22 Қаңтар, 2011

Аяқ алысы аршынды кәсіпорын

629 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік табысы ___________________ Орал қаласындағы «Агрореммаш» АҚ Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құр­ме­тіне жаңа ірі жобаларды іске асыруға кірісті. Өз атауынан көрініп тұр­ға­нын­дай, аталған отандық кәсіпорын мәшине жасаумен айналысады. Бұған дейін кәсіпорын конвейерінен ком­му­нал­дық қызметке, өрт сөндіру мен құрылысқа қажетті көліктер шығарылып келді. Оның сапасы мен бәсекелестікке қабілеттілігіне бұған дейін сын-ескертпе айтқан сұраныс иелерін әзірге көрмеппіз де, естімеппіз де. Лайым  солай бола бергей. Ал биылғы жаңа жыл­да агрорем­маштық­тар Бело­рус­сиядағы әлем­ге әйгілі Минск автомобиль зауы­ты­мен (МАЗ) арнайы тех­ника шығару жөнін­дегі ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Бүгінде зауыт ұжымы осы қа­нат­қақты жобаны іске асы­руға кірісіп те кетті. Алғашқы кезекте МАЗ-бен республика қалалары мен аудандарындағы коммуналдық қызметке қа­жет­ті арнайы кө­ліктер шығарудың жөн-жобасы белгіленді. Соның ішінде, рес­публикадағы жол ин­фра­құрылымы нашар дамы­ған өңірлер үшін арнайы көлік үлгілері таңдап алынды. Бұл көліктер ойлы-шұңқырлы және кедір-бұдырлы жолдарға лай­ық­талып жасалмақ. Сондықтан да Белоруссия мен қазақ­стан­дық мәшине жасаушылар өнім­деріне тек жоғары сапа және төзімділік пен беріктік тән болмақ. – Бұл үшін биылғы жылдан бастап кәсіпорынды толық жаң­ғырту талабын қойып отыр­мыз. Мұның басты жолы  иннова­ция­лық сатыға қол жеткізетін жаңа технологиялар болмақ. Бұл орайда біз белоруссиялық әріптестеріміздің көмегіне арқа сүйейтін боламыз. Қазірдің өзін­де техникалық тұрғыдан қай­та жарақтандыру жұмыстары қол­ға алынды. Бұған 2 миллион АҚШ доллары көлемінде қара­жат қарастырылмақ, – деді газет тілшісіне «ОралАгрореммаш» АҚ президенті Ғимран Бисенов. Бұған қосарымыз Қазақ­стан, Ресей және Беларусь мем­лекеттері арасындағы Кеден одағы көліктер шығаруға қажетті бөлшектер тасымалдау үрдісін барынша жеңілдете түс­пек. Аталған одақ аясында құжат рәсімдеудегі кедергілер жойылғаны белгілі. Сондықтан да бүгінгі күні екі тарап негізгі кү­шті әріптестік қарым-қа­ты­нас­тарды одан әрі тереңдетуге бағыттап отыр. Басты мақсат – Қазақстанға жеткізілетін бөл­шектер санын көбейту арқылы тең тұрғыдағы әріптестік өн­дірісті кеңейту. Ортақ өнімнің алғашқы пар­тиясын жасап шығару үшін өзара келісімге сәйкес автомобиль шассилерінің алғашқы легі көп кешікпей Минскіден Оралға жеткізілмек. Ал қазақ­стан­дық зауыт өз кезегінде екі-үш айдың ішінде арнайы көліктердің ал­ғашқы үлгілерін жасап шығар­мақ. Оған «МАЗ» бен     «Орал­Агрореммаш» зауыттарының логотиптері қатар қойылмақ. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.