Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» аясында орындалып жатқан жұмыстар бойынша брифинг өтті.
БАҚ өкілдерімен кездесуге Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев, Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов пен Мәжіліс депутаты Артур Платонов келді. «Ашық үкімет» тақырыбы талқы болған басқосудың алғысөзін Мәулен Әшімбаев алды. Оның айтуына қарағанда, Ұлт Жоспарындағы баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде 94-қадамда белгіленген «Ашық үкіметті» енгізу. Ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды әзірлеу» бойынша өткен жылы қараша айында Мемлекет басшысы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға қол қойғанын атап айтты. Заңның мақсаты ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату жөніндегі әркімнің конституциялық құқығын іске асыру болып табылады. Сондай-ақ, аталған заң мемлекеттік органдарының қызметіндегі айқындық пен ашықтық деңгейінің артуына септесуі керек. Заң нормалары адамдарға мемлекеттік органдардың қызметі жөнінде көбірек ақпарат алуға мүмкіндік береді. Ақпараттың басым бөлігі ашық қолжетімділікте орналасуына байланысты көп жағдайда ақпарат иеленушілеріне жеке шағымданудың қажеті болмайды. Жылдың қорытындылары бойынша өткізілетін Парламент, мәслихат және мемлекеттік органдарының алқа отырыстарын онлайн режімінде көруге мүмкіндік пайда болады.
Сонымен қатар, заң бойынша ақпаратты жедел алудан бөлек, нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын, республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын талқылауда ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге, сондай-ақ, мемлекеттік органдарының қызметіне баға беруге мүмкіндік жасалады. Осы ретте оны іске асыру мақсатында «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы Жарлығы шықты.
Бүгінгі таңда қолданысқа еніп отырған заңның көптеген нормалары бар. Онда жеке және заңды тұлғалар үшін ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілуі керек деп айтылады. Қажет болған ақпараттар экономика, саясат, әлеуметтік мәселелер мен қауіпсіздік туралы болуы да мүмкін, яғни кез келген тақырыптағы ақпаратқа қолжетімділік көзделген. Бұл ретте мемлекеттік құпия деп саналмайтын деректер айтылып отыр. Мемлекеттік органдар осы ақпараттарға шектеу жасай алмайды. Заң аясында ақпаратпен қамтамасыз етудің механизмдері айқындалған. Ақпаратты қажет еткен тұлға оны сұрақ жіберу арқылы, мемлекеттік органдардың интернет ресурстары мен «Электронды үкіметтің» порталы арқылы және басқа да жолдармен ала алады.
«Электронды үкімет» веб-порталында азаматтар мен заңды тұлғалардың ақпарат алуға құқықтарын жүзеге асыру мақсатында «Ашық деректер», «Ашық НҚА», «Ашық бюджеттер» және «Мемлекеттік органдарының тиімділігін бағалау» сынды төрт интернет порталдан тұратын ортақ модуль құрылған. Әзірге «Ашық деректер», «Ашық НҚА» және «Ашық бюджеттер» порталдары іске қосылған. Ал «Мемлекеттік органдарының тиімділігін бағалау» интернет-порталы әзірлену сатысында, ол «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңға сәйкес 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылуы тиіс.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»