Қазақстанның халықаралық беделін нығайта түседі
Кеше Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) министрлері конференциясының жетінші сессиясы өтті. Осы конференцияның шеңберінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас ассамблеясының сессиясы өткізілді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру жөніндегі құрылтай сессиясына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысып, жиналғандар алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылтай сессиясына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Сессияға қатысушыларды ИЫҰ-ның Бас хатшысы Ияд Амин Мадани құттықтады. Ол өз сөзінде жаңадан құрылған бұл ұйымның азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін, экономикалық теңсіздік және әртүрлі тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыратындығын айтып өтті. Алдағы уақытта Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының оған мүше елдер арасындағы агроиндустриялық ынтымақтастықты дамытуға назар аударатындығын атап көрсетті. Жаңа құрылымның маңызды жақтарына жан-жақты тоқталды. Сөзінің соңында осы ұйымның құрылуына бастамашы болған және оның сессиясын өткізуге игі ықпал еткен Қазақстан тарапына ерекше алғыс сезімін жеткізді.
Үшінші болып сөз алған Ислам даму банкінің президенті Ахмад Мохамед Әли Әл-Мадани Ислам елдерінің құрылып отырған Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының штаб-пәтері Астанада ашылғандығын әбден орынды мәселе деп айтты.
Сонымен қатар, Қазақстанның азық-түлік өндіру жөнінде үлкен әлеуетке ие екендігін айтып, Ислам даму банкінің бұл елмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендігін жеткізді. Сессияға қатысушыларды ұйымның толыққанды құрылуымен құттықтады.
Осы ретте айта кетейік, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру бастамасын 2011 жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Екі жылдан кейін ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 30 сарапшысы Астана қаласында өткен үкіметаралық сарапшылық отырыста жарғылық құжаттың жобасын келісті.
Қазақстан азық-түлікпен қамтамасыз етуде жоғары әлеуетке ие. Соңғы 5 жыл ішінде ұн мен астық экспорты бойынша еліміз алдыңғы қатарды иеленіп келеді. Бұған қоса, республикада ауылшаруашылық өнімдері мен еңбек өнімділігін жоғарылату бойынша резервпен бірге табиғи ресурстардың қажетті көлемі бар. Ол шамамен 180 млн. гектар жайылымдық, 24 млн. гектар егістік жерді құрайды.
Сондықтан құрылған ұйымның штаб-пәтерінің Астана қаласында орналасуы кездейсоқ емес. АҚИҰ жұмысы мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіпсіздігін және биотехнологияны тиімді пайдалану аясында техникалық ноу-хау және озық тәжірибені таратуға көмектесетін болады.
Сессия барысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Ияд Амин Мадани журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Қазақстанның бұл ұйымға 1995 жылдан бері мүше болып келе жатқандығы, ұйым аясында белсенді жұмыстар жүргізіп, оның азық-түлік мәселесімен шұғылданатын жаңа құрылымның өмірге келуіне ықпал еткендігі аталып өтті. Асылжан Мамытбеков өз сөзінде Қазақстанның бұл бастамасын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының барлық мүшелерінің қолдағандығын, жаңа құрылымның жарғысы жасалып, ол мүше елдермен келісілгендігін айтып өтті. Осы ұйымды құру жөнінде 2013 жылы желтоқсан айында Гвинеяда өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының сыртқы істер министрлерінің сессиясында 19 ел қол қойса, қазіргі күні ұйым мүшелерінің саны 29 елге жетіп отырғандығын, осы Астанада өтіп жатқан сессия барысында бірнеше ел ұйымға мүше болып кіргендігін айтып өтті.
Жаңа ұйымның төрағалығына Қазақстан бірауыздан сайланды. Ұйымның тұрықты жұмыс істейтін хатшылығы құрылып, хатшылықтың бас директорына Қазақстанның өкілі Ержан Жалмұханов сайланғандығы айтылды.
Ал Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы өз сөзінде осы ұйымның Ыстанбұлда өткен саммитінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде ұйымның кезектен тыс саммитін өткізу жөнінде ұсыныс жасағандығын, бұл ұсыныстың ұйым мүшелері тарапынан бір ауыздан қолдау тапқандығын жеткізді.
Ислам елдерінің Азық-түлік ұйымының құрылтай конференциясы өткізілгеннен кейін, оның жұмыс сессиясы болып өтті. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде әлемде халық санының өсетіндігі болжанып отырғандығын, мұның өзі азық-түлік тапшылығының да айтарлықтай өсуіне алып келетіндігін айтты.
Әлемде халық санының өсуі жөніндегі болжамды ескере отырып, 2050 жылға қарай азық-түлікті қазіргі деңгейден 60 пайызға, ал дамушы елдерде қазіргі көлемнен екі есеге артық өндіру қажет болады. Бұл ретте халық өсімінің ең жоғары үлесі дамушы елдерге, оның ішінде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерге тиесілі.
Дегенмен, бұл ретте өзіндік қиыншылықтар да аз емес. Соның бірі ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін ұлғайту үшін тиісті резервтердің жоқтығы. Сарапшылардың бағалауы бойынша, егістікке жарамды жерлердің қолжетімді қорын адамзат әлдеқашан пайдаланып тауысқан.
Осыған байланысты, біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құруымыз қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру осы мәселедегі болашақ кооперацияның іргетасы болып табылады. Бұл біздің Президентіміздің бастамасы және оның мақсаты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі көптеген мәселелерді шешу болып табылады, – деді қазақстандық министр.
Осыған орай Асылжан Мамытбеков бүкіл әлемде ұзаққа созылған аштық пен тойып тамақтанбау проблемасын жою үшін ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін, Қазақстанның осы мәселеде белсенді рөл атқара алатындығын айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Қазақстанның бұл жөніндегі рөлін жоғары бағалап отыр. ФАО болжамына сәйкес 2015 жылға қарай аштыққа ұшырағандар үлесін екі есеге төмендетуге болады. Мұның өзі мыңжылдықтың дамуы мақсатына қол жеткізілетіндігін көрсетеді.
Министр Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі астықты өндіруші және экспорттаушы негізгі ел болып табылатындығын және осыған орай өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келе жатқандығын атап айтты. Қазақстанның ФАО-да орналасқан «Жиырмалық тобы» аясындағы Ауыл шаруашылығы нарықтары туралы ақпараттық қамтамасыз ету жүйесіне (АМИС) белсенді қатысып келе жатқандығына тоқталып өтті.
Біз соңғы 5 жыл бойы ұн мен астық экспорттау бойынша әлемде жетекші орында келеміз. Біздің табиғи ресурстарымыз – шамамен 24 млн. гектар егістік жер мен 66 млн. гектар жайылымдықты құрайды. Жалпы өнім көлемінің артуы соңғы 5 жылда 1,5 еседен асып, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 2,7 трлн. теңгені немесе шамамен 8,2 млрд. АҚШ долларын (бағам – 1$=330 теңге) құрады. Бұл алдыңғы жылдың деңгейінен 4,4 пайызға артық, деді Асылжан Мамытбеков.
Сонымен қатар, Қазақстанда органикалық өнім өндіру үшін қолайлы жағдай қалыптасқандығына, бұл ең алдымен жерді химиялау деңгейінің әуел бастан төмендігіне және жақын нарықтардың төлем қабілетінде көрініс тауып отырғандығына тоқталып өтті.
2012 жылы органикалық өндіріске 292 мың. гектар алаң пайдаланылды, 300 мың тонна органикалық ауылшаруашылық өнімі жиналып, оның 62,9 тоннасы экспортталды.
Органикалық өнім өндірумен Қазақстанда 53 кәсіпорын айналысады, оның ішінде 19 кәсіпорын халықаралық сертификаттау жүйесінде тіркелген. Аталған компаниялар Еуроодақ елдеріне тұрақты өнім экспорттаушылар болып табылады, олардың негізгі сатып алушылары – Германия, Франция, Австрия, Голландия, Польша, АҚШ елдері.
2015 жылдың соңында біз органикалық өнім өндіру туралы заң қабылдадық, ол осы жылдың ортасында күшіне енеді. Заң бізге халықты жоғары сапалы өніммен, ал өндірушілерді әділ бағамен қамтамасыз етуге септігін тигізетін органикалық өндірісті қолдау және реттеу жүйесін құруға мүмкіндік береді. Елімізде тамақ қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді, деді министр.
Мамытбековтің айтуынша, жүргізіліп жатқан ветеринариялық саясат нәтижесінде 2015 жылдың мамыр айында Халықаралық эпизоотиялық бюроға мүше елдер делегаттарының 83-ші Бас ассамблеясында (Франция, Париж қ., Халықаралық эпизоотиялық бюроның штаб-пәтері) Қазақстанның 9 облысы (Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары) бойынша вакцина қолданылмайтын аусылдан таза ел мәртебесін алды. Ол өз сөзінде басқа да мәселелерге тоқталып өтті.
Сессия барысында Қазақстанның су саласына Ислам даму банкінің 300 миллион доллар қаржысын тарту жөніндегі келісімге қол қойды. Осы келісімге байланысты еліміздің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев пен Ислам даму банкінің президенті Ахмад Мохамед Әли әл-Мадани журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, тиісті түсініктеме берді.
Ислам елдері Азық-түлік ұйымының Астанада өтіп жатқан сессиясынан бізің бір түйгеніміз, Қазақстан осы ұйымның құрылуы арқылы өзінің артық азық-түлік өнімдерін сыртқа экспорттауға қосымша мүмкіндіктер алатын болады. Сондай-ақ, бұл ұйым Ислам әлемінің бірлігіне қызмет ететіндіктен, Қазақстанның мұсылман мемлекеттері арасындағы беделі нығая түспек.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»