Келесі жылы Алматыда өтетін Универсиадаға Қытайдың Қорғас аймағынан 5000-ға жуық турист келеді. Бұл туралы қысқы Ойындарды ұйымдастыру және оны өткізу жөніндегі дирекция хабарлады.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Қорғас қалалық туризм басшылығы Бүкіләлемдік Универсиадаға көп адам апару үшін маркетингтік жоба жасап, қытай халқына Универсиаданы барынша насихаттағысы келеді. Қытай аймағының басшысы Ван Шулиньнің айтуынша, олар былтыр шетелге 18 000-ға жуық туристі апарған. Бұл – маркетингтік компанияның атқарған жұмысының нәтижесі.
– Енді біз Алматыда өтетін Универсиаданы барынша насихаттап, Қазақстанға көп турист апарғымыз келеді. Универсиаданы насихаттау жұмысына Қазақстан ешқандай шығын шығармайды. Бәрін өзіміз көтереміз, – дейді ол.
Қазір Универсиаданың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Сондықтан, қысқы Ойындарды ұйымдастыру және оны өткізу жөніндегі дирекция аталған жарысты жан-жақты насихаттау, қаланың имиджін көтеру бойынша кез келген елмен жұмыс істеуге дайын тұр. Жұмыстарын жасап та жатыр. Жақында Алматыда Универсиаданың туристік мүмкіндігіне арналған KITF-2016 көрмесі өтті. Онда еліміз бен Универсиада туралы кеңінен мәлімет берілді.
Универсиаданы ұйымдастыру және оны өткізу жөніндегі дирекция басшысы Дастан Сейтқазиннің айтуынша, жарыстар кезінде қалаға 30 000-ға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Қазір қазақстандық туристік компаниялармен бірге Универсиаданың тур-пакеті жасалып жатыр. Тур-пакетте туристердің виза мәселесін шешуі, қонақүйлерге орналасуы, жарыс билеттерін оңай жолмен сатып алуы қарастырылуда.
Рүстем ЖҰМАН