* * *
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: БАСШЫМЫЗДЫ ТАПҚАН ЕЛМІЗ
Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында бізбен бас қосып, ой бөлісіп отырғаныңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Бас-аяғы жиырма жылдың ішінде айтса нанғысыз, аңызға бергісіз іс тындырылды. Жұрт қатарына қосылдық. Іргелі ел болдық. Есіктен сығалай алмай жүрген жұртыңыз әлемнің төріне шықты. Сіз экономикасы, жүйесі тас-талқан болған, қираған елде қысқа мерзімде мемлекет орнаттыңыз. Мыңдаған жылдар бойы қазақ осыны аңсады, осы үшін күресті, қан төкті, жан қиды, бірақ жете алмады. Біз жеттік. Сізбен бірге жеттік. Сіздің бастауыңызбен жеттік. Бәрі де оңайлықпен бола қойған жоқ. Елім деп түн ұйқыңызды төрт бөлген, қиналған, күйзелген, азап шеккен ең қиын жылдарыңызда қасыңызда болған кісілердің бірі ретінде мен мұны жақсы білемін. Елдің қамын жеп, жаныңызды қамшылағаныңызға талай куә болған адаммын. Шынтуайтында Сіз сол ұлы империяның құлауына да, оның құрамында болған көптеген тәуелсіз мемлекеттердің бейбіт жолмен дүниеге келуіне де себепкер болған едіңіз. Бұл ақиқатты біздің тарихшыларымыз әлі жазған жоқ. Жаза алмай жүр. Бағзы замандардан біз мекен етіп келе жатқан Ұлы далада бұрын да талай мемлекеттік құрылымдардың болғаны рас. Бірақ олардың ешқайсысы дәл бүгінгі Қазақстан Республикасы секілді төрт құбыласы түгел, дербес мемлекет болған жоқ. Бұған дейін елімізде тұтас мемлекет құрудың тәжірибесі болған жоқ. Қазақ Абылайдың туының астына да тұтас біріккен жоқ. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы ел болдық. Қазіргі Қазақстан өзінің сара жолына түсті, танымастай өзгерді. Тәуелсіздікті алу да, оны баянды ету де, мемлекет орнату да, оны орнықтыру да оңай болмады. Осының бәрін жасап отырған Елбасы тарих толғатып туған мыңжылдықтардың тұлғасына, туған халқының бәйтерегіне, әлемдік тұлғаға айналды. Біз осыған шүкіршілік етуіміз керек. Осы күндері дін мәселесі жұртты қатты толғандыра бастады. Мұны өзіңіз жақсы білесіз. Әсіресе, исламның тоқсан тарауға бөліне бастағаны, ата жолынан айни бастауы үрей тудырады. Таяуда бұл жөнінде Өмірбек Байгелди «Егемен Қазақстанға» жақсы мақала жазды. Біле-білгенге, дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің. Қасиетімізді қасіретке айналдырып алмауды қатты ойланғанымыз жөн. Алдымызда Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы. Мұны даурықпай, дабыра қылмай, төкпей-шашпай, елдің тойы, халықтың тойы, өркениеттің өнегелі тойы етіп өткізуіміз керек. Кеше Саммитқа келген іргелі елдердің басшылары кезекке тұрып, сәлемдесіп, қолыңызды алып жатқанда, талай адам қуаныштан көзіне жас алды. Мақтаныш сезіміне бөленді. Алладан Сіздің амандығыңызды тіледі. Сізге риза болған ел бүгінде Сіздің өкілеттігіңізді 2020 жылға дейін ұзартуды қалап отыр. Бұл елге керек. Жұртқа тыныштық, ынтымақ, бейбіт өмір, жақсы тұрмыс керек. Оны жасап отырған Сізсіз. 1998 жылғы Азия апатынан да, 2008 жылғы әлемдік дағдарыстан да халқыңызды аман алып шыққан Сізсіз. Мұны ешкім ұмыта алмайды. Біз ықылым замандардан бері Ұлы дала төсінде сан қилы тағдырды басынан кешкен, осы күнді аңсаған ел едік. Сақ Ата дәуірінде де, қағанат, хандық заманында да, Әз Жәнібектің, Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұндай бақытты, мұндай дәулетті көрген жоқ. Мұндай заманға халық Сізбен бірге жетіп отыр. Сіздің өкілеттілігіңізді ұзартсақ деп отырған халық осыны да ескеруде. Санамалап сөйлесек, Сіз: Қазақты сан мың жылғы арманына жеткіздіңіз. Тәуелсіздік орнаттыңыз, оны баянды еттіңіз, байрағын желбіреткен мемлекет орнаттыңыз, оны әлемге таныттыңыз, мойындаттыңыз, Елорда салдыңыз, Ақорда тұрғыздыңыз. Жаңа заманның жаңа тарихын жасадыңыз, сөйтіп, дәуірге татитын құбылыс жасадыңыз. Адамзат тарихында тұңғыш рет әлемдік, дәстүрлі діндердің басын қостыңыз, үш дүркін Құрылтайын өткіздіңіз, оларға арнап Сарай салдырдыңыз. Еліңізді Еуропаның төріне шығардыңыз, Ислам Конференциясы Ұйымының да тізгінін ұстағалы отырсыз. Бейбітшілікті, ынтымақ-бірлікті ұлттық, мемлекеттік саясаттың туы ғып ұстаған, халқының көкейіндегісін тауып, дегенін істеп, ел-жұртын мұратына жеткізіп отырған Елбасысыз, Ұлт Көшбасшысыз, әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерісіз. Дүние жүзінде ядролық қарудан өз ықтиярымен бас тартқан жалғыз басшы да Сіз боласыз. Халық осы үшін де қуаттап отыр. Референдумға барса да, сайлауға барса да, оның шешімінің біреу-ақ болатынын халық біліп отыр. Парламент те халық тілегіне сай шешім қабылдап отыр. «Халық айтса, қалп айтпайды» деген сөз бар. Халықтың қалауы осы. Ел тілегін саяси партиялар да, толып жатқан көпшілік ұйымдар да жаппай қолдауда. Халыққа қарсы шығып қайда барсын, оппозиция да негізінен үнсіз отыр. Шындығың ертегідей болғаны шын, Нұрсұлтан – ел тірегі, ел намысы. Адамның бұл өмірде арманы жоқ Халқының бола білсе қорғанышы! Өмірдің судай ағып өзегімен, Келеді президенттер кезегімен. Елбасы – Назарбаев – егіз ұғым, Жасайды мәңгі бірге өз елімен, – деп Несіпбек ақын жырлағандай, Сіз халқыңызға қорған болған, еліңізбен егіз ұғымға айналған адамсыз. «Басшысын таппаған ел жетім», дейді халық. Басшымызды тапқан елміз. Сізге халық бұрын да сенген, бүгін де сеніп отыр. Референдумды Сіз сұрап отырған жоқсыз, Сізден халық сұрап отыр. Сіз елі сүйген, елін сүйген Елбасысыз. Осыны бәріміз де қолдаймыз. Сіз де мақұлдайды, қабылдайды деп сенеміз. Бұдан басқа жолды көріп отырғанымыз жоқ.* * *
Әбіш КЕКІЛБАЕВ: ДЕМОКРАТИЯ – ПРОЦЕДУРА ЕМЕС, ПРОЦЕСС
Алдағы күзде алғаш тәуекелге бой ұрғанымызға жиырма жыл толады. Оған дейін құрғақ қиялдағанымыз болмаса, дербес мемлекеттікке қол жеткізе қоямыз деп ойлаған емеспіз. Көп нәрсеге сосын түсіндік. Өз алдына ел болу айтуға ғана оңай екен. Жүзеге асыруда жүздеген кілтипандарға килігеді екенсіз. Ізі жоғалып кете жаздаған мемлекеттігімізді тарихи шындыққа айналдыру қиынның қиыны екен. Оның ойдағыдай жүзеге аса қоятынына нигилистік көзқарасты бірден емес, біртіндеп еңсеріп келеміз. Аздаған уақытта Астана тұрғыздық. Жасампаздығымыз бойымызда әлеуметтік оптимизмді оятты. Оны жуырдағы ЕҚЫҰ Саммиті одан әрі орнықтыра түсті. Қазақстан тәуелсіздігін беркіту түбегейлі экономикалық реформамен тұспа-тұс келді. Көпке дейін қоғамда энтузиазм оянбады. Күйбең тіршіліктің гөй-гөйі көбейді. Оған нарықты кінәлайтын ұшқары ұғым ұзақ меңдеді. Жаңа экономикалық қатынастарға енді-енді жылы қабақ таныла бастады. Расында да, нарық мәдени-әлеуметтік мәселелерге шындап бет бұруға кірісті. «Жол картасы», «100 аурухана, 100 мектеп», «Жасыл ел», «Мәдени мұра», «Ақбұлақ» бағдарламалары жүзеге асты. Теріскей мен түстік, батыс пен шығыс аралығындағы жол түзеліп келеді. Ауылға ықылас ауды. Тұрғын үй құрылысына, орта және шағын бизнесті ұлғайтуға, жастарды еңбек пен спортқа баулуға, білім мен денсаулықты жақсартуға байланысты батыл шешімдер реформаның адамгершілік қасиетін арттырды. Коррупциямен, жұмыссыздықпен, есірткімен күрес күшейді. Реформа қарқынды кезеңіне енді келді. Көп салалы экономиканы жан-жақты қамту басталды. Халыққа пайдалы нысандар көптеп іске қосылуда. Өндірістің инновациялық, технологиялық сипаттары көбейді. Адамдарда болашаққа деген үміт пен сенім нығайды. Референдум туралы бастама содан өрістеп отыр. Мұндай бүкілхалықтық энтузиазм қолдауға әбден лайық. Қазақстанның реформашыл күш-қуатының дәл мұндай екпіні мен жарастығы бұрын-соңды байқалған емес. Осы заманғы оза дамыған елдер санатына тездетіп кіру идеясы баршамызды жігерлендіреді. Оған қажетті ресурстық, моральдық, интеллектуалдық мүмкіндіктердің бәріне иеміз. Мұндай игі мақсат еліміздің аса жауапты геосаяси жағдайынан туындайды. Оны жүзеге асыру үшін аса ұйымдастырушылық шеберлік, терең білік, ішкі және сыртқы иірімдерді аса нәзік түсінетін дипломатиялық интуиция, мол тәжірибе мен еңбекпен жинақталған нақты бедел керек. Бұл бірден қалыптаспайды. Құдайға шүкір, қай-қайсымыздың да саяси белсенділігіміз артты. Құштарлықтардан да кенде емеспіз. Бірақ, тарих талқысында Сіздей төселіп, таныла қойған әл-әзір ешкім жоқ. Қазіргі қоғамдық пікір соған меңзейді. Тәуелсіздік жылдарындағы қиямет-қайымдар мен асқаралы табыстар мұндай өрелі сипаттар Сіздің бойыңызда молынан табылатындығына көзімізді жеткізді. Реформа тағдыры – баршамыздың тағдырымыз. Оның осы салиқалы әрі сын кезеңінде тарихи жауапкершіліктен жалтармайтындығыңызға сенеміз. Сіз әрдайым орынды ескертіп отырасыз. Біз ынтымағы дамыған озық мемлекет болуға ұмтылуымыз қажет. Демек, біз демократиялық даму жолына ұмтыламыз. Демократия – процедура емес, процесс. Кемел демократиялық сана ұдайы шыңдалуды талап етеді. Біз де демократиялық процестерді тереңдете түсуге тиіспіз. Дүмбілездіктен әлі айығып болмаған қоғамдардағы демократиялық процедура көздеген мақсаттарға жеткізбегеніне тарих куә. Бұл бізді сақтандыруға тиіс. Он жыл әп дегенше өте шығады. Одан кейінгіні де осы күннен ойламай болмайды. Тұңғыш Президентке берілген өкілет енді ешкімге берілмейді. Тұңғыш Президентіміз демократиялық емес мемлекетпен демократиялық мемлекет түзуді жеріне жеткізуге тиісті. Ол орнықтырған нарықтық қатынастар мен демократиялық үдерістерден енді ешкім ауытқыта алмауға тиісті. Конституция берген қосымша мерзім билік институттарын үзбей жетілдіріп, кадрларды заманға лайықты тәрбиелей білуге жұмсалмақшы. Баршамызға бірдей жауапкершілік жүктейтін бұл міндетті де өзіңіздің белсене қатысуыңызбен ойдағыдай жүзеге асыратындығымызға кәміл сенеміз.* * *
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ: БАРЛЫҚ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ҚОЛДАЙДЫ
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының сан ғасырлық аңсаулы арманын іске асырып, 1991 жылы сын сағат туған кезде дербес мемлекет – Тәуелсіз Қазақстанды құру – еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз ерлігінің арқасында болды. Елбасымыз талай қиындықтан, талай қылкөпірден әупірімдеп халқын аман алып өтіп, бүгінде өзі құрған мемлекетті жетелеп, әлемнің озық елдерінің қатарына қоса бастағаны – әлемдік қауымдастық әлдеқашан мойындағаны ақиқат. Кейбір мемлекет басшылары, өз ұлтының азаматтарын да басын біріктіре алмай, жанжалдасып, атысып жатқанда, Қазақстанда тұратын 140-тан астам этнос өкілдерін қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында топтастырып, олардың бірлігін, ынтымағын нығайтудағы, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, қоғамдағы татулықты үйлестірудегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерлікке толы еңбегін бүгінде тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем танып, мойындап отыр. Қазақстан бүгінде әлемде сөйлесе сөзі, істесе – ісі үдеге асып тұрған ықпалды, тұғырлы мемлекетке, ал Ел мен Елбасы бөлінбейтін егіз ұғымға айналды. Алқабы – малға, қойны – қазынаға толы кең-байтақ жеріміз бар, көк байрақтың астына топтасқан ынтымағы жарасқан еліміз бар, асқақ Ақордамыз, айбынды Астанамыз бар, көш бастаған Елбасымыз бар еңсесі биік ел-жұртпыз. Еліміз үшін, Қазақстанның барлық азаматтары үшін ең үлкен байлық, біздің ұлы құндылығымыз – Тәуелсіздік. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысында болып, Қазақстан өзбектерінің республикалық «Достық» қауымдастығының құрылтайына қатысып қайттым. Құрылтайда басқа этнос өкілдері де болды. Сөйлеушілердің барлығы референдум өткізуді қолдап, еліміздегі барлық этнос өкілдеріне референдумдағы сұраққа «иә» деп жауап берейік деп үндеу де қабылдады. Сайрам ауданының құрметті азаматы, ардагер К. Юсувалиев өз сөзінде:«Референдум еліміздің ішкі тірлігі, халықтың Ата Заңымызда қарастырылған қалауы. Сондықтан ешкімге алаңдамай Елбасымызға көпшіліктің қалауын қолдап, референдум туралы оң шешім қабылдауды сұраймыз», деді. Халқымыз Сіздің талай-талай бастамаларыңызды қолдап, өзіңіздің басшылығыңызбен үлкен жетістіктерге жетті. Енді кезек Сізге келді. Сіз де халқымыздың осы бір бастамасын қолдаңыз.* * *
Зинаида ФЕДОТОВА: РЕФЕРЕНДУМ КОНСТИТУЦИЯҒА СӘЙКЕС КЕЛЕДІ
Менің есіме 1990 жылдың 24 сәуіріндегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүргенде депутаттардың Президент лауазымын құру туралы бір ауыздан дауыс берген сәті жиі түседі. Парламенттің сол отырысында біз Сізді Нұрсұлтан Әбішұлы, Президенттікке сайлаған едік. Одан кейін депутаттар сайлау туралы алғашқы заңды қабылдады, сондай-ақ біз алғашқы бүкілхалықтық сайлау өткізу дайындығына да белсене қатыстық. Бүгінде Қазақстанның президенттік институты өзін ақтап келеді деп нық сеніммен айтуымызға әбден болады. Кез келген тәуелсіз мемлекет өзінің алдына нақты жауапты қажет ететін екі қиын мәселені қояды. Олар: мемлекеттік құрылысты басқару үлгісі мен мемлекеттік басқару үлгісін дұрыс таңдау. Тәуелсіз Қазақстан бастапқы кезден-ақ негізгі осы бағыттарды зерттеп, зерделеп, дұрыс таңдай білді. Оның нәтижесін бүгінде барлық қазақстандықтар сезінумен бірге, шынайы түрде көріп отыр. Соның арқасында елімізде билік тармақтары арасында өзара түсіністік қалыптасты және тұрақтылық қамтамасыз етілді. Қазақстанда билік дағдарысын болдырмауға, оның алдын алып, өзара түсіністікті нығайтуға барлық мүмкіндіктер бар. Ал билік дағдарысының неге апарып соқтыратынын көпшілік жақсы біледі, терең түсінеді. Бұған нақты мысалды бірқатар көрші елдердегі жағдайлардан көруге болады. Қазақстанда ондай келеңсіз жағдайлар, қайғылы оқиғалар болған жоқ, оған жол берілмеді. Міне, осылар еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы жетістіктерін қамтамасыз етті. Президенттік басқару үлгісі жан-жақты дамытылуда. Ал президенттік институттың ұғым-мағынасы аса ауқымды. Президенттік басқару үлгісі, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, билік тармақтарында тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, билік тармақтарының бір-бірінен өкілеттіктерін асыруға жол бермейді. Барлығы Мемлекет басшысының қол астында және бақылауында болады. Қазіргі кезде қазақстандықтар Тұңғыш Президенттің өкілеттік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөнінде бастама көтеріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен айтар едім, осы жиырма жыл ішінде көптеген игі бастамалар көтеріп, оларды табысты жүзеге асыра білген Сізге халықтың қолдауына сенім артуыңызға неге болмасқа? Халық Сізді әр кезде де қолдап келді, Сіздің соңыңыздан ерді. Олар Сіздің ұстанған саясатыңыздың дұрыстығына, жүзеге асырған реформаларыңызға сенді, зор сенім артты. Ал бүгін халық бастамамен шығып отыр. Бұл қазақстандықтардың өз Президентіне, оның салиқалы саясатына берілген жоғары бағасы, көрсетіп жатқан зор қолдауы деп білемін. Республикалық референдумда дауыс беруге құқы бар біздің еліміздің 5 миллионнан астам азаматы Сізге референдум өткізуді қолдау жөнінде ұсыныс жасап отыр. Біз халықтың осы ұсынысына назар аударуымыз қажет. Өйткені, осындай бастама көтеру Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылған. Біз Сізді ерекше тұлға ретінде жақсы білеміз, шешім қабылдау Сіз үшін оңай емес екендігін де түсінеміз. Қазақстандықтар Сізге сенім білдіре отырып, Сіздің алдағы кезеңдерде де елімізді басқаруыңызды қалайды. Бұл қазақстандықтардың еркі және оны Сіздің тыңдауыңыз қажет деп білеміз. Парламенттің қос палатасы референдум өткізуге қатысты заң қабылдады. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді, Парламент Конституция шеңберінен шыққан жоқ. Парламент биліктің заң шығарушы өкілді органы, ал халық оны сайлаған ерікті күш болып табылады. Сондықтан мен тәжірибелі заңгер ретінде референдум өткізудің қайшылығы жоқ деп есептеймін. Референдум көптеген мәселелер бойынша шет мемлекеттерде – Италия, Франция, Австралия, Швейцария, Швеция, басқа да елдерде жиі өткізіледі. Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сізбен жиырма шақты жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Сіз қандай да бір шешім қабылдайтын кезде, ең алдымен, ел Конституциясын басшылыққа аласыз. Өйткені, Мемлекет басшысы Конституцияның кепілі болып табылады. Бұған Сіздің Парламентте қабылданған Заңды Конституциялық Кеңестің қарауына жібергеніңіз нақты дәлел. Мен 5 миллионнан астам электораттың референдум өткізу жөніндегі ұсынысына қолдау білдіреді деген ойдамын.* * *
Әлихан БАЙМЕНОВ: ҚОЛДАУҒА ТҰРАТЫН БАСТАМА ДЕП ЕСЕПТЕЙМІЗ
Президенттің өкілеттік мерзімін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың жиналысы өтіп, қол жинау басталған соң, біздің барлығымыз да үлкен толғаныс үстіндеміз. Бастамашы топтың айта алмаған уәждері де көп екені белгілі. Бұл тұрғыдан айтарым, біз үшін кімнің не айтқаны маңызды емес, ең маңыздысы – ел қалай дамиды? Осы бастаманың ел дамуына, сонымен қатар, Тәуелсіздіктің баяндылығына қандай әсері болады? Айтылмаған уәждердің ішінде, әсіресе, соңғы кездері көрініс бере бастаған біздің ірі алпауыт көршілеріміздің оянып келе жатқан араны мен тәбетін ауыздықтау бар. Оянып келе жатқан осы аран мен тәбетті ауыздықтауда және олармен тепе-теңдікті ұстауда Сіздің жеке беделіңіз бен жеке саяси салмағыңыздың маңыздылығы сөзсіз. Таяу арада Сіздің осы қасиеттеріңіздің біздің салиқалы да сындарлы саясатымызды түбегейлі орнықтыру үшін қажеттілігі де сөзсіз. Сондықтан 5 миллионнан астам адам қолдарын қойып, игі жақсылар қостаса, біздің ойымызша, бұл қолдауға тұратын бастама деп есептейміз. Сонымен қатар, мұның өзі ел тағдырын ойлап жүрген біз үшін де, көпшілік үшін де бір реттік науқан емес. Бұл жаңа істерге, жаңа реформаларға соны серпін беретін сәт деп түсінеміз. Осыған байланысты менің ұсынысым, референдумға дейін Сіздің жаныңыздан «Аманат» атты топ құрылса. Сол топ әртүрлі көзқарасы бар азаматтардың, саяси күштердің ұсыныстарын қорытып, референдумнан соң, салтанатты түрде Сізге табыс ететін болса. Мен өзім «Аманат» тобына ұсынуға лайық деп есептейтін бірнеше мәселені атап өтер едім. Біріншісі – сөзсіз, руханият мәселесі. Руханият мәселесінде Қазақстан үшін де және жалпы Орталық Азия үшін де алдағы 20-30 жылдағы маңызды мәселенің бірі – дін мен мемлекеттің қарым-қатынасының ең оңтайлы моделін табу. Бұл істе мемлекеттің саясаты да маңызды, діни ахуалдың және дінбасылардың жасампаздық ісі де маңызды. Таяуда мен бір молданың уағызын тыңдадым. Жарты сағатқа созылған уағыздың 90 пайызы о дүние туралы болды. Содан мен: «Оу, ағайын, қасиетті Құран кәрімде де, хадисте де екі дүниенің қызығын көрсет демеуші ме еді?» деп айтуыма тура келді. Ендеше, дінбасыларымыз да, оларға көмекші болатындай ғалымдарымыз бен философтарымыз да қазіргі көпшіліктің имандылыққа бет бұрған заманында жасампаздық туралы, бұ дүниедегі еңбек пен білім туралы да айту керек деп есептеймін. Екіншіден, бұл онжылдық қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде нығайып, қанатын кеңінен жайып, шынайы дүниетаным, ғылым, білім құралы болатын кезең болуы тиіс деген ой. Осыған байланысы бар тағы бір мәселе, бұл біздің ақпараттық кеңістіктің бәсекелестікке қабілеттілігі, ақпараттық кеңістіктің тәуелсіздігі. Үшінші үлкен мәселе, бұл еңбеккерлердің мүддесін қорғауда кәсіподақтардың рөлін көтеру. Түбегейлі келгенде тек билік қана емес, бірінші кезекте кәсіподақтар жұмыс берушілермен келіссөз жүргізу арқылы еңбектің абыройлылығын қамтамасыз етуге пәрмені жеткілікті болуға тиіс. Төртінші мәселе, мәслихаттар мен Мәжілістің саяси жүйедегі рөлін күшейту. Мәслихат пен Мәжілістің жергілікті жерлерде өзін-өзі басқару рөлін күшейту арқылы біз әр азаматтың ортақ істі басқарудағы рөлін көтереміз.