Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жұртшылық өкілдерімен есепті кездесуі өтті. Кездесу барысында министр білім беру саласында кең жолақты интернетті енгізудің оңтайлы қадамдарына тоқтала келе, биыл оған 2,5 мың мектеп қосылатынын, тағы 1,5 мыңы алдағы үш жылда қамтылатындығын айтты. Ал 2020 жылға қарай оқушылардың 90, педагогтардың да 90 пайызын және ЖОО студенттерінің 100 пайызын қамту жоспарланғанын, болашақта интернет біздің білім беру инфрақұрылымының негізгі тұғыр-тиянағы болатынын жеткізді.
Министрдің айтуынша, биылғы оқу жылынан бастап 1 сыныптар жаңартылған білім беру бағдарламасына көшпек. Ол үшін жаз мезгілінде 73 мың мұғалім арнайы оқудан өтеді. Өз кезегінде ол: «Жаңартылған білім бағдарламасы бес күндікке көшіп, пәндердің санын қысқартуға мүмкіндік береді. Атап өтсем, жоғары сыныптарда 18-19-дан 13-14-ке дейін қысқарады. Бұл оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де қолайлы. Бұл жұмыс биыл атқарылмайды, сыныптардың жаңартылған оқу бағдарламасына көшуіне орай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», деді Ерлан Сағадиев.
Аталған жаңартылған оқу бағдарламасын бүгінде 100-ден астам мектеп енгізіп үлгеріпті. Бұл білім ошақтарында бір орынға 20 оқушы кезекте тұрғанға ұқсайды. Айта кетейік, жиын барысында арнайы ақпараттық алаң ұйымдастырылып, кездесуге еліміздің 16 аймағы қосылды. Әр облыстың тұрғындары тікелей эфирде министрге сауал қоюға мүмкіндік алды. Сөйтіп, оқу жүйесінің негізгі даму бағыттары баяндалып, көкейде жүрген сауалдарға тиісті жауаптар беріліп, келелі кеңестер айтылды.
Ерлан Сағадиевтің министр лауазымын атқару кезінде Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі стратегиялық маңызды құжаттарға қол қойылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, оны іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары қабылданып, қолданыстағы мемлекеттік білім беру стандарты жаңартылды. 250-ден астам кездесулер мен талқылаулар өткізілген. Соның ішінде Израиль, Ұлыбритания, Латвия, Венгрия, Италия елшілерімен, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ елдері, Әлем Банкі, Қазақстандық ҮЕМ өкілдерімен, журналистермен және қоғам қайраткерлерімен өткізілген кездесулерді атауға болады.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»