29 Сәуір, 2016

Әріптестік пен ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

476 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Встерча с Юнкером2Қазақстан Республикасы бір жағынан және Еуропалық одақ пен оның мүше мемлекеттері екінші жағынан қол қойып рати­фи­кациялаған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім біздің мемлекет пен әлемдегі аса ірі интеграциялық бірлестік арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа сапалық кезеңге көтерілгенін білдіреді. Бұл қадамдар Қазақстан Рес­пуб­ликасының ағымдағы он жыл­дық­тағы жоғары дипломатиялық белсен­ділігінің нәтижесі және Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев жүр­гізіп отыр­ған көпвекторлы саясаттың стра­тегиялық сенімділігінің дәлелі болды. Мемлекет басшысының жо­ға­ры беделінің және оның бел­сенді, прагматикалық және жан-жақты теңгерімді сыртқы саяса­тының арқасында Қазақстан ТМД кеңістігіндегі Еуропалық одақ­пен екінші буын келісімін бекіт­кен бірінші әрі әзірше жал­ғыз мемлекет болды және негіз­гі сауда-экономикалық, инвес­тициялық әріптеспен қарым-қаты­настың жаңа кезеңіне шықты. Бүгінгі күні еліміздің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктердің ашы­лып жатқандығы қуантады және ол біздің компаниялардың, мемле­кеттік мекемелердің және, әсіре­се, азаматтардың еуропалық әріп­тес­термен өзара тиімді ынты­мақ­тастық орнатуы үшін үлкен маңызға ие. Қазақстан мен Еуропалық одақ­тың 20 жылдан астам уақыттан бері жүргізген жемісті қарым-қаты­насы, оның ішінде Қазақстан Респуб­ликасы мен Еуропалық қоғамдас­тықтар және оған мүше мемлекеттер арасында 1995 жылы қол қойылған қолданыстағы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (ӘЫК) негізінде олардың сенім­ді және жүйелі дамуының берік іргетасы қаланған болатын. Біз­дің елдер арасындағы қазіргі заманғы қатынастар өзара сенімділік­ті, салиқалы пікір алмасу ар­қылы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген әзірлік пен ашық­тықты, сондай-ақ, ынтымақ­тастықты одан әрі жалғастырудың жарқын болашағы бар екендігін көрсетеді. Жаңа Келісімнің қажеттілігі бүгінгі күннің шынайы жағдайына сәйкес Қазақстанның ішкі дамуының өзекті міндеттерін шешу, еуропалық интеграциялық және институттық-құқықтық реформалар тәжірибесіне сүйену, Еуропа мемлекеттерімен технологиялық, энергетикалық, көліктік, сауда-саттық бағыттарында ынты­мақтастықты кеңейту маңызды­лығымен анықталды. Қазақстан өзіндік ерекшеліктері мен ұлттық мүддесін ескере отырып сапалы эволюцияланған жағдайда Еуропалық одақпен жаңа Келісім біздің мемлекетіміздің беріктілігі мен тұрақтылығының қосымша тетіктерін түзіп, еліміздің жеделдетіп дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны қалыптастыруға ықпал ететін болады. ЕО-мен жаңа Келісімді бекіту Қазақстан таңдап алған ұлттық бағытқа, «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясын жүзеге асыруға, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саяса­тына, «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парының бес институттық реформасын жүзеге асыруға толықтай сәйкес келеді. Біз экономиканы әртараптандыру, жасыл экономикаға көшу, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша еуропалық әріптестеріміздің ақыл-кеңестері мен тәжірибелерін кеңінен пайдалануға қол жеткізе аламыз. Қазіргі күні экономикалық дипломатияның аса үлкен маңызға ие болып келе жатқанын ескере отырып, Еуроодақпен жаңа Келісімнің аса маңызды құрамдастарының бірі оның экономикалық бөлігі екенін атап өту керек. Осыған орай біз жаңа Келісім Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғауға және алға бастыруға арналған қазіргі заманғы іргетасы бола алады деп сенеміз, бұл сыртқы саясат ведомствосының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Жаңа Келісім өзара іс-қимылдың көкжиектерін айтарлықтай кеңейтеді және Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастыққа арналған, оның ішінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) және Еуразиялық экономикалық одақ­қа қосылғандығын ескерсек, жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы орайда Келісімді жүзеге асы­ру халық­аралық ұйымдар шең­берінде, оның ішінде ЕАЭО аясында қабылданған қазақстандық міндет­терге қарама-қайшы келмейтінін атап өткен жөн. Еуроодақпен жаңа Келісім мұның алдындағы кезеңдерде қол жет­кізген жағымды үрдістерді жал­ғастыруға және шын мәнінде стратегиялық – тең құқылы және өзара тиімді – әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан мен Еуроодақтың жаңа тұрпаттағы озық өзара іс-қимылы мен тиімді жұмыс жүйесі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар қалай дамуы тиіс екендігінің жариялы үлгісі болады деп сенеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жақында Еуропалық Комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкермен кездесуінде жария еткендей, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім осы жылдың 1 мамырынан бастап уақытша қолданысқа енгізілетін болады. Уақытша қолданыс ауқы­мы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында өзара келісілді және Еуро­одақтың сәйкесінше дипломатиялық нотасында ресми бекітілді. Тарап­тар уақытша қолданыс тәртібін Келісімнің Еуроодақтың 28 мүше мемлекетінің ұлттық парламент­терінде ратификациялаудан өткенін күтпей, Еуропалық Комиссияның құзы­ретіне енетін бөлігін орындай беру мүмкіндігі болуы үшін енгізді. Уақытша қолданыс тәрті­бінде Келісімнің саяси бөлігі де, эко­номикалық бөлігі де іске қосылады. Кеңейтілген әріптестік және ын­тымақтастық туралы жаңа келісім күшіне енгенге дейін Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы уақытша қол­даныспен қамтылмаған құқықтық қатынастар 1995 жылдан бергі қолда­ныстағы ӘЫК-ге сәйкес реттелетін болады. Келісім күшіне енгеннен кейін 1995 жылдан бергі қолданыста болған ӘЫК-нің күші жойылады. ҚР мен ЕО арасындағы екіжақты қатынастарды орнатуда және дамытуда айтарлықтай рөл атқарған қолданыстағы ӘЫК-нің маңызын төмендетпестен, оның үлгілік келісім болғанын және оның көптеген ережелері моральдық тұрғыдан ескіргенін атап өткен жөн. Осыған орай, Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімде қарастырылған бірқатар қағидатты тұрғыдан маңызды тұстарға назар аудартқым келеді. Атап айтқанда, жаңа құжатта бұрын, яғни 1995 жылғы ӘЫК-де қарастырылмаған және Қазақстан мен Еуроодақтың өзара іс-қимы­лын белсенді дамытатын салалар бойынша ынтымақтастықтың құқықтық жаңа негіздері қаланды. Олар: ғарыш­тық қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы күш-жігер жұмсау, терроризмді қаржылан­дырумен күрес, терроризмге, ату қаруларына және жеңіл қарулануларға қарсы тұру, киберқылмыспен күрес, дербес деректерді қорғау, мем­лекеттік қызмет саласындағы ынты­мақ­тастық, азаматтық қорғаныс, климат­тың өзгеруі, денсаулық сақтау, мемлекеттік қаржыларды басқару, салық салу саласында ынтымақтасу. Жаңа Келісім Қазақстан мен Еу­роодақ арасында ынтымақ­тастықтың 15 саласы бойынша диалог орнатуды және соны нығайтуды қарастырады, атап айтқанда, тұрақты саяси диалог, сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша диалог, экономикалық диалог, тұрақты даму мәселелері бойынша диалог, жосықсыз салық тәжірибесінің алдын алу мақсатындағы диалог, халықаралық қауіпсіздік пен дағдарыстарды басқару мәселелері бойынша диалог. Қазақстан мен Еуроодақ адам құқықтары бо­йын­ша қолданыстағы үнқатысуды кеңей­туге, азаматтық қоғамның рөліне қатысты үнқатысуды нығайтуға, көлік мәселесі бойынша диалогқа, еңбекпен қамту саласында лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету мен саясат саласындағы диалогқа, инновация саласындағы саясат бойынша диалогқа, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеруге бағытталған шаралар туралы диалогқа, кеден ісі бойынша тұрақты диалогқа, санитарлық және фитосанитарлық мәселелер бойынша диалогқа келісті. Қазақстан мен Еуроодақ жаңа Келісімді өздері қамтитын кез келген сала бойынша жекеле­ген халықаралық шарттарды бекіту арқылы толықтыра алады. Тараптар өнеркәсіп саласында да жекелеген шарттарды бекіте алады. Қазақ­стан мен Еуроодақ автокөлік, темір­жол тасымалдары, ішкі су жол­дары бойынша тасымалдар және әуе тасымалы нарықтарына өзара қол­же­тімділік шарттарын реттей­тін нақты келісімдерді бекіте алады. Сондай-ақ, жаңа Келісім ынтымақ­тас­тықтың бірқатар саласы бойын­ша, оның ішінде халықаралық стан­дарттар негізінде реттеушілік жақын­дасуларды қарастырады. Осы маңызды мемлекетаралық құжатта бас бостандығы, қауіпсіздік және әділдік, сондай-ақ, ішкі қауіп­сіз­­дікті қамтамасыз ету үшін құқық қор­ғау органдарының өзара іс-қи­мыл­­дарын қамтамасыз ету мә­селе­леріне аса көп мән берілген. Та­рап­тар салалық экономикалық өзара іс-қи­мылды нығайтуға, сондай-ақ, гума­­ни­тарлық және әлеуметтік са­ла­­лар­да ынтымақтасты нығайтуға келісті. Ғылыми қолданыстағы экономиканы құру және оның әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша басым­дық­тарды ескере отырып, Қазақстан Еуроодақпен инновация және ғылыми ізденістер салаларында тығыз ынтымақтастық орнатуға мүдде­лі. Осыған орай, жаңа Келісім иннова­цияны дамытуды, Еуроодақ бағдар­ламаларына қолжетімділікті жеңілдетуді, бірлескен зерттеу және ин­новациялық жобалардың нәтиже­лерін коммерциялауға қолдау көрсе­туді ынталандыру бойынша тараптардың ынтымақтастығын тереңдетуді қарастырады. Сөзімді қорытындылай отырып, Еуроодақпен жаңа Келісім еуро­палық институттармен де, Еу­ропа мемлекеттерімен де барлық деңгейде әрі қарай ынтымақтасуды терең­детудің берік негізін қалайтындығын, сондай-ақ, Қазақстанның одан әрі саяси және экономикалық дамуының қозғаушы күші болатынын тағы да атап өткім келеді. Ерлан ЫДЫРЫСОВ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі