«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ.
Қазақстан мен Орталық Азияны ядролық қарусыз аймаққа айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан Елбасы – әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да өзіндік ой-пікірлерін ашық жеткізіп жүрген әлемдегі санаулы қайраткерлердің бірі. Еліміздің осы бағыттағы бірқатар бастамаларының жаһандық деңгейде қолдауға ие болуы Қазақстанға деген үлкен сенімді білдіреді. Біз осы және өзге де мәселелер жөнінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан ЕРТАЕВПЕН қысқаша сұхбат құрған едік. – Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің нақ қазіргі кезде жолдануы немен байланысты дей аламыз? – Қай жағынан келсек те, қазіргі ең басты мәселе бейбіт өмірді сақтаумен қабысып жатыр. Адамзаттың ядролық қарудан құтылуына күш салу басты міндет саналады. Осы орайда Қазақстан өз аумағындағы ядролық сынақ алаңын бірінші болып жапты. Сол үшін де дүниежүзі елдерінің бізге деген сенімі артты. Егер тарихқа көз жүгіртсек, 1945 жылы тамыз айында Америка Құрама Штаттары Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына плутоний бомбаларын тастады. Соның салдарынан мыңдаған адам қырылып, жапон халқы осы күнге дейін зардап шегіп келеді. Ал 1949 жылғы 29 тамызда ең алғашқы Кеңес Одағының атом бомбасы Семей түбінде жарылған болатын... Осы жарылыстардың салдарынан Қазақстанның бірнеше аймағының тұрғындары әртүрлі ауруларға шалдығып, әлі күнге дейін зардабын тартып келеді. Алғашқы жарылыстан кейін араға 40 жыл салып нақ сол 29 тамызда (1991 жылы) Семей полигонына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен соңғы нүкте қойылды. Бұл жолы да Елбасы әлемге үндеу тастап, ядролық қарудың қаншалықты зардапты екендігін ескертіп, бұл мәселеде бірлесе әрекет етуге шақырып отыр. Қазіргі кезде әлемде лаңкестік әрекеттер саны артып келеді. Бұл, тіпті, ядролық терроризмге алып келуі де ғажап емес. Ядролық қарудың лаңкестердің қолына өтіп кетпеуіне ешкім де кепілдік бере алмайтын заман туды. Елбасы манифесінде ядролық жарылыстардың зардабын тартқан қазақ халқының ішкі жанайқайы жатыр. Өйткені, бейбіт өмірді бұзуға онша көп уақыт та кетпейді. Алып деп жүрген Жер шарымыз, былайша қарасаң, кішкентай ғана доп сияқты. Сол өзімен өзі айналып тұрған планетамызды бір демде құртып алуымыз әбден мүмкін. – Иә, сөзіңіздің жаны бар. Дей тұрғанмен, сонда адамзат не істеуі керек деп ойлайсыз? – Адамзатқа ядролық қарудан гөрі қаржының көп бөлігін ғылымға жұмсаған тиімді болар еді. Адамды жоюға арналған қару-жарақтарды шығарумен біз мәселені шешпейміз. Әлемде орын алып жатқан қақтығыстарды неге әлі күнге дейін тоқтата алмай келе жатқандығымыз соның дәлелі бола алады. Егер қаржының басым бөлігін ғылымға бағыттап, жаңалықтарды көбірек аша бастасақ, онда мұндай сойқан соғыстар орын алмас еді. Елбасының манифесі де осы бейбіт өмірді орнатуға бағытталған және ол әлем елдері тарапынан оң бағаланып отыр. – Әлемдік қоғамдастық тарапынан еліміз бастамалары үнемі қолдауға ие екенін көріп жүрміз. Алайда, толық бағасын ала алмай келе жатқан сияқты ма, қалай? Сіз осыған не дейсіз? – Иә, бұл бағытта Қазақстан тарапынан әрдайым көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитке дейін де Елбасы бастамасымен елімізде бірнеше рет ядролық тақырыптарға арналған халықаралық ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер болып өткен-ді. Манифест соның барлығын қорытындылаған басты құжат болғаны анық. Сөз орайында айта кетейін, «Резерв сарбаздары» деген ұйым бар. Оған көптеген мемлекет мүше. Венада өткен сол ұйымның бір отырысында 28 халықтың атынан «Рыцарь мира №1» деген орден тағайындайтын болып келісілді. Соны қай президентке ұсынамыз деген үлкен тартысты пікірсайыс басталды да кетті. Содан не керек, жарыссөзге түсу үшін ырымдап түймешені жетінші болып бастым. Орнымнан тұрған бетте былай дедім: «Қай президент Н.Назарбаев сияқты әлемді күрсінткен Семей полигонындай ядролық сынақ алаңын жауып және барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, үлкен ерлік көрсетті? Бұл қазақ халқының бабаларынан келе жатқан бейбітшілікті сүю дәстүрімен астасып жатқан жоқ па?!». Бір сәт тына қалған көпшілік сөзімді аяқтамай жатып ду қол шапалақтап, мені қолдай жөнелді. Сол мезет барлық ел өкілдері өз қолдарын көтеріп, «Рыцарь мира №1» деген орденді Н.Ә.Назарбаевқа беру туралы менің ұсынысымды қолдап, қаулыға қол қойды. – Содан... – Содан мен барлығын Астанаға шақырдым. Келген мәртебелі меймандардың арасында қазір марқұм болған Малайзияның бұрынғы қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Хамид Ибрагимнің «Бейжің Палас» ғимаратының төбесінде тұрып айтқаны әлі жадымда: «Сіздердің елдеріңізден өзімізге таныс көптеген белгілерді көріп тұрмын. Осындай ұтымды шешімдер қабылдаған Президенттеріңізге бас иемін. Иә, әріптесімнің сол бір сөзімен келісемін. Елбасының өлшеусіз үлесі әлі де толық бағаланбай келе жатыр деп білемін. Жалпы, Тәуелсіздік сарайында орденді тапсыру сәтінде 28 ел өкілдері Президентіміз туралы жақсы лебіздер білдірді. Сонымен бірге, Астананы көріп, қазақ халқының бейбітшілікті қасиет тұтатын халық екендігі туралы риясыз көңілдерін де жеткізіп жатты. – Манифестің БҰҰ-ның ресми құжаты деңгейіне көтерілуі еліміз үшін үлкен абырой екені даусыз. Сіз нендей пікір қосар едіңіз? – Елбасы біздің бейбіт өмірді қалап отырған жұрт екенімізді және қаһарман халық ұрпағы болып табылатынымызды бүкіл әлемге паш етіп келеді. Сондықтан, бұл манифесті әлемнің тыныштығын, адамзат болашағының жарқын болуын ойлаған Ердің үндеуі деп қабылдаған жөн. Ұлы елдің перзенті көтерген үндеуді бүкіл әлем болып қолдап жатыр. Оның үстіне, жүздеген этнос өкілдерінің тату-тәтті тірлігін қамтамасыз етіп келе жатқан бейбітсүйгіш саясат ұстанатын Қазақстанды әлем танып қалды. Еліміздің бейбіт өмір сүруге деген арманын манифест арқылы жеткізіп отырмыз деп білемін. Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше