28 Сәуір, 2016

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы №135

364 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
2015 жылғы 25 ақпан, Астана қаласы «Парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын өндіруге, өткізуге және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған «Парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын өндіруге, өткізуге және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрықты мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын; 3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Е.ДОСАЕВ «КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі _______________ Т. Дүйсенова 2015 жылғы 27 ақпан «КЕЛІСІЛГЕН» Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі _______________ Ә. Исекешев 2015 жылғы 4 наурыз Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №135 бұйрығымен бекітілген «Парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын өндіруге, өткізуге және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. «Парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын өндіруге, өткізуге және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – санитариялық қағидалар) парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын өндіруге, өткізуге және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді. 2. Осы санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды: 1) ауыз қуысы гигиенасы құралдары (бұдан әрі – АҚГҚ) – жалғыз және (немесе) басты мақсаты оларды тазарту, хош иістендіру, олардың сыртқы түрін өзгерту, оларды қорғау, жақсы жағдайда сақтау болатын, тіске, қызыл иекке және ауыз қуысының сілекейлі қабығына тікелей жағуға арналған гигиеналық және (немесе) профилактика әсері бар парфюмерлік-косметикалық өнім; 2) парфюмерлік-косметикалық өнім (бұдан әрі – ПКӨ) – жалғыз немесе басты мақсаты оларды тазарту, олардың сыртқы түрін өзгерту, жағымды иіс беру және (немесе) дененің иісін өзгерту және (немесе) оны қорғау және (немесе) жақсы жағдайда сақтау және (немесе) оларды күту болатын, адамның сыртқы жамылғысына (терісіне, түкті жамылғысына, тырнағына, ерніне және сыртқы жыныс органдарына) немесе тіске және ауыз қуысының сілекейлі қабығына тікелей жағуға арналған зат немесе заттар қоспалары. 2. Парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын өндіруге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 3. ПКӨ мен АҚГҚ өндіру және өткізу бойынша объектілерді орналастыруға, жер учаскелерін беруге, салуға және реконструкциялауға арналған жобалау құжаттамасын бекітуге, пайдалануға беруге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар болғанда жол беріледі. 4. Объектілер жеке аумақта орналастырылады. Өндірістің аумағын жарықтандырылуы, қоршалуы және көгалдандырылуы қарастырылады. Аумақ өндірістік және шаруашылық аймақтарға бөлінеді: 1) өндірістік аймақта өндірістік үй-жайлары, шикізат пен дайын өнімге арналған қойма үй-жайлары, тұрмыстық үй-жайлары, медициналық пункті бар өндірістік корпус орналасады; 2) шаруашылық аймақта жөндеу шеберханалары, ыдысты және отынды сақтауға арналған қоймалар, қазандық, гараж, қоқысты жинауға арналған контейнерлері бар алаң, аулалық дәретхана орналасады. 5. Шаруашылық аймақ өндірістік аймаққа қатысты желдің ық жағында орналасады және жас көшеттермен бөлінеді. Көлік кіретін жерлер мен жаяу жүргіншілер жүретін жолдар асфальтталады немесе қатты жабыны болады. 6. Ыдыстар, құрылыс және шаруашылық материалдары қоймаларда сақталады. Ыдыстарды асфальтталған алаңдарда қалқаның астында жинауға және оларды уақытша сақтауға жол беріледі. 7. Атмосфералық судың ағып кетуі үшін ғимараттан және басқа құрылыстардан су тоғандарына бағытталған еңістер жабдықталады. Су тоғандары мен суағарлар жүйелі түрде тазаланады, уақтылы жөнделеді. 8. Аумақ күнделікті жиналады жазғы уақытта – су себіледі, қысқы уақытта – қардан және мұздан тазартылады, құм себіледі. 9. Қалдықтар мен қоқысты жинау үшін өлшемдері контейнерлер негіздерінің алаңынан үш есеге асатын және өндірістік және қосалқы үй-жайлардан 25 метрден жақын орналаспайтын, асфальтталған алаңда орнатылатын металл контейнерлер пайдаланылады. 10. Қалдықтар мен қоқысты шығару олар контейнер сыйымдылығының үштен екісінен аспай жинақталғанда, бірақ күніне кемінде бір рет жүргізіледі. Босатылғаннан кейін контейнерлер жуылады және дезинфекцияланады. 11. Қоқыс шығару шикізат пен дайын өнімді тасымалдау үшін пайдалануға жол берілмейтін арнайы көлік құралдарымен жүзеге асырылады. 12. Объектілердің ғимараттары сумен жабдықтау, кәріз, жылыту, желдету, жарықтандыру және ауа баптау жүйелерімен қамтамасыз етіледі. 13. Техникалық және ауыз судың су құбырлары бөлек болады, ерекшеленетін түстерге боялады және бір-бірімен қосылмайды. 14. Объектілерді кәрізденбеген елді мекендерге орналастыру кезінде жергілікті кәріздеу құрылғысы көзделеді. Сарқынды суды қабылдауға арналған бетондалған шұңқырдың қақпағы болуы және көлемінің үштен екісінен аспай жинақталуына қарай тазартылады. 15. Өндірістік және тұрмыстық суды тиісті тазартусыз ашық су қоймаларына, сондай-ақ сіңіру құдықтары құрылғыларына шығаруға жол берілмейді. 16. Шикізатты және дайын өнімді өндіруге, сақтауға арналған үй-жайларда тұрмыстық сарқынды су өткізгіш құбырларын салуға жол берілмейді. 17. Бастапқы өнімдерді, жартылай өнімдерді, қалдықтарды жинау, сақтау және тасымалдау тәсілдері қоршаған орта объектілерінің ластану мүмкіндігін болдырмауы және өнеркәсіптік қалдықтарды зарарсыздандыру және тазарту бойынша жұмыстың барлық кезеңдерінде жұмыс істейтін персоналдың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. 18. Өндірістік үй-жайлардың ішінде орналастырылған үй-жайдың ауасына зиянды немесе қатты иісі бар бастапқы өнімдерді, жартылай өнімдерді жинау орындары ауа тартқыш желдеткіші бар арнайы жабынмен жабдықталады. 19. Өндірістік үй-жайларды жоспарлау: 1) технологиялық процестің ағымдылығын; 2) адамдар мен технологиялық ағындардың қиылысуын болдырмауды; 3) тазалық дәрежесі бірдей үй-жайларды барынша көп топтауды, бастапқы шикізаттың, жартылай өнімдер мен дайын заттардың әр алуан түрлері мен серияларының араласуын болдырмау үшін жабдықтар мен материалдарды тиімді орналастыруды, санитариялық-гигиеналық режим шарттарын толық сақтауды; 4) бастапқы шикізатты, жартылай өнімдерді және дайын өнімдерді ғимараттың ішінде және бір ғимараттан екіншіге ауыстырған кезде ластанудан қорғауды қамтамасыз етеді. 20. Үй-жайларды ішкі әрлеу үшін жеңіл ылғалды жиналатын және дезинфекциялау құралдарымен өңделетін материалдар қолданылады. 21. Өндірістік үй-жайлар ультракүлгін сәулелегіштермен (бұдан әрі - УК-сәулелену) жабдықталады. 22. ПКӨ мен АҚГҚ өндіру бойынша объектілерінде санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар көзделеді. 23. Өндірістік үй-жайлар санитариялық-тұрмыстық, қызметтік, әкімшілік үй-жайлардан оқшауланады. 24. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды жеке ғимаратқа орналастырған жағдайда өндірістік үй-жайларға жылы өтпе жол көзделеді. 25. Санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың құрамына сыртқы, жеке және санитариялық киім мен аяқ киімге арналған жеке киім ілетін орындар, таза киімді сақтауға арналған киім-кешек бөлмесі, кір арнайы киімді қабылдауға арналған үй-жай, себезгі және қол жууға арналған раковиналар, киім және аяқ киім кептіретін орын, асхана немесе тамақ ішуге арналған бөлме, кір жуатын орын және жинау мүкәммалын сақтауға арналған үй-жай кіреді. 26. Санитариялық киімді сақтау ашық тәсілмен жүзеге асырылады, ол үшін тұрмыстық үй-жайлардың киім ілетін орындары киім ілгіштермен немесе ашық шкафтармен, аяқ киімге арналған тұғырықтармен жабдықталады. Үй және арнайы киімді сақтауға арналған орындардың саны барлық ауысымдардағы жұмысшылардың санына тең қабылданады. Санитариялық киім мен үй киімін бірге сақтауға жол берілмейді. 27. Объектіде медициналық пункт ұйымдастырылады. 28. Персонал үшін 10 жұмысшыға 1-еу есебімен санитариялық-техникалық аспаптармен жабдықталатын себезгісі және дәретханасы бар киім ілетін орын жабдықталады. 29. Жұмысшыларға арналған асхана немесе буфет тұрмыстық үй-жайлардың құрамында немесе жеке тұрған ғимаратта орналастырылады. Өндірістік үй-жайларда тамақ ішуге жол берілмейді. 30. Асханаға кіретін жерде киімдерге арналған киім ілгіштер, ыстық және суық суы келтірілген, сабынмен және электрлі сүлгімен жарақталған қолжуғыштар орнатылады. 31. Өндірістік жабдық технологиялық процестің үздіксіздігін және пайдалану процесінде зарарсыздық жағдайын қамтамасыз ететіндей болып орналасады. 32. Химиялық заттардың әсеріне, температураның әсеріне төзімсіз және олармен жанасатын ортаға зиянды химиялық заттарды бөлуге қабілетті материалдардан жасалған жабдыққа жол берілмейді. 33. Сұйық зиянды және (немесе) қатты иісі бар заттарға арналған дозалайтын аппаратура олардың шамадан тыс толуын ескертетін құрылғылармен жарақталады. 34. Сусымалы заттарды тиеу және түсіру шаң бөлінуді болдырмайтын тәсілмен жүзеге асырылады. 35. Сұйық шикізатты тиеу жабық коммуникациялар бойынша жүзеге асырылады. Зиянды және (немесе) қатты иісі бар заттардың ерітінділерін ашық ағыспен беруге жол берілмейді. 36. Үй-жайларды жинауды сығылған ауамен жүргізуге, үй-жайларды және жұмыс беттерін жуу үшін органикалық ерітінділерін пайдалануға жол берілмейді. Жинау жуу құралдарының су ерітінділерін пайдалана отырып жүргізіледі. 37. Технологиялық процесті объектінің персоналы орындайды және бақылайды. 38. ПКӨ мен АҚГҚ-ны алу технологиясындағы барлық өзгерістерге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысын алғаннан кейін және қауіпсіз еңбек жағдайын, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін және дайын өнімнің тұтынушылық сапасын төмендетуді тудырмайтын іс-шаралар жүзеге асырылғаннан кейін жол беріледі. 3. Парфюмерлік-косметикалық өнімдер мен ауыз қуысы гигиенасы құралдарын сақтауға және өткізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 39. Шикізаттың, қосалқы материалдар мен реактивтердің әр алуан түріне ПКӨ және АҚГҚ дайындаушы-кәсіпорынның бекітілген нормативтік немесе техникалық құжаттамасы болады. 40. Кәсіпорын алатын шикізаттың, материалдардың, реактивтердің әрбір партиясы қаптамасының бүтіндігін, таң­ба­лануын және сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болуын тексеру арқылы кіру бақылануына жатады. 41. Шикізат, материалдар, реактивтер регламенттелген сақтау мерзімі ішінде олардың сақталуын қамтамасыз ететін және араласуы мен ластануын болдырмайтын жағдайларды сақтай отырып, негізгі өндірістен оқшауланған арнайы үй-жайларда сақталады. 42. Шикізаттың, материалдар мен реактивтердің жарамсыз деп танылған партиялары таңбаланады және олардың өндірістік процеске кездейсоқ түсіп кетуін болдырмау үшін бөлек сақталады. 43. Қойма үй-жайларының шығарылатын өнім, қосалқы материалдар және шикізат номенклатурасына сәйкес келетін қуаты болады. Көлемдері, конструкциясы және орналасуы өнімді тиімді орналастыруға, жинау жұмысын және басқа да қажетті техникалық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Дайын өнім стеллаждарда және (немесе) тұғырықтарда сақталады. 44. Шикізатты, жарамсыз деп танылған шикізатты қабылдау және орналастыру үшін, дайын өнімді тұтынушыға жібергенге дейін сақтау үшін бөлек үй-жайларды (немесе аймақтарды) көздеу қажет. 45. Қоймада уытты және тез тұтанғыш заттарды сақтауға арналған бөлек үй-жайлар (аймақтар) көзделеді. 46. Өндіріс аймағына кірушілердің барлығы, оның ішінде уақытша және тұрақты жұмыс істейтін жұмыскерлер, кәсіпорында жұмыс істемейтіндер жеке гигиена қағидаларын сақтайды. 47. Өндірістік үй-жайларда арнайы киім киіп жүру қажет. Арнайы киімді және үй киімін бірге сақтауға жол берілмейді. 48. ПКӨ және АҚГҚ-ны өткізу өткізілетін өнімнің сәйкестігін бағалаудан өткен (растау) құжаттары болған жағдайда жабдықталған сауда объектілері немесе бөлімдері арқылы жүзеге асырылады. 49. ПКӨ және АҚГҚ-ны қоймада және өткізу нүктелерінде сақтау және тасымалдау өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайларды сақтайды. 50. ПКӨ және АҚГҚ-ны сақтау және өткізу тағам өнімдерінен, құрылыс және әрлеу материалдарынан, автобөлшектерден, жанар-жағар май материалдарынан бөлек жүзеге асырылады. 51. ПКӨ және АҚГҚ белгіленген жарамдылық мерзімі ішінде дайын өнім қасиетінің сақталуын қамтамасыз ететін тұтынушылық ыдысы болған жағдайда өткізіледі. 52. Жарамдылық мерзімі өткен, тұтынушылық ыдысында ақауы бар және сақтау жағдайлары бұзылған ПКӨ мен АҚГҚ-ны өткізуге жол бермейді. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 3 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10623 болып енгізілді.