жүрген ойымды атап айту үшін келтіріп отырмын. Бізде хаттамалық кездесулер мен жалпы ұлттық мейрамдарға арналған ақша дизайнының, базарлықтар дизайнының өз мектебі болуы керек. Егер мұндай жұмысты үздік деген шетел мамандарына тапсырса, олар барлық талаптарды ескере алмайды. Шеберлік, не технология туралы сөз болып отырған жоқ. Мәселен, Абайдың суреті салынған жиырма теңгелік купюра басқа да банкноттар тәрізді ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген. Бірақ та ақынның Отаны – Шыңғыстаудағы өрнек Қазақстанның басқа өңірлеріндегі өрнектерден біршама өзгешеленетінін бәріміз бірдей біле бермейміз.
Мәселен, қазақстандық купюраларда Құраннан алынған аяттар да бар, онда сәл дәлсіздіктің өзіне жол беруге болмайды: мұсылмандардың қасиетті кітабының мәтінінде бір жарым мың жыл ішінде бір де бір таңба өзгермеген. Осындай иірімдер, өзгеше тұстар өте көп. Сондықтан, мен тек қазақстандық дизайншы ғана қағазда бере алатын ұлттық реңк, діни наным, мәдениет, салт-дәстүр туралы айтып отырмын.
Уақыт деген заулап өтіп жатыр, алғашқы теңгенің айналымға енгенінен бері көп жыл өтіпті. Қазақстандық ақша дизайны әуелден мемлекеттің зерделік меншігі болып жарияланды. Сонымен, қисынды нүкте қоюға болатын сияқты. Бірақ, бізде басқа елдердің ақшалары басылып шығарылатын банкнот фабрикасы жұмыс істейді. Осы кәсіпорын базасында оюшыларды әзірлеу керек. Өз кезінде біз дизайнерлер мектебін ашуды, талантты суретшілерді шетелге оқытуға жіберуді ұсындық. Себебі, өз мамандарымыз болмаса, онда бүгіннен бастап әрдайым ағылшындарға жүгінуге мәжбүр боламыз. Бірақ, мұндай жағдайда фабриканы ақшаның тозу реті бойынша ұстап тұрғаннан гөрі, шетелде бастырып шығарған анағұрлым тиімді...
Біз ұлттық валютаны ақша табу үшін ғана жасаған жоқпыз. Кеңінен топшыласақ, біздің шағын дизайнерлік топ мүшелерінің жолы болған екен. Қазақстанда суретшілер көп, тіпті, кәсіби деңгейі бізден жоғарылары да бар. Ең бастысы – біз мемлекеттің қаржылық жүйесі күйреп жатқан қиын жылдары теңгеміздің шығуы арқылы Тәуелсіздікке үлес қостық, бүгінгі күні әлемге танылған Қазақстан соның айғағы, сондықтан Отанымызға пайдамызды тигіздік деп санаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ