27 Сәуір, 2016

Атоммен айқасқан арыстар

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
30Чернобыль01Кеше Астанадағы Чернобыль апаты құр­бан­дарының ескерткіші алдында тағылымды іс-шара өтті. Онда осыдан отыз жыл бұрынғы орасан зор қасіретті еске түсіру үшін бір қауым ел жиналды. Бұл дүние жүзін дүрліктірген оқиғаның, сондағы ерен ерліктің ұмытылмағанын көрсетсе керек. Қалың көпшіліктің арасынан кеуделеріне әртүрлі марапат белгілерін қадаған чернобыль­дік ардагерлер бірден көзге түседі. Кезінде апат зардаптарын ауыздықтаған өрімдей жас жігіттердің бүгінде бастарын ақ қырау шалып үлгерген. Көбісі сол сойқанның кесірінен кесел тауып, мүгедекке айналғаны көрініп тұр. Әрине, олардың бәрі әлеуметтік көмекке зәру. Осы орайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар да аз емес. Аталмыш санаттағы азаматтардың госпитальдарда ем алуларына, тегін жолдамамен шипажайларда демалып қайтуларына, қоғамдық көліктерде жолақысыз жүрулеріне, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің төлемақысына байланысты тиісті жеңілдіктерді пайдалануларына біршама мүмкіндіктер тудырылған. Әйтсе де, бұл шетін мәселеде шешімін таппаған түйткілдер әлі же­терлік тәрізді. Қолында бір тал райхан гүлі бар заманда­сымыздың жападан-жалғыз мұңайып тұрғанын байқап, әңгімеге тарттық. – Егер тірі болғанда менің жан жарым Жомарт та мына жиынның бел ортасында жүрер еді-ау. Амал қанша, ажал арамыздан оны ерте алып кетті. Жаны жаралы Айгүл Рақымжанованың айтуына қарағанда, бірнеше күннен бері қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырып, табанынан таусылып жүрген көрінеді. Себебі, елорда мәслихатының шешімімен бөлінген елу мың теңгелік біржолғы жәрдемақыны Чернобыль апатын залалсыздандыру қатысушысының жесірі бола тұра ала алмай, Астананың Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қалалық зейнетақы төлеу орталығының арасында шапқылағаннан шаршаған сыңайлы. Өйткені, ол зейнеткер немесе жәрдемақы алушы ретінде тіркелмегендіктен тиісті тізімге енбей қалған. Бейдауа бюрократизм сөйтіп қарапайым әйелді қақпақылға салып қойған. Бәлкім, қадірлі оқырман қауым біздің ма­ңызды митингідегі Мәнді сөздерді алдымен жазбай, ағайынның арыз-шағымын теріп кет­кенімізді айыпқа бұйырар. Бірақ, Чернобыль қасіретінің көзі тірі куәгерлеріне тіл жәрдемінен гөрі нақты қолдау қажеттігін қаперімізден шығармайық. Ал митингіге келсек, мұнда бейбіт күннің батырлары атына небір алғыстар айтылып, лайықты құрмет көрсетілді. Мәрмәр ескерткіштің етегіне Астана әкімдігі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері арнайы гүл шоқтарын қойды. Чернобыль апатының құрбандарын еске алуға арналған митингіде сөйлеген Ас­­тана қалалық мәслихатының депутаты Ми­рас Шекенов, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің аға кеңесшісі Юрий Перепеченов, Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Дмитрий Зорин, «Чернобыль Одағы» заңды тұлғалар ассоциациясы төрағасының орынбасары Марат Жүнісбек және басқалар адамзат тарихындағы аса ірі техногендік алапаттың айналасына төндірген қауіп-қатеріне тоқталып, абайсызда тізгінінен айырылып қалған ядролық энергияның Украина, Беларусь, Ресейдің және бірқатар Еуропа елдерінің 150 мың шаршы километр аумағын қамтыған зардаптарын жоюға қазақстандықтардың қомақты үлес қосқанын, Отан тапсырмасын абыроймен орындаған сол боздақтардың басым бөлігі қазір ана дүниеге аттанғанын, ал ортамызда аман-есен жүргендері қандай да болсын қошеметке лайық екендіктерін атап өтіп, енді мұндай сұмдықтың қайталанбауына тілек қосты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»