28 Сәуір, 2016

Жаңылысудан жақ ашпайтын болдық

709 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақан сері Қорамсаұлы – қазақ ән өнерінде өшпес із қалдырған ұлы тұлға. Еліміздегі, елімізден тысқары жерлердегі мәдени шара­лар Ақан сері әндерінсіз өтпейді десек, артық айтқандық болмайды. Ақанның өмірі мен өлеңдері қазақтың атақты ақын, жазушы­ларының шығармаларына арқау болған. Атап айтқанда, Ілияс Жан­сүгіров «Құлагер» дастанын, Сәбит Мұқанов «Ақан өмірі» атты мақала, Ғабит Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасын, Сәкен Жүнісов «Ақан сері» роман-дило­гиясын жазды. Ақан серінің өмірі мен шығар­машылық қызметіне қатысты көлемді де мазмұнды еңбек жазған қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев болатын. Кейінгі ғалым­дар Ақан әлемін ашуда Мағжан зерттеулеріне сүйенеді. 1972 жылы шыққан Қазақ совет энциклопедиясында былай де­лін­ген: «Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 ж. сент. – 1913 ж.окт.) – ақын, қазақ халқының дарын­ды әнші-композиторы». Әрине, мұн­да Ақан серіге берілген сипат­та­ма күмән туғызбайды, ал туған жылы 1843 жыл деген, біздің пайым­дауы­мызша қате. Оның нақты туған уақыты 1845 жыл. Олай дей­ті­ні­міздің мәні мынандай. Ақанның ең жақын сыйлас та сырлас досы және туған бажасы Науан Хазіреттің қабірінің басын­дағы құлпытасқа қашап жазыл­ған жазбада оның туған жылы 1843, ал қайтыс болған жылы 1916 делінген. Науан Хазіретке келер болсақ, ол да қазақ халқы­ның рухани өмірінде ізі қалған ғұлама, мұсылмандықтың ша­па­ғатын еліне жаюға өмірін ар­наған, патшалық Ресейдің отар­шылдық орыстандыру, шоқын­дыру саясатына қасқайып қарсы тұрған дара тұлға. Біздің Айыртау ауданындағы (СҚО) Жұмысшы де­ген ауылымызда Ақан серінің серік­тес жолдастары болған екі ақ­­са­­қал тұратын. Бірі Жанғожа деген атақты етікші, екіншісі Сәр­сен­бай ақсақал тамаша әнші, дом­бы­ра­шы болған. Сол ақса­қал­дар­дан бала кезімде естігенім, Ақан Науан Хазіреттен екі жас кіші еді дегендері. Оны растайтын мынандай дерек бар. Ақан сері ауыр науқас үстінде жатқанда Науан Хазірет оған арнайы келген екен. Сонда о дүниеге бет түзеп жатқан Ақанның бойы сергіп, 29 шумақтан тұратың толғау шығарады, ол былай деп басталады: Ассалаумағалейкум, Науан аға, Үй-іші, аман болар бала-шаға. Көрген соң дидарынды бойым сергіп, Қалдым ғой шыққандай бір сахараға. Мінеки, Ақан сері Науан Хазіретті аға дейді, ендеше, ақса­қал­дардың айтқан екі жас кіші еді дегені шындыққа саяды. Олай болса, Ақанның нақты туған жылы 1845 жыл, яғни биыл оның туғанына 170 жыл болады. Ақан серінің шығармашы­лығына келетін болсақ, оған бай­­­­ла­нысты мәселенің бірі – «Балқадиша» әні. Бұл – қазақ халқы ішін­де ең көп тараған әндердің бірі. «Балқадишаны» естігенде бір жағынан қуанып, екінші жағынан біз, жерлестері, күйінеміз. Жақын­да теледидардан «Жігіттер» квар­тетінің шығармашылық кеші Ақан ағаның «Балқадиша» әнімен бас­талды. Орындаушылық мәне­рі, аран­­жировкасы бәрі тама­ша, сүй­сі­ніп тыңдап отырсам, аяғын­­да: «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» дегенде қатты қапа болдым. Бұл, шіркіндер, өлеңнің мазмұнын тү­сін­беген бе, әлде қалай? 1925 жылы Парижде өткен бүкіл дүниежүзілік этнографиялық көрмеде басқа да әндермен қатар «Балқадишаны» орындаған Әміре Қашаубаев Еуропа жұртын тәнті еткен. Кейін бұл әнді Майндағы Франкфурт, Мәскеу сахналарында да шырқаған. Бұл ән елімізді әлемге танытатын ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің гимні ретінде қабылданып жатқанда, шатас­қанымыз ұят болмай ма? Ал шын мәніндегі Балқадиша­ға келетін болсақ, ол қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Жылан­ды тауының маңындағы Сәрке ауы­лында 1883 жылы дүниеге келген. 1904 жылы жиырмадан аса берген шағында Сүлеймен деген жігітпен тұрмыс құрып, екі ұл, үш қыз өсірген. 1950 жылы 27 наурызда алпыс жеті жасында қайтыс болады. Ұрпақтары осы күнге дейін Зерен­ді ауданының Кеңөткел ауы­лын­да тұрады. Қадыржан ӘБУОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көкшетау