29 Сәуір, 2016

Араб әлемінің бас басылымы

522 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

 ERA_0563+Осы газеттегі әріптестеріміз Қазақстанды «Орталық Азияның жүрегін ұстап тұрған қыран» деп бағалайды екен

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жақында, ХІІІ Еуразиялық медиа форумға келген қонақтар қатарында болған Мысыр елінің ең үлкен газеті «Әл-Ахрам» медиа-холдингі басқармасының төрағасы Ахмед әс Сайид ән Наггар «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына келіп, әріптестерімен кездес­кен еді. Кездесуді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Еркін Қыдыр ашып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ, кездесуге Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайсам Салах Камел Ибраһим қатысты. ERA_0528– Ахмед ән Наггар қазақшаға аударғанда «Пирамида» деп аталатын «Әл – Ахрам» газетінің күніне 900 мың данамен екі рет шығып, тарайтынын жеткізді. Оның ағылшын, француз тілдеріндегі нұсқалары да қатар тарайтын көрінеді. Бұл Мысырда ғана емес, исі араб әлеміндегі ең көп және 140 жылдан бері шығып келе жатқан байырғы басылым. Онда 16 мың қызметкер еңбек етеді. Негізгі газетке қосымша ретінде шағын тиражбен тағы да апталық және ай сайынғы 15 газет пен журнал шығарады. Медиа-холдингтің құрамында 3 саяси-стратегиялық зерттеу институттары бар. Атап айтар болсақ, олар Америка, Еуропа және Азия елдерінің саяси, экономикалық даму бағыттарын зерттеп, өздерінің тұжырымдарын газетке беріп отырады. Азия елдері институтының ішінде түркітілдес елдермен, соның ішінде Қазақстанмен тікелей айналысатын басқарма бар. Әлемдік сарапшылар рейтингі бойынша осындай істерді зерттеуге қатысатын барлық 500 ұйымның ішінде біздің орталықтарымыз 20-шы орын алады. Сонымен қатар, біздің холдингіміздің фармацевтикалық препараттар, кеңсе тау­арлары, компьютерлік дискілер, қағаз өнімдерін дайындайтын зауыттары мен цехтары бар. Осының үстіне биыл біз қағаз және картон шығаратын жаңа зауыт салуды қолға алып жатырмыз. Бұл зауыт қытайлық әріптестерімізбен бірлесе отырып қолға алынған, – деді Ахмед ән Наггар өзінің медиа-холдинг туралы қысқаша сөзінде. Сөйтіп, «Әл-Ахрамның» баспасөз құралы ғана емес, пирамида деген атына заты сай тұтастай медиа-империя екендігі белгілі болды. Осыдан әрі егемендіктер қонақты түрлі сұрақтардың астына алды. Қағаз шығарумен айналысып жатқандарына қарағанда оның тапшылығы сезіліп, осы уақытқа дейін қағазды қайдан аласыздар деген сұраққа, оны негізінен Ресей Федерациясынан және аз мөлшерін Финляндиядан жеткізетіндіктерін айтты. Араб әлемінде Катардың «Әл-Жазира» агенттігімен салыстырғандағы газеттің өтімділік рейтингі қандай дә­режеде деген сұраққа қонақ біршама кір­біңдеу көңілмен жауап бере бастады. Соған қарағанда бұл екі БАҚ өзара бәсекелес екендігі сезіліп тұрды. Ахмед ән Наггардың айтуына қара­ғанда, «Әл-Ахрам» қағазға шы­ғатын газеттен басқа 32 электрондық нұсқамен тарайды екен. Бізден «Әл-Жазираның» артықшылығы тек сол, онда телеарна бар. Біз де алдағы уақытта теленұсқаны шығаруға дайындалып жүрміз. Техникалық мүмкіншіліктердегі айырмашылығымыз осы ғана. Ал халық­қа ұсынатын материалдарымыздың шыншылдығы мен өткірлігіне келетін болсақ, айырмашылығымыз көп. «Әл-Жазира» алдымен ақпараттық арна ретінде ашылған. Бірақ олар ақпараттарды бұрмалап, өздерінің тапсырыс берушілерінің ыңғайына келтіретін болды. Бұл жерде олар кейбір саяси күштердің қолшоқпарына айналды десек артық емес. Бүгінгі таңда барлық араб әлемі «Әл-Жазираның» осын­дай мақсатты көздейтінін бі­ліп, оның хабарларына сақтықпен қарайды және оны әділетті ақпарат көзі деп санамайды. Бірақ еуропалық тыңдармандар «Әл-Жазираның» түпкі мақсатын білмегендіктен, өкінішке орай, оның хабарларына құлақ түреді. Сондықтан, Араб әлемі мен Еуропаның көптеген талғампаз оқырмандары біздің газетіміздің ақпараттарының әділетті әрі шыншыл екенін біледі. Өйткені, біздің басылым ешқандай саясатқа араласпай, тәуелсіз, шынайы және ашық хабар ғана таратады. Сонымен қатар, біз тәуелсіз баспасөз ретінде өз еліміздің басшысы туралы әділетті ақпараттарды ашық тарата береміз. Егер біздің Президентіміздің іс-әрекетінде заң бұзушылықтар немесе мемлекет пен халық мүддесін аяққа басушылық болса ашық сынаймыз. Оның үстіне пікір алуандығы болуын үнемі ескеріп отырамыз. Ал «Әл-Жазира» ешқашан да Катардың ханзадасын сынай алмайды, өйткені, агенттікті қаржыландыратын соның өзі. Міне, осыдан-ақ екі БАҚ-тағы демократияның қаншалықты дәрежеде екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер, деді Ахмед ән Наггар. Сөз бостандығы деген алдымен өз билеушіңе қатысты болуы керек қой. Өзге елдің басшыларын сынау оңай, егер сен нағыз демократияшыл болсаң – өз еліңнің басшысын сына, сонда ғана сендерде сөз бостандығы бар деген сөз, дегенді қосты ол. Медиа-холдингтің құрылтайшысы кім, оның акцияларының ішінде мемлекеттің үлесі бар ма деген сұраққа орай қонақ газеттің құрылу тарихынан біршама қызықты әңгімелер айтты. Біздің газетімізді 1875 жылы өз заманының озық ойлы оқымыстылары Бешарой және Салим есімді ағайынды екі ливандық ұйымдастырған. Алғашқы кезде олар газетті Александрия қаласында аптасына бір рет шығарып тұрған. Сұраныс көбейген соң газет күнде шығатын халге жетеді. 1899 жылы басылым оқырмандар көп шоғырланған Каир қаласына көшіріледі. Ұзамай оның беделі тіпті артып, мысырлық оқымыстылар, ақындар мен жазушылар оған жиі шығып тұруды өздеріне мәртебе санаған. Соның ішінде Нобель сыйлығының болашақ лауреаты, жазушы, драматург Нагиб Махфуз да бір кездерде бұл газетте жиі жарияланып тұрған. Өзінің алғашқы романдары мен драматургиялық шығармаларынан үзінділерді жазушы алдымен осы газетке жариялаған. 1988 жылы 77 жастағы жазушы Нобель сыйлығын алғанда өз шығармаларын алғаш рет жарыққа шығарған «Әл-Ахрам» газетіне де алғысын білдірді, деді басылым басшысы. 1950-ші жылдардың басында Мы­сырда король құлатылып, елде Рес­публика жарияланғанын білесіздер. Алғашқы Президент Мұхаммед Нагиб болған еді, алайда, ол бір-ақ жыл билік құрып, отставкаға кетті. 1954 жылы өкімет басына Гамал Абдел Насыр келді. Ол КСРО-мен жақсы қарым-қатынас орнатып, елден ағылшын әскерлерін шығарды. Сол кезде КСРО-ның жолымен революциялық тәртіптер енгізіп, көптеген үлкен компанияларды мемлекет меншігіне алды. Соның ішінде Суэц каналы да болғанын кеңестік азаматтар жақсы біледі. Міне, осы науқан кезінде «Әл-Ахрам» газеті де ілігіп, толығымен мемлекеттің иелігіне көшті. Алайда, осы кезде газеттің редак­торлығына өте танымал публицист, араб елдеріне белгілі жазушы, қоғам қайраткері Мұхаммед Хасанейн Хейкал келді. Ол газет қызметкерлері қатарына Мысырдың ғана емес, барлық араб әлемінің жетекші журналистері мен үздік қаламгерлерін тартты. Соның арқасында газеттің шеберлігі артып, халық арасындағы өтімділігі өсті  және бағыты да өзгермей, саясаттың сойылын соқпай, объективті қалыбынан таймады. Г.А.Насырдың тұсында цензура қанша күшті болғанымен бас редактордың беделінің және президентпен достығының арқасында «Әл-Ахрам» газетіне ешқандай қысым жасалмады. Сол кездің өзінде «Әл-Ахрам» араб елі ғана емес, бүкіл дүниежүзіне белгілі беделді басылымдардың біріне айналды. Негізгі құрылтайшысы мемлекет деп саналғанымен газет мемлекеттен ешқандай қаражат алмай, өзінің тапқан табысымен күн көрген. Ал бүгінгі таңда жоғарыда аталған кәсіпорындар өнімдері және жарнама берушілердің төлемдерінің арқасында күн көріп келеміз. Соңғы жылдардағы төңкерістің кесірінен туған дағдарыс кезінде мемлекет газетке біршама көмек берді, бірақ бұл ешқандай шартсыз берілген қолдау еді, деді қонақ. Егемендіктерді «Әл-Ахрам» жур­на­листерінің орташа табысы қызықтырды. Оған қонақ тура жауап бермей, басы­лымның жалпы қаржылық қуаты туралы айтып кетті. Соның ішінде жыл­дық бюджеті 950 млн. египет фунтына тең екендігі айтылды. Бұл долларға шаққанда 110 млн-дай. Қатардағы журналистің жылдық еңбекақысы 12 мың доллар шамасында екен. Сонда ол айына 1 мың доллар шамасында еңбекақы алатын болып шықты. Бір газеттің өзіндік құны қанша деген сұраққа берген жауабы біздің журналистерімізді тіпті қайран қалдырды. Өйткені, газет бөлшек саудада 2 египет фунтына сатылатын көрінеді, ал бұл өзіндік құннан әлдеқайда төмен екен. Сонда өздеріңіздің шығындарыңызды қалай жабасыздар, банкрот болып қалмайсыздар ма деген сұраққа қонақ жарнамадан түсетін мол қаражат біздің шығындарымызды жауып қана қоймай, таза табыс алуымызға мол мүмкіндік береді деп жауап берді. Оның үстіне жарнама, хабарландыруларды жалғыз Мысыр тұрғындары ғана емес, барлық Араб әлемі беріп тұрады екен. Қазақстандық басылымдармен байланыс жасау жоспарларыңыз бар ма деген сұраққа Ахмед ән Наггар үл­­кен ыждаһатпен жауап берді. Біз Қазақ­станды Орталық Азиядағы жетекші ел деп санаймыз. Оның экономикалық даму әлеуеті зор екенін де білеміз. Әлемдік қауымдастықтың Қазақстанның бейбіт бастамаларын қолдап жатқанын көріп жүрміз. Өзара әңгімелескенде біз Қазақстанды Орталық Азияның жүрегін ұстап тұрған қыран деп әзілдейміз. Сондықтан да, Қазақстанмен тікелей байланыс орнатуға ықыластымыз. Бір өкініштісі сол, бүгінге дейін біз Қазақстан туралы ақпараттарды тура алмай, тек еуропалық елдерден түсетіндермен қанағаттанып келеміз. Соның ішінде, «Рейтер», «Ассошиейтед пресс» және т.б. бар. Одан да екі елдің ақпараттық айдынында тікелей байланыс орнатып, екі жақтың келісімімен біз Алматыда немесе Астанада, сіздер Каирде тілшілер қосынын ашатын болсақ, екі мемлекетке де тиімді болар еді. Біз Қазақстан туралы ақпаратты тікелей сіздерден алғанды дұрыс деп санаймыз. Бізде сіздерге өз еліміз туралы шынайы ақпаратты жеткізіп тұрар едік, деді қонақ. Осы орайда әріптесіміз Талғат Батырхан: біз сіздерге ұлы қолбасшы Бейбарыстың өзін жібергенде бір тілшіні жіберуге де шама келеді ғой деген ұтымды әзіл тастаған еді, қонағымыз бұл тақырыпты қанағатпен ауызға алып, үлкен тақырыпқа ойысып кетті. Соның ішінде, Мысыр халқының Бейбарысты әлі күнге төбеге көтеріп құрметтейтінін, оның есімімен мақтанатынын, Каирдегі ең үлкен мешіт соның атында екенін және оның есіміне жеңімпаз дегенді білдіретін «аз-заһир» суффиксін қосып сөйлейтіндерін жеткізді. Осы орайда, біз «Әл-Ахрам» басы­лымының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда болған төртінші анти ядролық саммитте жариялаған манифесі туралы не жазғанын сұрадық. Біз бұл мәселеге үлкен назар аудардық деп бастады өзінің сөзін қонақ. Өйткені, Мысыр жерінде бұл мәселе ежелден өзекті болып келеді. Сондықтан да, бұл мәселені біз жазып қана қойған жоқпыз, оқырмандар арасында талқылауларға да орын бердік. Осыдан 20 жыл бұрын бізде «Таяу Шығыс – ядролық қарудан азат аймақ болсын!» деген бастама көтерген еді. Бұл бастама біздің өңірімізде үлкен сенсация болып, қызу талқыланды. Біздің газетіміз де бұл іске белсене қатысты. Алайда, өңірді бейбітшілікке шақырған бұл бастама аймақ елдері тарапынан толық қолдауға ие болмай, жарты жолда қалды. Сондықтан да, біз Президент Н.Назарбаевтың бастамасына үлкен назар аударып, өзімізде туған бұрынғы бастамамен жалғастыруға тырыстық және оның әлем елдері тарапынан толық қолдау тапқанын жақтаймыз. Біздің еліміз ядролық қаруды жасау немесе оның арсеналын арттырып, көршілерін қорқыту арқылы басымдыққа жетемін деген жаман ойлы саясатты әрқашан әшкерелеп, оны сын тезіне салады. Міне, сондықтан да, біз Н.Назарбаевтың бастамасын қолдап, оны өзіміздің оқырмандарымызға кеңінен таратудамыз. Сонымен қатар, Ахмед ән Наггар «Әл-Ахрам» газеті қызметкерлерінің кәсіподағы да мықты екенін жеткізді. Біздің ұжымның кәсіподағы Мысырдағы журналистер кәсіподағымен бірлесе отырып, қаламгерлердің құқы мен сөз бостандығын, жеке бастарының еркіндігін қорғау бағытында үлкен шаруалар тындырады. Біздің барлық журналистеріміз де кәсіподаққа міндетті түрде мүше болып енеді. Үкіметтің өзі олардың талаптарын сөзсіз ескереді, деді ол. Осы орайда, Мысырда болған был­­тырғы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде «Әл-Ахрам» газетінің Синай түбегіндегі аймақтық тілшілік қосынына жасалған шабуылды еске түсірдік. Онда басылымның алты қызметкері қазаға ұшырап, біршамасы жараланған еді. Тақтан тайдырылған діншіл президент Мұхаммед Мурсидің жақтастары газеттің демократияшыл, зайырлы бағытын ұнатпай, оған шабуыл жасағаны белгілі болған. Сонда «Әл-Ахрамның» барлық ұжымы кәсіподақтың бастамасымен қаза болғандар мен жараланғандарға, олардың отбасыларына үлкен көмектер ұйымдастырғанын бірқатар еуропалық ақпарат құралдары жарыса жазған еді... Кездесу барысында Қазақстан мен Мысыр арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында тың ойлар айтылып, орынды ұсыныстар жасалды. Былтырғы терактінің салдарынан Қазақстаннан баратын туристер саны күрт азайып кеткені белгілі. Қазір жағдай тұрақталғанымен біздің туристер Мысырдағы ахуалға әлі де алаңдаулы. Сондықтан, туристік фирмалардың халық­ты тыныштандыру жөніндегі ақпараттары мен жаңа ұсыныстары туралы хабарларына «Егемен» орын беруге әзір екені айтылды. Бұл ұсынысты қонағымыз қуана қолдайтынын жеткізді. Осы мәселеге кездесуге қатысып отырған Мысырдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайсам Салах Камел Ибрахим де қызу араласып, мұндай пікірге өзінің ризашылығын айтты. Сонымен қатар, ол Мысырдағы туризм индустриясы туралы біршама ақпараттар беріп, осы саланы екіжақты дамытуға бірлесіп үлес қосуға дайын екенін айтты. Қазір Қазақстан басшылығы Мысырға ұшатын рейстерін алғашқылардың бірі болып толық қалпына келтірді. Біздің ел үшін бұл өте маңызды достық қадам, деді ол. Ал 20 мамырда Алматыға Синай қаласы мен Қызыл теңіз өңірінен үлкен делегация келіп, екі елдің арасын­дағы нақ осы туризм саласындағы ын­ты­мақтастықты дамыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізеді екен. Елші сол шараны «Егеменнің» кеңінен көрсететінінен үміт ететінін айтты. Кездесу соңында «Әл-Ахрам» басы­лымының басшысы Ахмед әс Сайид ән Наггар өзімен жылы жүзді кездесу ұйымдастырған «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына, белсене қатысқан ұжым мүшелеріне ризашылығын біл­діріп, алғысын айтты.  Жазып алған Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»