28 Сәуір, 2016

Ұрпақ болашағына жауапкершілік үлгісі

331 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жасқайрат СүндетовАлмағайып әлем тағы бір сынақ мәресіне жақындап келеді. Ғасырлар тоғысында дүрліккен толқулар дүрмегі ушығып барады. Таяу Шығыс түгел соғыс өртіне оранды, босқындар тасқынынан тұралаған Еуропа лаңкестік жарылыстардан қайысты, Африканы аштық пен төңкерістер қақтығысы жайласа, Корей түбегінен ядролық апат қаупі қылаң беруде. Жұмыр жер жаһандық қатерлерден қайысып тұр. Ақиқатына келсек, планетамызда тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап қалу ХХІ ғасырдағы адамзат алдындағы ең басты көкейкесті мәселеге айналды. Міне, нақ осындай сындарлы кезеңде сұңғыла саясаткер, қарымды қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ астанасынан барша адамзатқа ашық арнауын жолдады. Қазақстан Президенті «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде мемлекетаралық қарым-қатынас­тың жаңа парадигмаларын ұсынды. Ол – бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін бірдей жауапкершілік қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен келіссөздер. «Мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек», деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Ядролық және басқа жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құруға қадам жасау, жаһандық тұрақтылық ауқымын кеңейту, әскери блоктардан бас тарту, халықаралық қарусыздандыру үдерісін жаңа тарихи жағдайға бейімдеу, барлық ұлттардың ғаламдық инфрақұрылымдарға, ресурстар мен рыноктарға тең дәрежеде және әділет талаптарымен еркін енуіне негізделген үрдістер қалыптастыру – Елба­сының мәлімдемесіндегі айрықша атап өтерлік адамзат үшін аса мәнді міндеттер. БҰҰ қолдауымен бейбітшілік, тұрақтылық, өзара сенім және қауіпсіздік жолына жұмылған мемлекеттердің Жаһандық коалициясын құру – жоғарыдағы мақсаттарды жүзеге асырудағы маңызды қадам болары сөзсіз. Осыдан тура 71 жыл бұрын Хиросимаға тасталған бір бомба жапон халқының бірнеше буын ұрпағын айықпас атом азабына салып келе жатса, қасиетті қазақ жерін қасақана сынақ алаңына айналдырған 40 жыл ішінде Семей полигонында соған пара-пар 2,5 мың бомба жарылыпты. Қазақ жерін 40 жыл қасірет құрсауына орап, дала кіндігі – Сарыарқаны сілікпеге салып сілкінтіп келген аждаһа бұдан 25 жыл бұрын әлемде алғаш рет Тұңғыш Президентіміздің пәрменімен жабылды. Сондықтан бейбітшіліксүйгіш Қазақ елінің және оның дарабоз басшысының әлем мемлекеттерінің жетекші­лері мен саясаткерлерін, барлық ақыл-ойлы азаматтарын ХХІ ғасырды соғыссыз ғасырға айналдырып, жаппай қарусыздануға үндеуге толық құқы бар. Қазақстан – әлемдік қоғам­дастыққа қарусыздану мәселесіне байланысты салиқалы саясат жүргізудің жарқын үлгісін көр­сетті. Күш-қуаты жөнінен әлемдегі 4-ші атом арсеналынан бас тартуымыз осы ойымыздың айқын дәлелі. Ширек ғасыр болашақты болжауды былай қойғанда, ертеңі бұлыңғыр сонау 1991 жылы әлемде тұңғыш рет мұндай көзсіз ерлікке бару тек қана халқының мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен дарабоз қайраткер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана қолынан келген азаматтық әрекет еді. Тағы бір ерекше айтатын мәселе, 2015 жылы Қазақстанда Төмен байытылған уран бан­кін құру туралы келісімге қол жеткізілді. Қазақстан атом қуа­тын бейбіт мақсаттар үшін пайдалануға мүдделі екендігін іс жүзінде көрсетті. Осы реттен келгенде Елбасының манифесі бүкіл әлем елдері басшыларына жойқын қарулар түрлерін тежеп, тіпті, жоюға бетбұрыс жасауға жол көрсетеді деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің ширек ға­сырлық мерейтойы қарсаңында Елбасының бүкіл адамзат үшін өзекті проблема болып отырған мәселе туралы манифест жария­лауы соңғы ширек ғасырдағы Қазақстанның асқақ мәртебесін айқындайтыны анық. Тұңғыш Президентіміздің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінің маңызы өте зор. Қазақстанның бастамасымен өткен жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі арқылы біздің еліміз тағы да әлемдік бейбіт бастамасын паш етті. Елбасының АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы үлкен халықаралық мінберде тұрып жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – өскелең ұрпақтың болашағы үшін ерекше алаңдаушылықтан туған тарихи құжат. Адамзат баласының ортақ планетамыз – Жер-анадан басқа тіршілік мекені жоқ. Ал сол алтын ұямызды соғыс өртіне шалдырып, жарылыстардан жазылмас жара салу кешірілмес қиянат. Сондықтан билік басында жүрген барлық саналы саясаткерлердің алдында тұрған бүгінгі басты міндет – жаһандағы қандай да болмасын соғыс өртіне тосқауыл қойып, адамдардың бейбіт қатар тіршілік етуіне жағдай жасау. Қазақстан Президенті бүкіл саналы адамзаттың арманына айналған осы мәселені тап басты. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен құтқару – бүгінгі және таяу болашақтағы көкейкесті міндет. Жасқайрат СҮНДЕТОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор  Астана