22 Қаңтар, 2011

Үміт сыйлығы

462 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кітап – адам өміріндегі баға жетпейтін құнды серік. Ол – білімнің, рух пен көрегендіктің, мейір шуағының қайнар көзі. Ұлттық мәдениет пен ілім-танымның негізін қалайтын кітап әлемі өскелең уақыт ада­мын қалыптастырып, көңіл са­райын кеңітеді. Ол – баршаға бірдей қажет тіршілік нәрі. Ал, тағдыр тәлкегімен шалыс бас­қандардың жансарайын кеңітер үміт сыйлығы. «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы осынау ізгі ниетті басшылыққа алып, түзеу мекемелеріндегі кітапханалар қорын толықтыру мақсатында арнайы акция жариялаған бола­тын. Оған жүздеген ақмолалық үн қосып, іс-шараның маңызын арттыра түсті. Айналдырған төрт айда 2,5 мыңнан  астам көркем әдебиеттер, оқу құрал­дары келіп түсті. Көкшетау қаласының тұрғыны Лидия Коротина жеке кітапханасынан 300-ден астам әдебиетті тарту етті. Олардың арасында А.Чехов, Л.Толстой, А.Пушкин,      Д. Ма­мин-Сибиряк, әлем әде­бие­тінің тағы басқа классиктері жау­Һар төккен кітаптар бар. Еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, зейнеткер Сифат Та­сованың тартулары  да қомақты болды. Акция шеңберінде партия­ның аудандық филиалдары көп­теген игі шаралардың ұйыт­қысы бола білді. Мәселен, Есіл ауда­нындағы Макаренко атын­дағы балалар үйінде өткен «Кітап  мерекесінде» кәсіпорындар мен ұйым өкілдері, мектеп бас­шылары ертегі жинақтарын, фан­тастикалық кітаптарды, оқу­­лықтар мен көрнекі құ­рал­дарды сыйлады. Ал, аудандық ба­лалар кітапханасының ұжы­мы 30 атаудан тұратын эн­циклопедиялық әдебиетті тарту етті. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.